Республика күні • 23 Қазан, 2023

Егемендік декларациясы: елдікке бастаған тарихи құжат

713 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан мынадай сөз бар: «Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар». Алаш көшбасшысы айтқан ұлы той – Қазақ елінің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң қабылданып, аң­саған азаттыққа қарай алғашқы қадам жасалды.
Өткен жылы күнтізбеге ұлттық мереке ретінде қайтарылған Республика күні биыл екінші мәрте кең көлемде тойланады. Біз мейрам қарсаңында елге танымал тұлғалардың басын қосып, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның маңызы мен мәні, ұлттық мерекенің ел өмірін­­д­егі орны жайында әңгімелескен едік. Дәстүр­лі дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайрат­керлері Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдас­беков, тарихшы ғалымдар Өмірзақ Озғанбаев, Бүркітбай Аяған, Тілеген Садықов, Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев, Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов қатысты.

Егемендік декларациясы: елдікке бастаған тарихи құжат

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Азаттық: арманнан – айқын мақсатқа

рнр

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

– 80-жылдардың аяғында КСРО-ның әр жерінде орталық биліктің саяса­ты­на қарсы халық дүм­пулері орын алып, империяның іргесі сөгіле бас­тады. Мен ол уақытта Қазақстан ком­партиясы Орталық комитетінің идео­логия бөлімін бас­қаратын едім. Сон­дықтан біз елімізде болып жатқан саяси өзгерісті қалт жібермей, ахуалды жіті бақылап отырдық. Осы кезде азаттық алу бұрынғыдай құр арман емес, айқын мақсатқа айналды. 90-жылдар басталғанда тәуелсіз ел атанып, жеке-дара шаңырақ құратын күніміз алыс емес екеніне көзіміз жете түсті.

Одақтас республикалардың мемле­кет­­тік егемендігін жариялау үрдісі ал­ды­мен Балтық жағалауы елдерінен бас­­талды. Одан әрі Кавказ республи­ка­ла­рында жалғасты. Ал біздің елі­мізде 1990 жылдың сәуір айында Президент институты енгізілгені бел­гілі. Қазіргідей бүкілхалықтық сайлау болмаса да, халық тарапынан сайланған депутаттардың да­уысқа салуымен Қазақ КСР-нің Пре­зи­денті сайланды. Кейін ол өз құзы­ретін пайдаланып, мемлекеттік егемен­дік туралы декларацияны қабылдау жұмысымен айналысатын комиссия құрды. Оның жетекшісі болып белгілі заңгер Салық Зиманов тағайындалды. Міне, сол сәуір айынан басталған талқы қазанның аяғына дейін созылды.

Жоғарғы кеңесте өте қызу пікір­та­лас жүрді. Депутаттардың алдында ше­­шілмеген сан мәселе тұрды. Ол уа­қытта бүкіл жұмыс Орталық арқылы жүр­­гізілетін. Еліміздегі кәсіпорын­дар­дың 93 пайызы тікелей Мәскеуге бағы­на­тын. Дербес мемлекет болғаннан ке­йін соның бәрі өз мемлекетіміздің құ­зы­ретіне өтуі керек еді. Бірақ ол оңай болған жоқ. Сол кезде елімізде де, Жоғарғы кеңесте де жергілікті ұлт өкілдерінің аз, азаттық алуды емес, КСРО-ны сақтап қалуды жақтаған де­путат­тардың көп болуы аталған мәсе­ле­лерді шешуге өз кедергісін кел­­тір­ді. Дегенмен Салық Зиманов бас­та­ған марғасқа ғалымдарымыздың, ұлт­жан­ды депутаттардың ықпалымен басым да­уыс жинап, көптен күткен Мем­ле­кет­тік егемендік туралы декларация қабылданып, дербес мемлекет атан­дық. Бұл оқиға – біздің азаттық алар жолы­мыз­дағы алғашқы қадам.

 

прр

Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Шынтуайтында, мемлекеттердің пайда болуы егемендік туралы декларация қабылдаудан басталады. Ол – егемен ел болудың мақсаты мен мәнін көрсететін маңызды құжат. Мем­лекеттің егемендігін жариялайтын мекеме – Парламент. Өйткені ол жерде депутаттар халық атынан шешім қабылдайды. Сон­дықтан Мем­­ле­кеттік егемендік туралы декла­ра­цияның қабыл­дануы біз­дің заң­ды түр­де дербес мемлекет атан­ға­ны­мыз­ды білдіреді.

90-жылдардың басында болып жат­қан саяси үдерістердің ішінде жүр­дік. Кейін Президент аппаратында қызмет еттім. Бодандықтан бостандыққа жеткен кезеңдер мен оқиғалар көз алдымызда өтті. Декларация талқысы жаз бойы жүрді. Парламенттің өз ішінен жік шықты. Егемендік алуға қарсы бол­ған­дар­дың көбі – кәсіпорындар директорлары, әскери адамдар, тағы басқалар еді. Олар «Қазақстанға өз егемендігін жариялау не үшін қажет? КСРО-ны сақтап қалмаймыз ба? Жаман мемлекет емес қой» деген уәждерін алға тартты. Құжат мәтінінің әрбір тармағы үшін талас-тартыс жүрді. Мысалы, Қазақ мем­ле­кетілігін жариялау, өз жеріміздегі бар­лық кәсіпорындарды Қазақстан Рес­пуб­ликасының құзыретіне беру секіл­ді мәселелер үлкен таласқа түсті. Қарулы күштер деп ашық айтылмаса да, республиканың өз қорғаныс ісі мәсе­лесі де қозғалды. Біздің бағымызға орай басым дауыспен декларацияны қабылдадық.

 

оон

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

– Мемлекет орнату, оны қалыптас­тыру, баянды ету дейтін күрделі үр­ді­с­ке қа­тысуды Алла кез келген кісі­нің маңдайына жаза бермеген. Біз – сол бақытқа ие болған адамдармыз. Тұңғыш Президент сайлауының штабын басқарудың, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын, Қазақстан хал­қы­ның форумын өткізудің, қазақ қазақ болғалы басына тіккен Ақорданың ашылу салтанатында баталы сөз айтудың маған бұйырғанын тарихтың пешенеме жазған несібесі деп санаймын.

Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Мемле­кет­тік егемендік туралы декларацияны 1990 жылы 25 қазан күні сағат 18:55-те қабылдады. Бұл құжатта ел аума­ғы­ның біртұтастығы мен оған жат көз­қарас, қарсы әрекет болмайтындығы бекітілді. Декларацияда аса маңызды мәселе – республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Ол – еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Құжатта еліміз «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Алғаш рет еліміздің табиғи ресурстарының, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің өз меншігінде болуының ерекше құқығын баян етті. Егер егемен­дік қағидаттарына қайшы келетін болса, ел аумағында КСРО заңдарын тоқ­тату құқығын белгіледі. Мемлекеттік еге­мен­дікті жариялау – еліміз үшін өз дамуының жолын дербес анықтау мүм­кіндігін ашқан тұңғыш акт.

 

Егемендік жолындағы саяси үдерістер

 

апа

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,

Мемлекет тарихы институтының директоры:

– Бастапқыда Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінде Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияның екі жобасы әзірленген еді. Алғашқы ресми нұсқасы академик С.Зимановтың басшылығымен жасалса, балама деп аталатын екінші нұсқаға «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы (бастапқы құрамында Е.Ертісбаев, Б.Белик, М.Оспанов, П.Своик, Б.Қадырбеков) бастамашы болды. Декларация жобасын талқылау кең ауқымға ие болды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылы 16 қыркүйектегі санында декларация жобасы ашық талқылауға ұсынылған. Осы жоба 15 тармақтан тұрды.

Сол кездесі саяси күш-жігер осы құ­жат төңірегіне қоғамды топтастырып, кон­сенсустың биік деңгейін көрсеткені – тарихтан алар үлкен сабақтың бірі. Мұны дала демократиясындағы саяси мәдениеттің бейнесі деп сипаттауға болады. Декларация жобасын талқылау ғылыми дискуссиямен де толықты. Мәселен, 22 қыркүйекте «Социалистік Қазақстан» газетінің «Тұжырымдама жобасын талқылаймыз» айдарында эко­­номика ғылымдарының кандидаты Р.Несіпбаевтың «Егемендікке еркіндік арқылы жетеміз» атты мақаласы жария­ланды. 23 қыркүйектен бастап «Со­циа­листік Қазақстан» газетіндегі сол ай­дардың атауы «Декларация жо­ба­сын талқылаймыз» деп өзгерді. Осы күні заң ғылымдарының докторы, профессор Қ.Наменгеновтің еге­мен­дік, суверенитет мағыналарына талқы­лау жасаған «Нақтылау қажет» атты мақаласы, 2 қазанда Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Д.Кішібековтің «Шын мәнінде егемендік керек», 3 қазанда филология ғылымдары докторларының пікірлері ұсынылып, жо­бадағы нормаларға тіл факторы аясында пікірталасты кеңейте түсті.

