«ІV жазғы Азия параойындар 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Жалпы, спортшылар 22 спорт түрінен 564 жүлдені сарапқа салады. Ал біздің параспортшылар 14 спорт түрінен 131 отандасымыз бақ сынайды. Спорт түрлеріне келсек, парадзюдо, парапауэрлифтинг, паражүзу, параканоэ, паражеңіл атлетика, паратаеквондо, параоқ ату, парасадақ ату, отырып ойнау волейболы, параүстел теннисі, паравелоспорт, параакадемиялық есу, шахмат, бочча спорт түрлері болады», деді С.Құранбек.
Спикердің айтуынша, Азия параойындар кешенді жарыс болғандықтан жауапкершілік жоғары. Өйткені Азия параойындарда рейтинг үшін ұпайлар жиналады. Сондай-ақ келесі жылдың маусым айына дейін өтетін халықаралық бәсекелерде Париж паралимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.
«Осы күнге дейін ұлттық құрама Азия параойындарға дайындықты пысықтау мақсатында 14 спорт түрі бойынша 40-тан аса оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жиын барысында спортшылар қажет витаминдермен қамтамасыз етіліп, бапкерлермен қоса арнайы киім-кешектер және құрал-жабдықпен қамтылды», дейді ол.
Еске сала кетейік, 13 қазанда Алматы қаласында ел Ұлттық құрама командасын IV Азия параойындарға ресми шығарып салу салтанатты рәсімі болды. Ұлттық құрамасы 2010 жылдан бері Азияның параойындарға төртінші рет қатысып отыр. Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын ақшалай ынталандыру мақсатында құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың доллар қарастырылып отыр. Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5 мың доллар, ал жаттықтырушысы 3 мың доллар көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың доллар, ал оның жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.
Спикердің айтуынша, жарысқа Азияның 43 елінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 22 түрінен жалпы саны 564 медаль (паралимпиадалық спорт түрінен – 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын сарапқа салады. Азия параойындарды Азияның Паралимпиада комитеті реттейді. Азия параойындарға дейін FESPIC (Мүгедектерге арналған Қиыр Шығыс және Тынық мұхиты ойындары) деп аталатын қауым болған. Олар 1975 жылдан 2006 жылға дейін жұмыс істеді. Ал Азия параойындардың тарихы 2010 жылдан басталды.
Азия параойындарды бірінші қабылдаушы ел – Қытай, одан кейін Оңтүстік Корея. Соңғы ойындар Индонезияның Джакарта қаласында 2018 жылы өтті. Азия параойындарға қатысушылар тек жазғы спорт түрлерінен бақ сынайды.
Ойындардың ашылуы мен жабылуы салтанатында еліміздің туын ұстаушылар – волейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері параспортшымыз Жанғали Сүйеуов және параүстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы.