Тарих • 19 Қазан, 2023

Депутат мәртебесі қалай талқыланды?

215 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сарғайған газет беттеріне үңілсек, Егемендік туралы декларация қабылданар тұста Жоғарғы кеңестің жұмысы қауырт болғанын байқаймыз. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 20 қазандағы нөміріндегі мақалада депутаттардың мәртебесіне қатысты мәселе талқыланған.

Депутат мәртебесі қалай талқыланды?

«Бiлетiндердің айтуын­ша өктемшiл аппараттың бас­қа­руымен өмiр сүргеннен заңның басқаруымен ғұмыр кешкен жеңiл көрінеді. Әрине, ол үшін ең ал­ды­мен заңның өзі жұрт көңілінен шы­ғатындай болуы керек. Бүгінде барша­мыз­дың шынайы құқылы мемлекетке тезірек жетуді армандайтынымыз да сон­дықтан.

Ал сапалы заң сол құжаттарды бе­кітіп, өмірге жолдама беретін депутат­тардың өз статусын нақ­ты айқындаудан басталғаны мақұл-ақ. Сол себепті, сес­сия­да «Қазақ ССР-iндегі халық де­путат­тарының статусы туралы» республика Занының жобасы жөнінде баяндама тыңдалғаннан кейін, депутаттар кеше аталған құжатты талқылауға кірісті.

Неге екені белгiсiз, күн өт­кен сайын залда отыратын ха­лық қалаулыларының қата­ры сиреп барады. Мәселен, бү­гiн­­гi алғашқы мәжiлiске 357 де­пу­­таттың 251 ғана қатысты. Төра­ғалық етуші Қазақ CCP Жоғарғы Советі Төрағасының орын­басары С.Әбділдиннің ха­барлауын­ша, 10 депутат мә­жi­лiске дәлелді себептермен қа­тыс­пай отырған көрінеді. Ал өзге сексенінің де дәлелді се­бептері бар шығар, бірақ әрине, бұл жағдай сессияның шырайын шығара қоймаса керек», делінген мақалада.

Авторлардың жазуынша, де­п­утаттар өз құқықтары мен мін­деттері туралы мә­селеге тиi­сiнше мән бере қараған. Заң жобасының бүкіл бабына қатыс­ты пі­кір айтылған. Әсі­ресе депу­таттық мiн­дет­терiн атқа­ру­ға бай­ланысты жасалатын жағ­дай­лар толғандырғаны байқала­ды.

«Депутаттардан iстi талап ету үшін оларды правомен қам­та­масыз етiп, тиісті жағ­дай­лар жа­салғаны мақұл. – Мысалы, ме­нiң сайлау округімде 70 ел­ді мекен бар, – дедi депутат А.По­номарев. – Оның бір қата­рына күніне автобус бір-ақ рет қа­тынайды. Сондықтан сайлау­шы­ларыммен кездесу өткізу, олар­дың арыз-шағымдарына бай­ланысты сапарға шығу елеу­лi қо­лай­сыз­дық туғызады. Қалалық жерде тұ­ра­тын депутаттар үшін, бәлкім, жеке транспорттың қажеті жоқ шығар, ал селолық округтерден сайланған Қазақ ССР халық депутаттарына өз қаржысына жеңіл машина бөлінгені дұрыс болар еді», делінген мақалада.

Басылым келтірген деректер­ге сүйен­сек, залдағы компьютердің көмегімен әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Дауыс берудiң нәти­жесiнде залда отырған депутат­тардың 190-ы жеке жеңіл көлік алғысы келетінін жеткізіпті.

« – Көрiп отырсыздар, бұл көп цифр... – дедi Жоғарғы кеңес төрағасы.

Heгізгі мәселеге көшейік. Мәжi­лiсте депутаттардың еңбек демалысын бел­гі­леу егжей-тег­жей әңгіме болды. Сайлаушы­лар аманаты да қызу пікір­тал­ас туғызды. Осылардың қай-қайсы­сы бойынша да әртүрлі, тіпті қарама-қайшы пікірлер айтылды.