1990 жылы 4 қазанда «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобының үндеуі жарияланып, онда билік тармақтарының бөлінісін іске асыру барысына сыни көз­қарас білдіріліп, Коммунистік пар­тияның монополиялық жағдайына шектеу қою, партиялық қағидатты заң шығарушы құрылым аясында жүр­гізу мақсат етілді. Осы орайда, депутаттық топ мүшелері би­лікті бір пар­тияның, құрылымның немесе жеке бір адамдардың қолына шоғырлану қаупі мәселесін де көтерген.

5 қазан күні Алматыда егемен мемлекет ретіндегі Қазақ КСР-нің теориялық-ме­то­дологиялық аспектілерін талқы­лау­ға арналған ғылыми-теориялық конференцияда Қазақ КСР Ғылым ака­де­миясының академигі М.Қозыбаев баян­дама жасады. 1990 жылы 16 қазанда ресми және баламалы нұсқаны жақ­тау­шылар өзара сөз жарыстырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында және осы сессияда талқылау кезінде айтылған ұсы­ныстар мен пікірлер ескеріле отырып, республиканың Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жобасын пысықтау жөніндегі комиссия құрылды. Бұл туралы «Лениншіл жас» газеті 1990 жылы 18 қазанда ақпарат таратты. Депутаттық топтардың талқылауы түрлі призмада мәселелерді түйіндеуге мүмкіндік берді.

ннн

25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің таңертеңгілік отырысында Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғарғы кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.Зиманов сөз сөйледі. Жоғарғы кеңестің кешкі отырысында декларация жобасы әрбір бап бойынша талқыланды. Әр бап жекелей дауыс беру арқылы шешілді. Талқылау алты сағатқа созылып, нәти­жесінде, 350 депутаттың 71-і қарсы болғанына қара­мас­тан, көпшілік дауыс­пен декларация қабылданды.

26 қазан күні Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев Жоғарғы кеңестің сессиясына қатысып, депутаттарды халқымыздың саяси өміріндегі маңызы бар құжат – Қазақстанның егемендігі туралы дек­ларацияның қабылдануында қызу пікірталас болғанымен, оны бекітуге келгенде халық депутаттарының респуб­ликамызда қалыптасып отырған саяси ахуалға жауапкершілікпен қарай­тын­ды­ғын байқатқанын атап өтті. Бұдан әрі саяси үдерістер жанданып, Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы деп өз­гертілді. Осы құжатта республика демо­кратиялық, тәуелсіз, бейбітшілік сүйгіш, құ­қықтық мемлекет құруға ұмтылысын басшылыққа алатындығы тайға таңба басқандай жазылды.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

– Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаннан кейін алдымызда үлкен асулар тұрды. Ең бастысы, КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз ел атану үшін берік іргетас қалап алдық. Соны негізге ала отырып, бір жылдан кейін, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігі туралы» конституциялық заң қа­былданып, азаттыққа толыққанды қол жеткіздік. Менің ойымша, Республика күні мен Тәуелсіздік күнін бір-бірінен төмендетуге болмайды. Екеуі де хал­қымыз үшін маңызы орасан зор мерекелер. Бірі – азаттыққа барар жолды ашып берсе, екіншісі соның нүктесін қойды. Тек 1991 жылы 16 желтоқсаннан кейін ғана біздің тәуелсіздігімізді басқа елдер мойындап, әлемдік аренада өзін­дік орны бар жеке-дара мемлекетке айналғанымызды ұмытпауымыз керек.

Біз көптен бері армандаған, іске асыруға талпынып, құлшына атсалысқан декларацияның қабылдануына аман-есен, соғыссыз, көтеріліссіз жеткенімізге шүкіршілік еттік. Тарихта тәуелсіздігін қантөгіссіз алған елдер көп емес. Біз солардың бірі болдық. Осы азаттыққа жету үшін төңкеріс жасалып, халық қырылғанын қаламадық. Солай болды да.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– «Егемендік туралы декларация бізге не берді?» деген сұрақ туындайтыны рас. Ол бізге шекарамызды белгілеу, өзіндік экономикалық саясатымызды жүргізу, қарулы күштерімізді құру, мемлекеттік басқару органдарын жасақтау секілді маңызды істерге жол ашты. Өз мүддемізге сай қажетті заңдар қабылданды. Яғни ол кезде әлі тәуел­сіз­дігімізді алмасақ та, тәуелсіз мем­лекетке тән саяси өзгерістер басталып кеткен еді.

