Аймақтар • 22 Қазан, 2023

Ескі бөгет қашанғы шыдас береді?

363 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұл күнде сау тамтығы қалмаған, тұс-тұсынан опырылып, қаусаған Иванковка бөгеті сонау 1975 жылы салынған. Сол уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Бөгет іргесіндегі Иванковка елді мекенінің тұрғындары көктемде су шайып кетпес пе екен деп қатты қауіптеніп отыр.

Ескі бөгет қашанғы шыдас береді?

Шоқ жұлдыздай шағын ауыл­дан шамамен үш шақырым жерде орналасқан бөгет елді мекеннен биіктеу, қырат жерде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, көне қабырғасы сөгіліп, көктемгі мол су еңіске екпіндей құйылса, алақандай ауылды басып қалмақ. Мұндай қысылтаяң, қауіпті кез бұрын да орын алған. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын Жолболды өзені қызыл суға мелтектеп толып, арнасынан асып, ашуға булыққан кезде ауылдың шеткі көшелерін су басып қалған. Өзге дүниемен жалғастырып жатқан жалғыз жол – көпір жа­былған соң өзен райынан қайт­қанша елді мекенге қатынас сап тыйылған. Тұрғындар азық-түліктен та­рық­ты, ауру-сырқаулар уа­қы­тында медициналық көмек ала ал­май қалды.  Ауыл тұрғыны На­талья Гридасова сол бір қиын сәтті ашына отырып баяндап бер­ді. Алты жыл бұрынғы қор­қыныш әлі де көкірегінде түйнек болып түйіліп, маза бермей тұрғандай. Сол кезде табиғаттың тақ­сіретімен шағын ауылдың тұр­ғындары өздері ғана жекпе-жекке шыққан. Жергілікті серіктестіктің жұмысшылары қы­зыл суды қуатты тракторларымен кесіп өтіп, егде адамдар мен жас балаларды қауіпсіздеу жерге тасымалдаған. Енді әр көктем жақындаған сайын  күніміз не болар екен деп көңілдері күпті.

– Қорқыныштың бұлты қа­лың. Қызыл су жүре бастаған кез­де ауыл тұрғындарының іш­кен асы бойларына тарамайды, дейді Наталья Гридасова, –өзен жағасында қолымызға шам ұс­тап кезекшілікке тұрамыз. Біздің ауылда көшедегі жарық жоқ қой. Бөгет басы да тастай қараңғы.  Қауіп төне қалса, елді құлақтандыру да оңай емес.

Қаусаған бөгет жайлы талай айтылған. Әйтсе де мәсе­ленің шешілер сәті туар емес. Бірнеше рет жергілікті билік пен құзыретті органдардың өкіл­дері келіп, бөгеттің жай-күйін тексерген. Апатты жағ­дайда екендігі анық­талған. Ке­шіктірмей жөндеп бе­реміз деген уәде де берілген. Одан бері табаны күректей бес жыл өтті. Тозығы жеткен бөгет жалғыз бұл емес. Мәселен, Шортанды ауда­нындағы Негізгі, Бурабай ауда­нындағы Веденовское бөгеттері де тозған. 2022 жылдың күзінде арнайы гидротехникалық тексеру жұмыстары өткізіліп, осындай қорытынды жасалған. Бөгеттерді жөндеп, елді сабасына түсіру неге кешеуілдей беретіндігі түсініксіз.

– Иванковка бөгетінің ескіріп тозуы бұрыннан басталғанымен, 2017 жылдан бері жағдайы күрт нашарлады. Алғашқы жылдары бөгеттің бойындағы ойылып түскен жерлер көп болмағанымен, соңғы бес жылда екі жерінде терең ойық пайда болды. Өткен жылы осы ойықтардың салдарынан елу жылға жақын қалқиып тұрған бөгет опырылып түсер деп жора­малдап едік. Көктемде қар бір еріп, бір қатып, ылғалдың дені бу болып ұшып кетті де қар суы көп жинала қоймады. Бірақ жыл сайын дәл осындай болады деп сенуге бола ма?

Ауыл тұрғындары аудан басшыларымен кездескен сайын жалпыға ортақ мәселені жиі-жиі көтереді. Уақытында ден қойып жөндегенде, қаражат та көп кетпес еді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын өзен үстіндегі көпірдің жөн­деуіне 45 миллион теңге қара­жат қажет болған. Ол қаржы да бөлінбеді. Тұрғындардың айтуына қарағанда, өзен үстіндегі көпір тым аласа. Көктемде сең жүрген кезде бауырына мұз кептеліп қалып, ағын судың еркін өтуіне бөгет жасайды. Топан су көпірді бұзып кетуі әбден ықтимал. Жыл сайын сең мүжігеннен кейін көпірдің де тозығы жеткен.

Бұл төңіректе сай-сала, жыра көп. Иен даладағы қар суы жылғалармен ағып келіп, Жол­болды өзеніне құяды. Қар мол түскен жылдары қызыл судың көлемі де тиісінше арта түседі. Ауыл тұрғыны Наталья Улиничтің айтуына қарағанда, су қоймасы бірер сағаттың ішінде аузы-мұрнынан шығып, мелтектеп толып қалуы мүмкін. Кернеуді керген зілмауыр салмақ ең осал, ұрымтал тұсты бұзып шығуы да ғажап емес қой.

Біз осы мәселені індетіп, Бұ­лан­ды ауданы әкімі аппара­тының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Талғат Оразбаевқа жолықтық. Бас инспектордың айтуына қарағанда, 1975 жылы салынған Иванковка бөгетінің құжаттамасы ауылдық округ әкімдігінде 2018 жылы рәсім­делген. Сол кездің өзінде бөгет апатты жағдайда  болса керек.  

– Әр жыл сайын Есіл бас­сейндік инспекциясының, об­лыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары комиссиялық тексерістен өткізеді. Өткен жылғы тексеру барысында бөгет бойынан ұзындығы 20 сантиметр болатын жарық анықталды. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде жарық үлкейіп, бірнеше жерінен қопарылып құлады. Ал бөгетті қайта жаңғырту туралы айтатұғын болсақ, павлодарлық «Биосфера ҰКП» серіктестігі құжаттарын әзірлеуде. Дайын болған соң сарап­тамаға жіберіледі. Одан соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масына өтінім жолданады.

Істің күрделенгендігі сон­шалық, ауыл тұрғындарының үміті келер жылы ғана орындалуы мүмкін. 182 адам тұратын, 74 шаңырағы бар ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселе жалғыз бөгет қана еместігін айта кетелік. Ауыл тұрғындары ұзақ жылдан бері ауыз сусыз отыр. Жергілікті серік­тестік отыз шақырым жердегі Журавлевка ауылынан ауыз  су тасиды. Оның өзінде де аптасына екі рет қана. Негізінде 1990 жылдардың басында су мұ­нарасы орнатылып, желілері тартылған. Тек бір әттеген-айы, ауыл тұрғындары қыруар қаражат жұмсалған осы істің игілігін көре алмады. Жер астындағы құбырды тот басып қалды. Ендігі жерде ауыл тұрғындары бұл желіден мүлдем күдер үзіп, бір ұңғыма қазып берсе ғой деген өтініштерін айтып отыр. 

Түн көрпесін жамылғанда ауыл қою қараңғылық құшағында қалады. Жеті қырдың ар жағынан өзге ауылдың жарығы самаладай жарқырап көрінеді.  «Аттыны көрген жаяудың аяғы талады» де­мекші, көрші ауылдың көше­сінде көп жарық көз қарықтырып тұр­ғанда, түнгі аспанынан бір сәуле себезгілемейтін бұл ауылдың тұр­ғындары бармақтарын тістейді. Интернет пен ұялы байланыс әзірге арман ғана. 5-9 сыныптар аралығында 13 оқушы көршілес Капитоновка ауылының негізгі мектебінде оқып жүр. Қыс айларында қиын-ақ. Ал көктемде ел қатынайтын жалғыз көпірдің жайы анау.

Тиісті орындардың шалғай­дағы шағын ауылға бүйрегі бұрыл­май тұрғаны қиын-ақ.

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы