Жалпы атауы «Біз» деп аталатын экспозицияға автордың портрет жанрында салынған 40-тан астам туындысы қойылған. Салтанатты рәсімге келген өнертанушы мамандар жастығына қарамастан Екатеринаның өзіндік қолтаңбасы айқындалып қалғанын, болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды суретші екенін айтты.
Жас суретші, шығармаларында көбіне, қарындаш, гуашь, акварель және майлы бояу пайдаланған. Автор туындыларының тақырыбы да алуан түрлі болып келеді. Кенеп бетіндегі көріністердің көркемдік ерекшелігі тіпті керемет. Екатерина қазақ даласындағы мамыражай тіршілік көріністері, тарихи тұлғалар, ұлттық салт-дәстүр тақырыптарына да бойлап барып, ғажайып шығармалар тудырып жүр.
Автор шығармашылығының тақырыптық ауқымы кең екені бірден көзге ұрып тұр. Екатеринаның қаламынан шыққан портреттерде бүгінгі қоғамның жарқын тұстары, жарасымды тіршілік пен адам өміріндегі шуақты сәттер, замандастар арасындағы жылылық сияқты мәселелермен қатар, қарапайым қарттардың, жұмысшылардың, ас үйдегі бақытты әйелдің бейнелері шынайы көрініс тапқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме қазан айының соңына дейін жұмыс істейді.
Қостанай облысы