 

Егемендік жолының елең-алаңы

 

рер

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, экс-сенатор:

– 1990 жылы туған балалар қазір 33 жасқа толған екен. 33 жыл – бір ұрпақ ауысатын уақыт. Елдігімізге қаланған іргетас іспетті болған Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1993 жылы тұңғыш Ата заңымыздың қабылдануына негіз болды. Ұлттың тынысын ашты. Бүгінгі тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақ – бақытты ұрпақ. Қай ел, қай халық болсын, оның ең басты арманы – тәуелсіздікке жету. Қазір дүниеде ұлтарақтай жерге, егемен елге зар болып отырған көптеген халық бар. Олардың жанында дербес мемлекеті бар біз – маң­дайының бағы бес елі бақытты ұлтпыз.

 

ннн

Тілеген САДЫҚОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

– Тәуелсіздік – ұлағатты ұғым. Әр ұлттың басынан кешетін көңіл күйін біз де кештік. Осыдан 33 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған тұста бөркімізді аспанға атып қуандық. Одан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздікке қол жеткізгенде одан бетер шат-шадыман болдық. Шынында, бұл үлкен тарихи кезең еді. Ғасырлар бойы аңсаған, кешегі ел үшін, жер үшін, қазақ үшін жанын құрбан еткен ата-бабаның, бергі зиялы қауым өкілдерінің арманы еді.

Біз – кеңестік дәуірде білім алып, сол кезеңде қызмет бастаған адамдармыз. Сондықтан о заман мен бұ заманды салыстыруға толық мүмкіндігіміз бар. Сөз жоқ, біз мем­лекетілігімізді бекемдедік, тәуел­сіз елдің шаңырағын көтердік. Шекара­мыз­ды шегендедік. Басқа елдермен қарым-қатынасымызды жақсарттық. Ха­лықаралық деңгейде БҰҰ-дан бастап, үлкен ұйымдардың толыққанды мүшесі болдық.

Мен тарихшы ретінде айтайын, еліміздің егемендігі тұсында тарихты қайта қалпына келтіру, өткенімізді түгендеу үшін жақсы бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – 2004 жылы дүниеге келген «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­масы. Соның арқасында алыс-жақын шетелдерден көптеген құнды құжат әкеліне бастады. Сол құжаттардың ар­қа­сында біз тарихты қайтадан бекемдеп, олқылықтарын нақты деректермен толықтырдық. Бұл жұмыстар әлі де «Архив-2025» деген бағдарлама аясында жалғасын тауып жатыр.

Екінші бағдарма – 2013 жылы бас­тал­ған «Халық – тарих толқынында». Оның да маңызы өте жоғары. Ең бас­тысы ұлттық тарихты түгендеу, оның бағыттарына айқын методологиялық тұжырымдамалық көзқарас жасауға өзі­нің септігін тигізді. Осындай жұ­мыс­тар нәтижесінде дайындалып жатқан жеті томдық тарихи еңбектің де бағасы зор.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еліміз үшін өте қиын болды. Тұңғыш Президент соның бәрінің жөнін, жолын таба білді. Елді ұйыстырып, халықты бірлікке топтастырды. Қазіргі күні де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құру бастамасын қолға алып, ел келешегі, ынтымағы мен бірлігі үшін елеулі реформаларды жүзеге асырып жатыр.

Егемендік алған тұстағы есте қалған оқиға­лардың бірі деп Дүниежүзі қазақ­та­рының бірінші құрылтайын айтар едім. «Құрылтайды қалай өткіземіз?» деп көп таластық. «Елім-айлап» кетіп еді, «Елім-айлап» келсін, соны айтқызайық», дедік. Бұған көп адам қарсы болды. «Зарлатып не керегі бар?» дегендер де табылды. Ұшақтан түскен кездегі қандастарымыздың көзіндегі жасты көргенде, бәріміздің көңіліміз босады. Жерге түсе салып, туған топырақты құ­шақтап сүйген сәттері әлі күнге дейін есімізде. «Елім-ай» әні орындалып жатыр. Сай-сүйегіміз сырқырап кетті... Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашы­майды. Сондықтан еліміздің өркен­де­уі үшін ең алдымен бірлік керек, ынтымақ қажет.

