Мәселе • 19 Қазан, 2023

Ауыл деңгейіндегі қалалар мәртебесі қашан өзгертіледі?

272 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл жолымыз түсіп, Солтүстік Қа­­зақ­­стан облысының Шал ақын ауда­­нының орталығы – Сергеевка қала­­­сындағы қазақ орта мектебінің ұжы­­­мымен жолыққан едік. Кездесу бары­сын­да мұғалімдер өздері тұрып жат­қан шағын шаһардың мәртебесін өзгер­ту мәселесі көптен сөз болып ке­ле жат­қанымен, нақты қашан шеші­ле­тін­­дігі әлі беймәлім екенін қынжыла айтты.

Ауыл деңгейіндегі қалалар мәртебесі қашан өзгертіледі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қаламыздың ауылдан еш айырмашы­лығы жоқ. Жергілікті кәсіпорындар жабылған соң 10 мыңнан астам тұрғынның 3 мыңдайы жұмыс пен жайлы тұрмыс іздеп, басқа жаққа көшіп кетті. Орталықтандырылған жылыту жүйесі істен шыққалы ширек ғасырдан асты. Соның салдарынан біз де ауылдағы әріптестеріміз сияқты алты ай қыста үйімізді көмір жағып жылытып, әуре-сарсаңға түсіп жүрміз. Алайда Сергеевканың «қала» деген дардай мәртебесі сақталып  отырғандықтан, ауыл мұғалімдері алып жүрген 25 пайыздық үстемеге қолымыз жетпей тұр. Міне, осындай әлеуметтік әділетсіздікті болдырмау мәселесін әкімдер мен депутаттардың алдында көтеріп жүргенімізге он жылдан асса да, еш нәтиже жоқ. Ендігі үмітіміз – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болып отырған халық үніне құлақ асатын мемлекетті – Әділетті Қазақстан орнатуда», деді ұстаздар.

Шынтуайтында, өткен ғасыр­дың тоқса­­нын­­шы жылдарындағы экономика­лық дағдарыс кезінде қала құраушы кәсіп­орын­дары мен коммуналдық мекемелері жаппай жабылып қалғандықтан, тұрғында­рының саны азайып, кәдімгі ауыл кейпіне түскен Сер­геевка сынды шағын қалалар елі­міз­дің өңірлерінің көпшілігінде бар болып шықты. Осы жайлы алтыншы шақырылған Пар­ламент Мәжілісінің бір топ депу­таты 2016 жылғы 2 қарашада сол кездегі Премьер-министр Ба­қыт­жан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап: «Үкі­меттің еліміздегі шағын қала­лар­дың мұқтаждықтарына назар аударатын кезі жетті деп санаймыз. Біріншіден, олардың өз мәртебесіне сәйкестігін анықтау қажет. Өйткені «Қазақстан Рес­публикасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы туралы» заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға, яғни шағын қалаларға өз аумағында өнер­кәсiп орындары, коммуналдық шаруа­шы­лық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, ем­деу мен сауда объек­тiлерiнiң дамы­ған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Ал биылғы жылдың басындағы статистикалық деректер 41 шағын қаланың 12-сінің тұрғын­дарының саны 10 мыңға жетпейтіндігін көрсетті. Солардың ішінде, әсіресе Ақтөбе облысындағы небәрі 1 968 тұрғыны қалған Жем және 2 468 адам ғана тұра­тын Темір қалаларының, Ақ­мо­ла облысындағы 3 746-ақ тұрғы­ны бар Степняк қаласының демогра­фиялық тұрғыдан болашағы өте бұлыңғыр. Сон­дай-ақ Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының (5 559 тұрғын), Ақмола облысындағы Державинск қала­сы­ның (6 183 тұрғын), Қызыл­орда облысындағы Қаза­лы қала­сының (6 813 тұрғын), Сол­түс­тік Қазақ­стан облысын­дағы Мамлютка, Булаево және Сер­геевка қалаларының (әрқайсы­сының тұрғындарының саны 7 мыңдай), Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының (8 393 тұр­ғын) және Шығыс Қазақстан облысындағы Шар (7 430 тұрғын) және Серебрянск (8 791 тұрғын) қалаларының қолданыстағы заңна­мада көрсетілген өлшем­шарт деңгейіне қашан көтерілетіні де белгісіз.

Екіншіден, көптеген шағын қаланың өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарында істен шық­қан орталықтандырылған жылумен және сумен қамтамасыз ету жүйелері әлі күнге қалпына келтірілген жоқ. Ал оларда тұ­ратын мұғалімдер мен дәрігерлер үйлерін қыста пеш жағып жылытып, суды көшедегі колонкадан тасып ішіп отырса да жалақыны өздерімен бірдей тұрмыстық жағдайда өмір сүріп жатқан ауылдық әріптестерінен 25 пайызға кем алады. Әрине, мұны әлеуметтік әділдікке жатады дей алмаймыз.

