Қоғам • 19 Қазан, 2023

Қытай нарығын зерттеген кәсіпкер Қазақстанда қандай зауыт ашса табысты болатынын айтты

6076 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бақтияр Өсербекұлы – кәсіпкер.  Ол бұған дейін техникалық жөндеу орталығында (ТЖО) механик болған. Осы саланы тереңдей зерттеп өзі техникалық  жөндеу орталығын  бір қаладан ашқан.  Іздену мен еңбекті қабат өрбітіп үш жылда  жеті қаладан техникалық жөндеу орталығының санын 460-қа жеткізген.  Аз адамның күшімен орасан өнім өндіру қағидасымен еңбек ететін кәсіпкер бұл күнде  Қытайдағы шағын өндіріс орталықтарын зерттеп жүр. Жуырда осы елдің даму үдерісін бағамдап қайтқан маманмен тілдесудің сәті түсті.

Қытай нарығын зерттеген кәсіпкер Қазақстанда қандай зауыт ашса табысты  болатынын айтты

bakhtiyar_oserbekuly

– Бақтияр мырза, кәсіпкерді көтеретін қағида үнемі ізденіс, ілім-білім жинаудан тұрады дейді сөз сатып жүрген білгіштер.

– Кәсіпте жүргенімізде өз  бағдарымызбен әрекет еттік. Бірақ үнемі тығырыққа тіреліп, шығынға жиі бату, алға жылжу болмады. Содан кейін білімді көтеру мақсатында ізденіп, шетелдік мамандардан ілім үйреніп, таным көкжиегімізді кеңейтуді мақсат тұттық. Канададан Лин технологиясының қолдану әдісін мықтап сіңірдік. Сондықтан өз тәжірибеме сүйеніп бағамдар болсам, қай саланы өрістетемін десең де білім  мен ізденіс қажет.

– Өзіңіз тереңдей оқыдым деген Лин технологиясының тиімділігін айтсаңыз.

– 2020 жылға яғни әлемді шеңгелдеген карантинге дейінгі  кезеңде кәсіпкерлік дегенде көз алдымызға алып зауыт, мыңдаған адам қарбаласта жұмыс істейтін өндіріс орны елестейтін. Лин технологиясының таным-түсінігі  мұндай пайымға мүлде қайшы. Америкалық жүйе Лин технологиясының тәпсірлеуі бойынша бүгінгі күннің  кәсібі, өндірісі дегенде аз жұмыс күшімен, шағын  құрылғымен құстың ұясындай ғана  аумақта зауыт ашып, мол өнім өндіру. Осы күнде  кәсіпкерлік өрісін Лин технологиясына сүйегіне дейін сіңіргендер осылай қабылдайды.

Біз Қызылорда қаласынан ашқан техникалық жөндеу орталығын (ТЖО)  еліміздің жеті қаласында дамытып, 460  орталыққа жеткіздік. Осындай ауқымды жұмысты арқалап жүріп көзіміздің жеткені – кәсіпкерлікте  сатып алып сатумен шұғылдану әркімнің «жемсауына» өзіңді матап беру екен.  Мұны мен өзіміздің  басымыздан өткерген  жайт болғандықтан айтып отырмын. Еліміздің әр қаласына Қытайдағы зауыттардың өнімдерін делдалсыз тікелей  жеткізіп беру жұмысын қолға алып едік. Бұл шаруада да сенім артқан адамдарымыз біздің үстімізден алатын еңбекақыларынан сырт пайда көріп берекемізді қашырды. Содан кейін ойлана келе Қытайға сапарлап барып, зауыттардың жұмысын өзіміз зерттеген жөн деп түйсіндік. Ойымыз алдамапты, біз Қытайдың шағын зауыттарының жәрмеңкесіне тап болдық десек, сөзіміз жалған болмас. Бұл халықта мынадай тәмсіл бар екен осы кәсіпкерліккке, өндіріске қатысты. «Қаланы тауарыңмен толықтай қамтамасыз етем десең, ауылдан баста. Ауылдан кәсібіңді бастау үшін бірден орасан өндіріске  соқтықпа, там-тұмдап ісіңді ілгері жүргіз» деген ақыл айтады.  Олардың мұндағы  ауылда кәсібіңді  өндірістің аз көлемінен баста дегені әр үйде бірден шағын өндіріс цехы бар екенін меңзегені деп түсіндік. Осылайша шағын ғана бір ауылдың аядай өндіріс  орындарынан  өндірілген өнімдері  жер жүзіне жөнелтіліп жатыр.

– Шағын зауытты сатып алып орнатуда барлық түрін әкелу тиімсіз емес пе? 

– Әрине, шағын зауытты әкелуде бізге кез келгенін жеткізе берген қол болмайды. Оның шикізатын зерттеу керек, өнімді алатын тұтынушыны да бағамдау  маңызды.  Осы жағын ескере отырып, аз адамның күшімен көп өнім шығаратын әрі халықтың  күнделікті қолданысына қажетті тауар түрін өндіретін цехтың құрылғысын әкеліп орнатқан оңтайлы деп шештік. Қазір осы бағытта кәсібімізді өрбітіп келеміз. Мысалы күнделікті тұтынатын  иіссабын, сусабын, қағаз майлық деген секілді аса қажетті тұрмыстық заттарды өндірген тиімді. Киім жуғанда қолданатын ұнтақ, ыдыс-аяққа қажетті сұйықтық сынды тауар өндірген өнімді болады.

– Бізде   қойдың жүні мен терісі  тым арзымайтын бағамен сатылады. Өзіңіз көрген Қытайдан осы жүн, тері өндіретін шағын цехты әр ауылда орнатып, іске қосса, мал баққан ағайынның да әлеуметтік әлеуеті көтерілетін еді.

– Әрине, соны жүзеге асырсақ,  ауыл тұрғындарының да табысы артады, баққан малының еті ғана емес, жүні мен терісі де пұл болады. Бізде қойдың жүнінен сырт мақта өсіру жүйелі жолға қойылған. Демек, шикізаттан қол қысқа болмайды. Мақтаны өңдеп  сүлгі шығаратын цехты орнатса, тиімді ме, тиімді. Қойдың жүні ен терісін қайтпек керек дейсіз. Расында  оны өндіріп кәдеге жарататын цех орнату керек. Бұл бағытта мен көршіміздің мынадай бір сәлісін қолданған тиімді ме деп  ойлаймын. Қытайда бір өнімді өндіруде отбасының мүшелері ұйымдасып іс атқарады.  Мысалы Қытайдағы  бір үйдің төрт  баласы бар делік. Сол төрт  бауыр бірлесіп кәсіп ашады. Үйдің кенжесі қойдың жүнін қырқатын станокты іске қосып қой қырқады. Оған тете өскен үшінші  бала қырқылған жүнді жуатын зауыттың иесі болады. Екінші ұл жуылған жүнді өңдейтін цехтің қожайыны, жуылған жүнді  иіріп жіп шығарады. Шаңырақтың тұңғышы өзінің шағын зауытында дайын өнімнен киім-кешек, шұлық шығарып нарыққа ұсынады. Міне, тәжірибе алып, үйренем десеңіз көршіміздің қолға алған әрекеті осындай.  Тұтынған заттың қалдықтарын да қайта өңдеп басқа бір заттың өндірісіне шикізат ретінде пайдалануға болады. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаевтың  Жолдауында қамтылатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытамыз десек, бізге осындай шағын цех, зауытты әкеліп іске қосқан әлдеқайда тиімді әрі мұның әлдеқашан уақыты жетті дер едім. Біз осылай  бейқам жүре берсек көп нәрсеге «қолымызды мезгілінен кеш сермейміз».