Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев
Әрине, адам неге қабілетті сол бағытта өнерін шыңдаса, өмірлік азық болары даусыз. Біз кәсіп иесінің шаңырағына барғанда осы ойдың шырмауына түстік. Әуелді мемлекеттік қызметкер болуға бекінген Айболат ақырындап бұл жұмыстың орайына келмейтінін аңдайды. Оқып алған дипломын сандыққа салып, жеке кәсіпкер болуға бекінеді. Ағаш оюды, жонуды бала күнінен серік еткен кейіпкеріміз көп ойланбай әке ақылымен жиһаз өндіретін шағын цехтің іргесін қалайды. Көп ұзамай өндірістің толық циклін жолға қойды. Сөйтіп, жас кәсіпкерлерге жігер берер мемлекеттік бастамаларға иек сүйеп, керек-жарағын түгендейді. «Даму» қоры арқылы несие алып, әкесінің бастаған бизнесін кеңейтуге ниет еткен жас кәсіпкердің бастамасы нәтижелі болды. Ол сонымен қатар өз қаражатына құны 18 млн теңгеге жуықтайтын заманауи станоктар сатып алады.
Алматыда жоғары оқу орнын бітірген экономист-менеджер Айболат Махай жиһаз жасаумен айналысқан әкесінің ісін жалғастырсам деп шешті. Бүгінде Айболат Махайдың бизнесін табысты әрі тұрақты деуге болады. Кәсіпорын жұмыс істеген 10 жылдан астам уақыт ішінде жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасында тұрақты тұтынушылары қалыптасты. Тұрақты еңбек ұжымы құрылды, тәжірибелі шеберлер келген жас мамандарды оқытып, үйретудің арқасында қатарларын толықтырды. Балпық би ауылындағы «Айболат» ЖШС жиһаз цехы – қазір өңірдегі ең ірі цехтардың бірі. Айына кемінде 10 тапсырысты орындайды.
«Компьютермен басқарылатын арнайы қытайлық машиналар сатып алудың арқасында қазір шеберханадағы қол еңбегі 50 пайызға азайды. Бізде осындай 4 құрылғы бар, олардың құны 2,5 мен 8 млн теңгенің аралығында. Осы құрылғылардың көмегімен кесеміз, тегістейміз, пленкамен қаптаймыз, өрнектер саламыз. Бояу жұмыстары қолмен атқарылады. Құрылғылардың ең жаңаларының бірі – биыл сатып алған триммер. Қалғандарын 2013, 2015 жылдары сатып алдық. «Даму» қоры арқылы 7 жылға 14 пайыз несие алдым, оның 7 пайызын өзім төлеймін, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Бұл едәуір қолдау болды. Бүгін біз шкафтардың барлық түрін, сондай-ақ ішкі есіктер шығарамыз. Өндіріске арналған материалдар мен фурнитураны Алматы қаласынан сатып әкелеміз», дейді жиһаз цехының директоры А.Махай.
Оның айтуынша, бүгінде өндіріске 4 адам тартылған, оның екеуі – нағыз шебер. Жалақылары 200 мың теңгеден асады. Орындалған тапсырыстар санына байланысты шеберлерге негізгі жалақыға қосымша бонустар беріледі.
«Күрделілігіне байланысты бір тапсырысты орындауға 7 күнге дейін уақыт кетеді. Егер бояу қажет болса, онда, одан да көп уақыт жұмсалады. Жалпы, бұл салада 2005 жылдан бері жүрмін. Алғашында Алматыда жұмыс істедім, ол жақтан көп нәрсені үйрендім, кейін туған жеріме оралып, жерлестеріме көмектессем деп шештім. Осы цехта жұмыс істеп жүргеніме 10 жылға жуықтады. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Жергілікті жастарға да мамандығы мен тұрақты табысы болуы үшін үйретуге тырысамын», дейді цех шебері Серік Сметұлы.
Көксулық кәсіпкер жиһаз цехының өнімін жергілікті тұрғындарға ғана емес, Талдықорғанға да сатады.
«Айболат» ЖШС алдағы уақытта тендерлерге қатысуға ниетті. Кәсіпкер үлкен тапсырыстарды орындауға өзінің де, командасының да тәжірибесі, құрал-жабдықтары мен мүмкіндіктері жететініне сенімді.
«Біз жиһазды әр сатып алушының қалауы мен мүмкіндіктеріне қарай, әрі түрлі модификация мен конфигурацияға сүйене отырып жасаймыз. Көбінесе клиенттер өздерінің интерьеріне сай дизайн мен түстерді ұсынып жатады. Біз өлшем жасаудан бастап дайын өнімді жеткізуге дейін түгел бастан-аяқ атқарамыз. Біз өз тауарларымыздың сапасы мен қызмет ету мерзімдеріне кепілдік береміз», дейді жиһаз цехының директоры Айболат Махай.
Көксу ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауданда 3 950 кәсіпкер бар, олар негізінен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тамақтану, жеңіл өнеркәсіп, туризм салаларында еңбек етеді. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 59,7 мың бірлікке жеткен. Өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 133 млрд теңгеден асты. Бұл ретте 2023 жылғы қаңтар-тамызда бюджетке салық түсімдері 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 46,7 пайызға ұлғайып, 27,7 млрд теңгені құраған. Бұл ретте Талдықорған қаласы мен 7 аудан оң өсім көрсетсе, соның ішінде Көксу ауданы бұл көрсеткішті 2,4 есеге ұлғайтқан.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Жетісу облысына 6,8 млрд теңге бөлінді, жалпы кредиттік сомасы 15 млрд теңгеге 335 жоба мақұлданды.
Жетісу облысы