– Депутаттарға артықшылық жағдай жасау мәселесіне ойлана қарау керек, біз қандай елде, қай уақытта өмір сүріп отыр­ғанымызды ұмытпайық, қара­пайым­дылықтан аспайық, – деді депутат Ю.Н.Сытов.

– Кейбiр депутаттардың ең­бек демалысын 36 күнге созуды, қызмет бабына байланысты кө­лiк талап етуін әзір­ге артық деп ойлаймын, –  деді үзіліс ке­зінде әңгімелескенiмiзде депутат Ж.Тұяқ­­баев. – Аманаттарын орын­дау үшін депутаттар сайлау­шыларының ара­сына айына төрт-бес күн бөлсе жетіп жатыр.

– Қазіргі жағдайда көбіне жоспарлы объектілерді аманат етiп алып, біз өзiмiздi де, сайлаушыларды да алдауға мәжбүрміз. Шетелдерде аманатталу деген болмайды. Объектілерді салумен тиісті мекемелер айналысады. Сондықтан біз де аманат қабылдау дегеннен арылуымыз керек. Депутаттар негізінен сапалы заң шығарумен айналысқаны жөн, – деген ой айтты депутат С.Байбатыров.

– Аманаттар қалуы керек, онсыз біз сайлаушыларымыздың мұң-мұқтажынан қол үзіп қала­мыз, – деп депутат Ж.Кәріп­жанов ол пiкiрдi құптамады.

Осындай пікірталастың нә­ти­­жесінде екi жоба да толық­ты­рылып, түзетілуі үшін тұ­­рақ­ты комитетке жіберілетін бол­ды.

– Бесінші күн жұмыс істесек те, әлi маңызды заң қабылдай алған жоқпыз, – деген қынжылыс білдірді депутат М.Калматаев.

Оған Жоғарғы Кеңес төраға­сы: «Қазіргі жағдайда заңның сапалы қабылдануы бірінші кезекте тұруы керек» деген тұрғыда жауап берді. Әрине, заң қабылдан­бай жатып, қайта түзетулерге душар болмау үшін мұның өзі дұрыс та. Осы күні талқыланған «Қазақ ССР халық депутатын кері шақырып алу тәртібі туралы» республика Заңының жобасын талқылауда тартысты өтті. Пікірсайыстың орта тұсына келгенде депутат А.Ф.Козлов:

– Жолдастар, осы жобаны талқылау керек пе өзі? Мысалы, өзге елдерде мұндай заң жоқ. Сайлаушылар депутаттарын өздері сайлап алған екен, енді өкілеттік мерзімі біткенше шыдасын, – деп мәселе қойғанда, алғашында жұрт аңтарылып қалғандай болды», делінген ма­қалада.

Талқылау барысында депу­таттардың жергілікті лауазымды қызмет иелерiнiң қысымына душар болмауы, олардың сұрау салуына жауап берудің маңызды­лығын арттыру мәселелері сөз болған.

«Тағы бір айта кететін жайт: депутат­тарымыздың республи­камыздың мемле­кеттік тілінде сөйлеу белсенділігі тым темен. Олардың ана тiлiнде сөйлеуі үшін енді қандай жабдықтың қажет екендігін өз басымыз тү­сiне алмадық...

Сессияда журналистердің жұмыс iстеуiне қамқорлық жа­ғы әлі күткендегідей деңгейге көтерiлмей отыр. Тіркелген жур­налистерге сол күні талқыланатын кұжаттардың, бірнеше ғана данасы беріледі, сондықтан негiзiнен тек қолыңа ұстап қана үлгересің. Заң жобаларының текстерiнен депутаттар сияқты хабардар болып отыру әзірге арман күйінде қалды. Демек, репортаждарымызда кейбiр құжаттардың тиiстi баптарын көрсете отырып әңгімелей алмасак, бұл тек өзіміздің кінә­міз емес деген ойдамыз», деп мақа­ланы қорытындылайды Г.Еңсе­пова мен Ә.Әлібеков.