Медицина • 19 Қазан, 2023

Онкологиялық науқастарға протон терапиясы жүргізіле бастайды

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келесі жылы Астанада заманауи жоғары технологиялық құрылғы­лармен жабдықталған жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) ашылады. Премьер-министр Әлихан Смайылов құрылыс барысымен танысты.

Онкологиялық науқастарға протон терапиясы жүргізіле бастайды

Жаңа орталық – бюджеттік инвестициялық жоба, оны жүзеге асыру үшін Швейцарияның және АҚШ-тың халықаралық жетекші компаниялары тартылған. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Атап айтқанда, сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы, әкім­шілік және техникалық блоктары бар 210 төсектік орын емдеу-диаг­ностикалық корпус салынды.

Сонымен қатар су, жылу және электрмен қамтамасыз ету қалалық инженерлік желілерге қосылып, каби­нет­тер мен палаталарды әрлеу жұмыс­тары аяқталды. Қазіргі уақыт­та ме­дициналық жабдықтарды жеткізу, іске қосу-жөндеу және сы­нақ­­тан өткізу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың басшысы, онколог Санжар Шалекеновтің айтуынша, жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсететін жаңа емдеу мекемесінде радионуклидті диагностика, радио­фармацевтикалық препараттар шығару және радионуклидтік терапия жүргізу жоспарланған.

«Бізде радио-сәулелік емдеу қарастырылған. Бұл бес аппаратпен ұсынылған: біреуі контактілі сәулелік терапияға, екіншісі контак­тісіз емдеуге арналған. Бұл – Edge, Turbine, Ethos сияқты құрылғылар. Олардың кейбіреулері Қазақстанда алғаш рет таныстырылып отыр»,  деді ол.

Бұл ретте мекемеде посткеңестік ке­ңіс­­тіктегі алғашқы протон орта­лы­ғы жұмыс істей бастайды. Орта­лық­та жылына 800-1000 науқас ем алады.

«Бізде онкогематология орталы­ғы да қарастырылған. Мұнда сүйек кемі­гін трансплантациялауға арнал­­ған 15 төсектік орын бар. Бұл – барын­ша стерильді, таза бөлме­лер, он­да жылына 180-нен 200-ге де­йін трансплантация жасау жоспар­ланған. Осылайша, біз республика бойынша мұқтаж науқастардың үштен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік аламыз», деді С.Шалекенов.

Ол ҰҒОО-ның екінші блогі ғы­лы­ми-білім беру орталығы бола­ты­нын айтты. Сонымен қатар мұн­да 140 төсектік орын аурухана, үш операциялық бөлме және үлкен диагностикалық емхана орналасады.

Жаңа медициналық орталықты аралау барысында Премьер-ми­нистр елімізде жыл сайын 37 мың­нан аса қатерлі ісік ауруы тіркеліп, 13 мыңнан аса адам қайтыс болатынын атап өтті.

«Жағдайды жақсарту үшін біз Астанада Ұлттық ғылыми онколо­гия­лық орталық құрып жатырмыз. Бұл – күрделі нысан. Оның халық­аралық стандарттарға сай болуы үшін құрылысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық компания тартылды»,  деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне бас мердігер­мен бірлесіп, 2024 жылдың 1 тамы­зы­на дейін протонды терапия орта­лы­ғын іске қоса отырып, нысанды пайдалануға беруді тапсырды.

ҰҒОО басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург-онколог Әділбек Мұқажанов арнайы аппарат – циклотронмен жабдықталған протонды терапия орталығы туралы толығырақ айтып берді.

«Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы протон терапиясы жүргі­зілетін жалғыз орталық болады. Әлем­де мұндай орталықтардың саны 100-ден аспайды, олардың бірі – бізде», деді ол.

Оның айтуынша, циклотрон протон сәулелерін шығарып, емдік екі толқынды жеткізеді, соның арқасында екі науқасты бір уақытта сәулемен емдеуге болады.

«Бұл протонды терапияның ерек­шелігі фотонды сызықтық үдет­кіштерден айырмашылығы, мұнда сәулелену неғұрлым мақсат­ты және жұмсақ болады. Бұл әсіресе балалар мен әлсіреген науқастар үшін өте маңызды. Яғни мұнда сәуленің минималды әсері мен қоршаған тін­дер­дің ең аз зақымдануы қарас­ты­рыл­ған. Бұл ретте қайталама сәу­ле­лік ісік­тердің даму ықтимал­ды­ғы барынша азаяды», деп атап өтті Әділбек Мұқажанов.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айының басында Әлихан Смайылов Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекіту туралы қаулысына қол қойған болатын.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп, онкологиялық қызметін кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бұл жоғары тиімді ерте диагностиканы енгізуді, мамандандырылған емдеу мен оңалтуды дамытуды, сондай-ақ кадрлық әлеует пен ғылымды нығайтуды көздейді.

Әр өңірде соңғы үлгідегі қон­дырғыларды орнату арқылы нау­қастар әлемдік стандарт деңгейінде заманауи сәулелік ем алу мүмкін­дігіне ие болады деп күтілуде. Бұл рет­те қажетті дәрі-дәрмектерге қол­жетімділік қамтамасыз етіледі.