Бұл турнирдің ерекшелігі қатысушылар жас ерекшелігіне қарай бөлінбейді екен. Іріктеуден өткен кез келген ойыншы турнирде бағын сынайды.
– Шахмат – қарапайым ғана спорт түрі емес, бұл ұлттың зияткерлік деңгейін көтеретін үлкен құрал. Кейінгі жылдары шахматшыларымыз халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Дегенмен біз еліміздің алыс аудандары мен өңірлеріне де көңіл бөлгіміз келеді. Осы қозғалыс жолында қоғам мен билік өкілдерінің атсалысқанын қалаймыз, – дейді республикалық шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Жезқазғанда өткен турнирде 8-сынып оқушысы Сәлімжан Сақбаев – 3-орын, құтқару саласының қызметкері Алмас Сармұрзаев 2-орынды иеленді. Ал 10 жасар Мақсат Байсалбеков бәрінен де озық шықты. Бұлардың үшеуі де Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.
– Кейінгі шахмат байқауларына Ұлытау өңірінен 100-ден аса ойыншы қатысып жүр. Ішінде 5-6 жаттықтырушы бар. Облыс ретінде енді-енді дамып келе жатқандықтан, әлі де арамыздан жаңа шахматшылар мен республикалық, халықаралық деңгейде жарқырайтын жұлдыздар шығады. «Шахмат керуені» жобасының өлкемізге келуі жаңа серпін береді деп сенемін, – дейді федерацияның Ұлытау облысы бойынша атқарушы директоры Бағдат Байсалбеков.
Салтанатты іс-шара барысында республикалық шахмат федерациясының облыстық филиалы құрылып, оның төрағасы болып Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков сайланды.
Ұлытау облысы