Инвестиция • 19 Қазан, 2023

«Халықтық IPO»: инвестициялау кезеңі

199 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын жария түрде алғаш рет еліміздегі компаниялардың акцияларын биржада сатылымға шығару жөнінде «Халықтық IPO» жобасы іске қосылған еді. Аталған жоба аясында ірі компаниялар мен біраз қалталы азаматтар ақша аудару арқылы инвестициясын ұлғайтқан болатын.

«Халықтық IPO»: инвестициялау кезеңі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қосымша акцияларын сатылымға шығарды

Сонымен өткен айдың соңына таман елі­міз­дің қор нарығында SPO форматы бойынша «KEGOC» АҚ акциясын сатылымға шығару жө­нінде ұсыныс жарияланды. Қайталама ұсы­ныс­тың бір бөлігі ретінде компания инвес­тор­ларға 15 миллионнан астам акциясын (не­месе жалпы санның 5%) сатпақшы. BCC Invest инвестициялық банкінің сарапшылары бағалы қағаздардың өсім әлеуетін қарастырып, SPO-ға қатысуға өз ұсыныстарын берген еді. Бұрындары биржадан шығып кеткен «KEGOC» АҚ – Қазақстанның барлық негізгі электр желі­ле­рін иелік етіп отырған ұлттық оператор, қа­зіргі таңда қосымша акцияларын қайтадан са­ты­лымға шығарды.

Компания алғаш рет IPO-ға (бастапқы орналастыру) 2014 жылы қатысқан болатын. Содан бері акция бағасы 3 есеге өсіп, осы кезең­де төленген дивидендтердің жалпы сомасы 218 млрд теңгені құраған. Негізі акционері «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылатын ком­панияның ұсынып отырған SPO форматы мем­лекеттік активтерді жекешелендіру мен компанияның бағалы қағаздарын қор нарығына шығаруға әрекет ету. Осы орайда кәсіпорынның жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан былай дейді. «KEGOC» АҚ SPO – осы бағыттағы басым қадамдардың бірі. Ол компанияның қаржылық жағдайын нығайтып, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда және ашықтықты жариялауға мүмкіндік берер еді. Жиналған қаражат елі­міз­дің Бірыңғай электр жүйесі Оңтүстік ай­ма­ғының желілерін қалыптастырып, ірі ин­вес­тициялық жобаға жататын Шу-Жамбыл-Шым­кент екі 500 кВ желісінің және үш 500 кВ қо­сал­қы стансасының құрылысын іске асыруға бағыт­та­латын болады», дейді.

 

SPO-ға қалай қатысуға болады?

«KEGOC» АҚ акцияларын сатып алуға өтінімдер 16 қазанда басталып, 2 қарашаға дейін жалғасады. Акцияларды кез келген адам сатып ала алады. Ол үшін BCC Trade мобильді қосымшасын (App Store және Google Play дүкендерінде қолжетімді) жүктеп алу, онлайн брокерлік шот ашу, оны қаржыландыру және акцияларды сатып алуға өтінім беруге болады.

«Аталған қолданбаны негізгі экранда SPO_KEGC түймесін басып, сатып алуға болатын бағалы қағаздардың санын көрсетіп барып «SMS-ке қол қою» түймесін басу арқылы жүргізіледі. BCC Trade қолданбасын жүктеп алмас бұрын, eGov ұялы телефонда болуы керек. Ол қосымшада брокерлік шотты ашу туралы бұйрыққа қол қою үшін қажет болады. Банктің шот ашып, өтінім бергені үшін комиссия ұсталмайды. Инвестицияның ең аз мөлшері компанияның бір акциясының құнына тең», деп түсіндіреді мамандар.

