«Фестивальды ұйымдастырудағы мақсат – халықтық қолөнерді, салт-дәстүр, мәдениетімізді насихаттай отырып, жас ұрпақтың бойына сіңіру және дәріптеу. Оған қоса, облыс орталығы Қонаев қаласындағы мәдени іс-шаралардың жандануына атсалысу. Бүгінгі фестивальда зергерлік өнер, қыштан құмыра жасау, киіз басу, кесте тоқу сынды қолөнер түрлерімен танысуға болады. Шараға Шымкенттен зергерлік өнердің хас шебері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әшірбек Желдібаев бастап, Астана қаласынан Берік Әлібайұлы, Жетісу облысынан Есжан Ахметов, Алматы облысынан ұлттық нақышта аяқкиім тігудің шебері Әсел Өмірбекова, тізбелей берсек әр өңірдің кең танылған қолөнер майталмандары қатысуда», деген фестивальды ұйымдастырушы, Қазақстанға белгілі қолөнер шебері Дәулет Дәркембайұлы осындай іс-шаралар арқылы қолөнер шеберлерінің ісін ілгерілетіп, кәсібін кеңейтуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп қалар деген үміті барын айтып қалды.
«Бұрындары «Атакәсіп» деген арнайы бағдарлама болған еді, қазір ол жұмыс істемейді. Ал осы шеберлердің арасында отандық өнім шығаратын елімізге ғана емес, әлемге әйгілі азаматтар бар. Бірақ оларға мемлекет тарапынан қолдау кемшін», деген пікірін білдірді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қыш құмыралары, зергерлік бұйымдары, ағаш, табиғи тері мен тоқыма, киіз өнімдерінен жасалған заттары қойылған көрме жұмысы қыза түсті.
Шеберлердің қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытқан тұрғындар өздеріне қажетті заттарын сатып алып, қуанышқа кенелді. Әсіресе Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылынан келген «Қадам kz» брендінің негізін қалаушы Әсел Болатқызының таза теріден тігілген ұлттық нақыштағы аяқкиімдері көп назарын аудартты. Ол таза былғарыдан әйелдер мен ерлерге, балаларға арналған аяқкиімдер тігумен тұрақты түрде айналысып келеді.
«2015 жылы өз өнімдерімізді шығара бастадық. Бұған дейін шетелдік көрмелерге де қатыстым. Біз жасаған аяқкиімдерді сингапурлықтар, жапондықтар, қытайлар, италиялықтар киіп жүр. Әлемге аты әйгілі Димаш Құдайбергеннің де жеке тапсырысын орындадық», деген отандық аяқкиім тігудің шебері қазір нарықта ұлттық нақыштағы киім-кешекке сұраныс артып отырғанын алға тартты.
«Біздің мақсат – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қазақы оюмен өрнектелген аяқкиімдерді күнделікті қолданысқа енгізу. Ол үшін аяқкиімдердің бағасын қолжетімді еттік, 6 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін бағаланады. Қазір ұжымда 5 маман бар. Тағы да үйренемін, осы саланы меңгеремін деушілер болса, есігіміз әрдайым ашық. Біздің өнімдер Алматыдағы базарларда, онлайн сауда орталықтарына қойылған. Халық арасынан сұраныс жылдан-жылға артып келеді», деді Әсел Болатқызы.
Ұлттық аяқкиім тігу шеберінің бұл ойын астаналық зергер Берік Сәтінбекұлы да құптай кетті.
«Ұлттық өнеріміздің кенжелеп қалған кездері болды. Соған қарамастан, атамұрамыздан қол үзбедік. Мені атам, әкем зергерлікке бала жасымнан баулыды. Қазір балаларым да зергерлікпен айналысады. Расында да, отандық өнімге сұраныс өте жоғары. Сондықтан еліміздің бас қаласынан жеке музейімді де аштым. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылып, қазақы мәдениет, салт-сана, әдет-ғұрпымыз насихатталып жатса нұр үстіне нұр», дейді шебер.
Шеберліктің биік шыңына еселі еңбекпен ғана шығуға болатындығын паш еткен қолөнер шеберлерінің фестиваліне келген қала жұртшылығы мен жастар ұсталықтың, қыштан құмыра жасаудың, жүн иіріп, тоқыма тоқудың, кесте тігудің әдіс-тәсілдеріне көз жүгіртіп қана қоймай, шеберлік дәрістерін де тамашалады.
Алматы облысы