Құтқарушы • 19 Қазан, 2023

Сертіне адал Әскербек

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында 428 өрт тір­келіп, соның салдарынан 9 адам қаза тапса, 11-і әртүрлі дәре­жеде жарақат алған. Өрттің шығу қаупі де әртүрлі. Қыс кезінде тұрғын үйлерде газ баллондарының атылуы жиілеп, жылыту пештерінің ақауынан көмірқышқыл газынан улану дерек­тері көбейеді. Оған автогаз құю бекеттерінде тұрмыстық газ бал­лондарын толтыру кезінде техникалық ақауларға жол беру де себеп болып жүр.

Сертіне адал Әскербек

Әлемде техногендік апаттар көбейген сайын төтенше жағдай қызметкерлерінің де қадірі артып барады. Ала жаздай далада жиі тұтанатын алапат өрт, суға түсу кезіндегі жазатайым оқиғалар, қыстың үскірік аязында жолда қалатын жолаушыларды қоссаңыз, елімізде төтенше жағдай қызметкерлеріне түскен салмақтың қаншалықты ауыр екенін көресіз.

Адам өмірін құтқару минутпен емес, секундпен өлшенген сәттерде құтқарушының епті­лі­гі, ширақтығы, жағдайды тез таразылай білуі, спорттық да­йын­дығы, шыдамдылығы сынға түседі. Төтенше жағдай кезінде құт­қарушының қызметіне адал­дығы мен жеке басының қасиет­тері бір-бірімен астасып жатады. Азаматтық қорғау қыз­ме­ті­нің старшинасы Әскербек Құлбарақов – осындай жігіт­тер­дің бірі. Оның төтенше жағ­дай қызметіндегі еңбек өтілі – 17 жыл. Әскерден кейін еңбек жолын өрт сөндіруші болып бастап, содан бері қаншама қиын­дық сәт­терге тап келсе де, өз маман­дығынан бас тартқан емес.

Ақтөбеде өрт кезінде өз басын қатерге тігіп, бірнеше адамды алып шыққан құтқарушының ерлігін ақтөбеліктер жақсы біледі. 2011 жылы Ақтөбе қаласының Әбілқайыр көшесі бойындағы 9 қабатты тұрғын үйде өрт тұтанып, одан үйдің пластикпен қоршалған қабыр­ға­лары жанған кезде Әскербек жеделсатымен көтеріліп, бірден 9 адамды алып шықты. 2021 жылы қаладағы көппәтерлі үй­ден шыққан тағы бір өрт кезінде ол алты бала мен бір қарт кісіні алып шықты.

Әскербек 2011 жылы «Тө­тен­ше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен, 2020 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. «Үздік қорғаушы» атағын да иеленді. Отбасында үлгілі әке. Оның еңбек жолы – бала­лары мен туыстарына үлгі. Қолы бос кезінде спортпен айналысады. Соның ішін­де қысқы спорт түрлерін ұна­та­ды. Әскербек өзі бас болып шай­балы хоккей командасын ұйымдастырып, оған жас жет­кін­шектерді тартып өнеге көрсе­тіп жүр. Бейбіт күннің батыры Әскербек – міне, осындай азамат.

 

Ақтөбе облысы