Үшіншіден, «Жығылғанға – жұдырық» демекші, биыл ша­руашылық жүргізу құқы­ғын­дағы мемлекеттік кәсіпорын­дарға айнал­дырылған орталық аудан­дық аурухана­лар бюджеттік ұйымдар санатынан шыға­рыл­ғандықтан, әкімшілік орталық­тары шағын қалалар болып отыр­ған ауылдық аудандарды медицина кадрларымен қамтамасыз етуде үлкен проблема туындап отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында орналасқан Шал ақын ауданының орталық аудандық ауруханасына қазір 9 дәрігер жетіспейді. Мұның себебі – аудан­дық маңызы бар шағын қалаларға жұмысқа шақырылатын жас дәрігерлерді «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге рұқсат етілмей­тіндігінде», деген екен.

Осы депутаттық сауалға Үкі­мет басшысы Б.Сағынтаев: «Қа­зақстанда халық саны бо­йынша өзінің мәртебесіне сәйкес келмейтін қалалардың болуы тарихи факторлармен байланысты. Іс жүзінде елдің барлық қаласы өз мәртебелерін «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заң қабылданғанға дейін алды.

Бүгінгі күнге өзінің мәртебе­сіне сәйкес келмейтін жекелеген қалаларды ауылдық елді мекендерге өзгерту бойынша мәселені қарау үшін заңнамалық негіз жоқ. Осыған байланысты қазіргі уақытта Ұлттық экономика ми­нистрлігі Экономикалық зерттеулер инс­титутымен бірлесіп, «Заманауи өңірлік саясатты және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту міндеттерін ескере отырып, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру» тақырыбында зерттеу жүргізу үстінде (аяқтау мерзімі – 2017 жыл). Оның қорытындысы бойынша жасалған ғылыми не­гізделген ұсынымдар негізінде елдің әкімшілік-аумақтық құры­лысы туралы қолданыстағы заң­намаға жекелеген елді мекендерді қала мәртебесінен айыру өлшем­шарттары мен механизмін анық­тау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралатын болады», деп ресми жауап берген.

Алайда осы уәде үш жылдан астам уақыт ішінде орындалмаған соң, 2020 жылы белгілі қоғам қайраткері Нұртай Сабильянов бастаған бір топ депутат «Қа­зақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға қалалардың мәртебесін өзге елді мекендерге ауыстыру механизмін айқындаған түзетулер енгізуді көздеген заң жобасын өздері әзірледі. Оған сол жылғы 12 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойып, шын мәнінде ауылға айналған шағын қалалардың мәртебесін өзгертуге заңнамалық тұрғыда жол ашылды.

Нақты айтсақ, аудандық маңы­­зы бар қала мәртебесі оның тұрғындарының саны бес жыл ішінде 10 мыңға жетпеген жағ­дайда өзгертілуге тиіс. Бұл үшін осындай елді мекен әкімі әуелі аудандық мәслихат пен аудан әкіміне аудандық маңызы бар қаланың мәр­тебесін өзгертіп, кент немесе ауыл санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізуі керек. Оны қараған аудандық мәслихат пен аудан әкімі бірлескен шешiм қабылдап, облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға тиісті ұсыныс жолдайды. Өз кезегінде облыстық мәслихат пен облыс әкімі аудандық маңызы бар қаланы өзге елді мекен етіп қайта құру туралы ортақ ұсынысын Үкі­метке енгізеді. Соның негізінде Үкiмет Мемлекет басшысына тиісті ұсыныс жасайды. Сөйтіп осы мәселе бойынша түпкілікті шешімді Президент қабылдайды.

Аудандық маңызы бар қала мәртебесі ауылдық елді мекен болып өзгертілген жағдайда оның тұрғындарының бір бөлі­гі мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Мыса­лы, ауылдағы бюджеттік ұйым­дар қызметкерлерінің жала­қы­с­ына мәслихаттардың шешім­дері бойынша кемінде 25 пайыз үстеме ақы қосылады. Сон­дай-ақ оларға коммуналдық қызмет­терге ақы төлеуде және отын сатып алуда әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал жекелеген салалардың мамандарына «Дип­лом­мен – ауылға!» жобасына қатысу мүмкіндігі беріледі. Бұл жобаға қатысушылар 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (345 мың теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК (5 млн 175 мың теңге) мөлшерінде 0,01 пайыз­дық бюджеттік кредит ала алады. Бұған қоса, шағын қала ауылға айналдырылған жағдайда оның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында дамытылатын болады.

Өкінішке қарай, қолданыс­тағы заңна­маға аудандық маңы­зы бар қаланы кентке не­месе ауылға айналдыру меха­низмі енгізілгелі үш жыл­ға жақын уақыт өтсе де, атына заты сай емес шағын шаһар­лардың ешқайсысының мәрте­бесі өзгертілген жоқ. Яғни заң іске аспай, қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Ал ауылдан еш айырмашылығы жоқ шағын қалалар­дың көпшілігінің тұрғын­дары саны­ның жылдан-жылға азаю үрдісі тоқтар емес.