Аймақтар • 19 Қазан, 2023

Сайрам ауданының тұрғындары құдықтан су ішуге мәжбүр - сенатор

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Алишер Сатвалдиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Түркістан облысының Сайрам ауданындағы инфрақұрылымның өзекті мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайрам ауданының тұрғындары құдықтан су ішуге мәжбүр - сенатор

Фото: Сенат

Сенатордың айтуынша, халықты сапалы ауыз су және электрмен қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылымды шұғыл дамыту қажет.

«Мысал үшін, Қарабұлақ ауылдық округіндегі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 59 мыңға жуық халқы бар ауыл округі тұрғындарының тек 60 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған.  Ауыл халқының 30-35 пайызы құдық және өздері қазып алған су ұңғымаларын пайдалануға мәжбүр. Тұрғындар арасында ішек ауруларына шалдыққандар бар. Ауыл көшелерінің жағдайы мәз емес, 70 пайызы жөндеуді қажет етеді», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар аудандағы халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын үйлер салу қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ Сайрам ауданында жерге кезекте 56 мыңнан астам азамат тұрғанын хабарлады.

«Осы мәселені шешу үшін Сайрам ауданының жер учаскелерінде инженерлік коммуникациялар салу жоспарланып отыр. Құны 891 млн теңгеге жобалық құжаттама дайындалды. Сонымен қатар аудан тұрғындарын тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Ақсукент ауылынан қосалқы электр станциясын салу үшін құны – 1,7 млрд теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттар әзірленген.  Жоғарыда аталған мәселелер бойынша барлық тиісті құжаттар рәсімделіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша өтінімдер жолданған», деді депутат.

Сенатор осыған байланысты Әлихан Смайыловтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында айтылған мәселелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарауды сұрады.