Аталған компанияның акцияларын орналас­тыру бағасы SPO кезінде 1 482 теңгені құрайды.Егер инвестордың портфелінде 28 қыркүйекке дейін сатып алынған «KEGOC» АҚ акциялары (17 акциядан астам) болса, онда ол бірінші бас тарту құқығын пайдалана алады. Бұл құқықты жүзеге асыру мерзімі 28 қыркүйек пен 27 қазан айларын қоса алғанда 30 күнге созылады. 2 қарашада тапсырыстар кітапшасы жабылып, 9 қарашада KASE және AIX биржаларында өтінімдер бойынша есеп айырысулар өтеді. AIX жөнінде қайталама сауда 10 қарашада бас­талады.

 

Болжамдар мен келешегі

BCC Invest сарапшылары компанияның SPO-дан кейінгі даму әлеуетін айтарлықтай оң бағалап, акция бағасының +21,2%-ға (1 796 теңгеге дейін) өсуін болжайды.

Бұл тұжырымға инвестициялық тартым­ды­лық­тың бірнеше негізгі факторлары бар.

Біріншіден, «KEGOC» АҚ – Қазақстандағы барлық магистралдық желіге иелік ететін монополист, онсыз еліміздің электр энергетикасы толық жұмыс істей алмайды.

Екіншіден, бұл компанияның құнындағы жаңа нормативтік өзгерістерге байланысты өсімнің айтарлықтай әлеуеті ескерілген.

Биылғы шілдеден бастап электр энергиясын ұлттық электр желісі арқылы беру, ұлт­тық электр желісін пайдалану, желіге жет­кізуді техникалық диспетчерлеу, электр энергия­сын тұтыну, электр энергиясын өндіруді тең­ге­рім­деуді ұйымдастыру және электр энергиясын тұтыну жөніндегі реттеліп көрсетілетін қыз­мет­терге жаңа тарифтер мен тарифтік сметалар белгіленді. Содан бері нарыққа Бірыңғай электр энергиясын сатып алушы механизмі ен­гі­зілген еді.Алдағы уақытта Энергетика ми­нистрлігіне қарасты Жаңартылған энергия көздерін қолдаудың есеп айырысу-қаржы орталығы жүргізетін болады. Бұған сарапшылар халық санының артуына орай, электр энергиясы нарығының өсуіне, электромобильдердің танымалдылығына және тұрмыстық электр құрылғылары санының көбеюімен байланыс­тырып, «KEGOC» АҚ акциялары бағасының өсімін болжайды.

Аталған кәсіпорын биылғы жылдың бірінші жарты­жылдығындағы таза пайдасы өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 млрд тең­­геге немесе 64%-ға артып, 23 млрд теңгені құ­ра­ған.

Бұл өсім операциялық пайданың жылдық 47% болғаны, елдегі сатып алушылар (+9%), Ресей (+17%) мен қырғыз сатып алушыларынан түскен табыстың артуымен байланыстырады. Ұсы­нылған қызметтердің құны іс жүзінде өзге­ріс­сіз қалып, нәтижесінде негізгі қызметтен түскен кіріс 114 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жыл­­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға ұл­ғайған көрінеді.

Компанияның стратегиялық өсу жағ­да­йын­да тұрақты дивидендтік саясаты бар – ол 2014 жылдан бері нарықта сауда жасап, содан бері жылына екі рет дивидендтер төлеп келеді.

«Бастапқы орналастырудан бері акциялар 300%-ға өскенің, біз KEGOC-тің одан әрі ұлғаю перспективаларын көріп отырмыз. Ұлт­­тық электр желісін пайдалану бойынша жаңа қыз­меттерді енгізу, нормативтік-құқық­тық өзге­­рістер мен еліміздің БЭЖ Оңтүстік айма­ғы­ның желілерін нығайтуға бағытталған инвестициялар компанияның оң қаржылық және опе­рациялық көрсеткіштерінің алғы­шарт­тары болады. Нәтижесінде, біз сатып алу ұсынысымен акцияның өсу әлеуетін SPO баға­сынан +21,2% деңгейінде бағаладық», деп түсіндіреді BCC Invest инвестициялық банкінің сарапшылары.