Қоғам • 19 Қазан, 2023

Орта жастан асқанда жұмыс табу оңай ма?

287 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кейде орта жасқа келгенде тәжірибелі мамандар да әлеуметтік, денсаулық, отбасылық жағдайына байланысты жұмысынан айырылып қалып жатады. Өкінішке қарай, өмірінің бел ортасынан асқанда өз кәсібінен қол үзіп қалатындардың, тіпті зейнетке шығып кеткендердің арасында да мықты қызметкерлер аз емес. Көп жағдайда қолдау болмаса, оларға қайта жұмыс табу немесе өз кәсібіне оралу оңайға соқпайды.

Орта жастан асқанда жұмыс табу оңай ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мысалы, көтеріп отырған мәселеге орайлас, Алматыда ұдайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, жас­тар­дың жұмысқа орналасқаны туралы ақпараттар алып жатамыз. Ал орта жас­тан асқан адамдар мен әлі де қызмет атқарамын дейтін зейнеттегі мамандарды қалай жұмыспен қамтуға болады?

Осы арада алдымен Алматыда биыл жыл басынан бері бос орындардың 26 жәрмеңкесі өткізіліп, оған 10 553 бос жұмыс орны бар қаланың 1 298 кәсіпорны мен мекемесі және 27 182 адам қатысқанын айта кету керек. Нәтижесінде, 500-дей жұмыссыз жұмыс та­уып, 200-ге жуық адам кәсіптік оқытуға жіберілген.

Дегенмен жасы қырықтан асқан, елуді еңсерген, яки болмаса алпысты алқымдаған адамдарды жүз жерден жақсы маман болса да, кез келген мекеме жұмысқа қабылдай салмайтыны белгілі. Шешім қабылдайтын басшылар да орта жастан асқандарды өз ұжымына қосуға асықпайды, тіпті жақтырмайды десек те болады. Есесіне бұл адамдардың өз артықшылықтары бар екенін де ұмытпаған жөн. Біріншіден, орта жастан асқандардың балалары есейіп кеткендіктен, жұмысымен алаңсыз айналысуына еш кедергі жоқ. Екіншіден, жұмыссыз қалғанға дейін өз мамандығымен шындап айналысқан болса, сөзсіз – тәжірибелі. Үшіншіден, ақыл тоқтатқан жастағы маман байсалды шешімдер қабылдайды. Ал уақытпен, жылдармен келетін ақыл мен тәжірибенің қара күштен артық екені тағы аян.

Сонымен мың тағдырлы мегаполисте жастарды ғана емес, зейнет жасына жетпегендерді жұмыспен қамту мәселесіне қайта оралатын болсақ, Алматы қалалық Мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев біраз мәліметпен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда елде Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу жүріп жатқаны белгілі. Сондықтан өз міндетіне сай Мансап орталығы жас­тарды ғана емес, 50 жастан асқандарды да жұмысқа орналастыруға ерекше мән беретін көрінеді.

Ә.Жаңабаев бүгінгі таңда жастар тәжірибесі бағдарламасы өзекті, яғни алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының жұмыссыз түлектері жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі екенін айтады. Жолдаманы жаңа игерген маман­дығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, бес жыл ішінде оқуын аяқтаған 35 жас­қа дейінгі жастар ала алады. Жалақы 12 айдан аспайтын мерзімге 40 айлық есеп­тік көрсеткішті – 138 мың теңгені құрай­ды.

Сондай-ақ спикер 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық бел­сенділігін арттыруға бағытталған «Күміс жас» жобасы іске асырылып жатқанын атады. Осы санаттағы азаматтар ұйымнан 36 айдан аспайтын мерзімде жолдама алуға мүмкіндігі бар. Жалақы ішінара субсидияланады, яғни жұмыс беруші мен мемлекет жалақыны белгілейді. Нақтырақ айтқанда, жұмысқа тұрған жылы (1 айдан 12 айға дейін) – белгіленген жалақы мөлшерінің 70%-ын төлейді, бірақ ол 30 АЕК-тен (103 500 теңге) аспайды. Ал жұмыстың екінші жылында – жалақының белгіленген мөлшерінің 65%-ын төлейді, бірақ 30 АЕК-тен (103 500 теңге) аспайды. Үшінші жылы (25 айдан 36 айға дейін) – жалақының белгіленген мөлшерінің 60%-ын төлейді, бірақ 30 АЕК-тен (103 500 теңге) аспайды.

Бір атап өтерлігі, спикер жұмыс­сыз­­дық мәселесіне қатысты жаппай кәсіп­керлікті дамыту аясында 21-35 жас ара­лығындағыларға шағын несие беру бағ­дарламасы қарастырылғанын еске сала кетті. Қарыз 5 млн теңгеге дейін, 5 жыл­ға дейінгі мерзімге, жылдық 2,5%-бен беріледі.

«Бұл несиеге қол жеткізудің бас­ты­ шар­ты – кепілдік ретінде қоятын мүлік­тің болуы. Кепілдік ретінде республика­ ау­ма­ғында орналасқан жылжымалы (маман­дандырылған техника) немесе жыл­жымайтын мүлік қабылданады. Кепіл­дікке қоятын дүниесі болмаған жағ­дайда кепілдік қоюшы ретінде жақын­дарын (ата-аналары, туыстары­ жә­не т.б.) тартуға болады», дейді Ә.Жаңа­баев.

Алайда мұндай шағын несиелерді тұрғын үй сатып алу, құрылыс немесе жылжымайтын мүлікті жөндеу (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) жер учаскелерін сатып алу (кез келген нысаналы мақсатпен), бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвес­тициялар), ойын бизнесін ұйымдастыру және дамыту, темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алу, кредиторлық берешекті өтеу, бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсаттар үшін ала алмайсыз.

«Микрокредит беру туралы шешімді Алматы қаласы әкімдігінің жанынан­ құрылған комиссия қабылдайды. Ко­мис­сия құрамында мәслихат депутат­тары, мемлекеттік органдардың, «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасының, бизнес-қауым­дастық, бұқаралық ақпарат құрал­да­ры­ның өкілдері бар. Үміткерлер алдымен комиссия отырысында өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады, олар өз кезегінде бизнес-жобаларды бағалап және олардың ішінен неғұрлым басымдығы жоғарысын таңдап алады», дейді Мансап орталығының басшысы.

Әлбетте, несие алудан үмітті жобаның өзекті, дәлелді, экономикаға негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең әрі нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс. Өтінімдерді қабылдауды «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы жүргізіп отыр. Осы уақытқа дейін комиссия 139 жобаны қарап, 113 жобаны мақұлдап, 62-сін қаржыландыруға шешім шығарған.

Сондай-ақ тақырыпқа орайлас тағы бір мәліметті алға тарта кетуге болады. Мәселен, Еңбек мобильділігі орталығы деген де бар. Осы Еңбек мобильділігі орталығы және Алматының Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп жатады.

Алматы қалалық Еңбек мобильділігі орта­­лығының жұмыс берушілерді қол­дау бөлімінің басшысы Алтынай Жү­ке­нова: «Бос орындар жәрмеңкесін өткізу – жастарды, өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ғандарды, жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация бақылау қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамтуды көздейді. Бір жағынан жәрмеңке өткізу – компания өкілдеріне өз кәсіпорындарының артықшылықтарымен таныстыруға мүмкіндік береді, ал жұмыс іздеушілер де қысқа мерзімде персоналды таңдауға мүдделі жұмыс берушілермен сөйлесіп, қызықтырған бос орындарды таңдап, таңдалған бос орынға өту үшін әңгімелесуден өте алады», дейді.

Біз мақала басында Алматыда жыл басынан бері барлығы бос орындар­дың 26 жәрмеңкесі өткізілгенін атап өткенбіз. Жұмыссыз жүргендерге септесу үшін бұл жәрмеңкелер жалғаса береді. Ең бастысы, жұмыс істеймін деген ынта қажет.

«Бір ай бұрын Алматыда жалпы­қала­лық жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеге 160-қа­ жуық жұмыс беруші қатысты, олар өнеркәсіпте, өндірісте, сауда желілерінде, қоғамдық тамақтандыру, медицинада, фармацевтикада, білім беруде 2 500-ден аса бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге жұмыс іздеген 5 мыңнан аса адам қатысып, кеңес алды. Оның ішінде 1 мыңнан аса ізденуші жұмысқа орналасуға жолдама алды, 230 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына ілікті», дейді спикер.

Қорыта айтқанда, «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, шындап екі қолына бір жұмыс іздеген адам өз кәсібі бо­йынша тәжірибе байытқан маманның мегаполисте жұмыссыз қалуы неғайбіл. Мәселен, қолақпандай дипломың, керемет тәжірибең жоқ болғанымен, жұмыс істеймін деген адамға айналысатын бір іс табылады. Оның айғағы, үнемі үй, пәтер тазалайтын клинингтік компаниялар – ұқыпты жандарды, балабақшалар – тәрбиешілерді, құрылыс компаниялары – өз ісінің білгірлерін, мейрамханалар – даяшыларын, сұлулық салондары – шаштараз, визажист, маникюр, педикюрды мінсіз жасайтындарды іздеп жатқаны. Бақуатты жандар жақсы жалақыға бағ­бан­дар мен үй күтушілерін таба алмай жүр­гені. Ал біз бен сіз білмейтін кәсіптің бас­қа да қаншама жаңа түрі бар?! Оған қоса заманға сай бұрын болмаған мамандықтар мен қызмет түрлері пайда болып отыр. Дегенмен осының бәріне қарамастан өз мамандығыңыз бойынша қаншама рет жұмыс іздеп, кедергілерге тап болып, мәселе туындап жатса, онда Алматы қалалық Мансап орталығына, яғни «Әлеуметтік қызметтер үйіне» хабарласуға болады. Сол сияқты Алматы қаласының 8 ауданында орталық мамандары азаматтарды қабылдап кеңес береді. Осындайда әрекетте берекет барын қаперде ұстаған абзал.

 

АЛМАТЫ