Саясат • 23 Қазан, 2023

Жаңа цифрлық шешім

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Келер жылы елімізде дәрі-дәрмекті қадағалау бойынша ақпараттық жүйе мен балабақшаға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы іске қосылады. Үкіметте өткен кеңесте Премьер-министр Әлихан Смайыловқа тиісті цифрлық шешімдер таныстырылды.

Жаңа цифрлық шешім

Дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірнеше мәселені бірден шешуге ықпал етеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және өтірік есептен шығару мүмкіндігін жойып, дәрілік заттардың бөлшек сауда­дағы бағасына, қалдықтарына және жарам­дылық мерзімдеріне мониторинг жүргізеді.

Толық қадағалау мақсатында әр қорапқа екі өлшемді бірегей «Data Matrix» коды қолданылады. Нәтижесінде, республикадағы дәрілік заттардың толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға мүмкіндік туады.

«Жүйе дәрілік заттардың көлеңкелі саудасын едәуір төмендетеді және оларды орталықтандырылған сатып алуды тиімді жоспарлауға көмектеседі. Жалпы, платформада дәрі-дәрмек қорын таблетка санына дейін қадағалауға болады», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.

Сондай-ақ ашықтықты арттыру арқылы ықтимал контрафактілік өнім­дерді анықтауға, сондай-ақ дәрілік зат­тар­дың бекітілген бөлшек сауда баға­ларын бақылауға мүмкіндік туатыны атап өтілді.

«Жаңа жүйе ел тұрғындарын контра­фактілік өнімдерден қорғайды. Тұты­ну­шы сатып алған дәрі-дәрмектің заң­ды екеніне және олардың өмірі мен ден­сау­лығына қауіпсіз екеніне еш күмән­данбауына болады», деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Қазір жоба қанатқақты режімде жүзеге асырылып келеді. Қадағалау жүйесін 2024 жыл­дың шілдесінен бастап енгізу жоспар­ланған.

Премьер-министр платформаның барынша тиімді болуы және ауруханалар, емханалар, ауылдық денсаулық сақтау мекемелері мен дәріханаларда қолдануға ыңғайлы болуы үшін оның барлық функционалдығын егжей-тегжей пысықтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысына балабақшаларға кезекке тіркеудің Бірыңғай деректер базасы таныстырылды. Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін және мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалған.

Атап айтқанда, «Egov.kz» мемлекеттік порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн режімде берілген өтініштің мәртебесін бақылауға болады. Мекемелердің бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады. Жалпы, балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді.

Премьер-министр бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталуы керектігін атап өтті.

Аталған цифрлық шешім қазір қанат­қақ­ты режімде пысықталып жатыр. Бір­ың­ғай деректер базасын іске қосу 2024 жыл­дың қаңтарына жоспарланған.