 

ппп

Сағила НҰРЛАНОВА,

Ұлттық архив директоры:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында, Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, еліміздің тарихын терең танып білуге басты назар аударды. Осыған байланысты еліміздің Ұлттық архиві жас ұрпаққа архивтік құжаттар арқылы төл тарихына деген қызығушылығы мен патриоттық сезімдерін ояту мақсатында еліміздің барлық маңызды құжаттарын сақтап, келешекке үлкен тарих қылып жеткізу миссиясын атқарып келеді.

Ұлттық архивте сақталатын құжат­тардың негізгі бөлігі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы мен дамуы кезеңіне жатады. Құжаттарда елдің мем­лекеттік және әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық құрылысының, мәдениеті мен тарихының бірегей құнды деректері көп. Ұлттық архив еліміздің мемлекеттік және саяси дамуына қатысты көптеген қор мен істі көзінің қарашығындай сақтап отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңының тарихын зерттеу үшін нақты материалға ең бай қор «№2 қор» деп аталады. Ол жерде еліміз егемендігін алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі ең маңызды тағдыршешті құжаттар сол бір сындар­лы жылдардың сырын сақ­тап, ғылыми айналымға түсетін сәтін күтіп жатыр. Олардың ішінде қазіргі зерттеу­ші­лер­дің қызығушылығын тудырады деген «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Кон­сти­туциялық заңы, 1994 жылы 6 шілде­дегі «Қазақстан Республикасының ас­та­насын көшіру туралы» Жоғарғы ке­ңес­тің қаулысы, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба, Әнұран туралы, ұлттық валютамыз туралы құжаттар сол кездегі еліміздің тәй-тәй басқан ең алғашқы қадамдарынан қалған іздей болып сайрап жатыр.

 

Егемендік бізге не берді?

 

ррр

Дәулет МҰҚАЕВ,
Мәжіліс депутаты:

– Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Саяси-қоғамдық оқиғалардың басым бөлігі бала кезде өтті. Бұрын 25 қазан күні тойланатын мереке студенттік, ба­лалық шақтағы демалыс күні ретінде есте қалды. Күнтізбеден алынып тастал­ғаннан кейін ол Тәуелсіздік күнінің тасасында қалып қойғаны рас. Асылында Тәуелсіздікке негіз болған – Декларация. Бұл сол кездегі мемлекеттік қызметте жұмыс істеген аға-апаларымыздың ең­бегі. Оңай болмады. Оңайшылықпен кел­меді. Сондықтан бұл – шекарамызды бекемдеуге, мемлекеттілік тұғыры­мыз­ды бекітуге негіз болған күн.

Бізде Мемлекеттік туды көшеге іліп қойса, айыппұл салады деген бір түсінік қалыптасқан. Бұрын, қателеспесем 400-500 АЕК көлемінде айыппұл салынып келген еді. Осындай айтулы даталарда туды ұстап жүрсек немесе көшелерге іліп қойсақ, ол азаматтарымыздың ұлттық рухын арттырады. Мәселен, үйдегі тереземде ту үнемі ілініп тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған рұқсатын берді. Германия, АҚШ, Түркия елдерінің азаматтары туларына ерекше мақтанышпен қарап, арқаларына жамылып жүреді. Бізде де сондай болса екен дейміз. Жастардың арасында флешмоб ретінде әр жерге туды іліп, насихаттасақ деген тілек бар. Мұны біз осындай ұлттық мерекелерімізден бастауымыз қажет. Бұған қоса ұлттық киімдерімізді күнделікті киіп, әр азамат оның насихатталуына атсалысқаны абзал. Сондай-ақ мектеп оқушылары, студенттер, жастар арасында патриоттық іс-шараларды көбейту керек. Төл тарихымызды насихаттауымыз қажет. Осылайша, өскелең ұрпақ туған жерінің, төл мемлекетінің қадір-қасиетін бойына тереңірек сіңіріп, елдіктің мағынасын асқақтата ұстағаны жөн.

 

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, экс-сенатор:

– Қазір ел басындағы азаматтардың бас­тамасымен Әділетті Қазақстанды құ­рып жатырмыз. Бұл бізге егемендіктің берген үлкен бақыты. Қазіргі астына жүйрік көлік мінген, қалтасында қос телефоны бар өскелең ұрпақ тәуелсіздікке жетер жолдағы аға ұрпақтың еңбегін, егемендігіміздің мәні мен қадірін біле ме? Біз секілді тарихшы қауымның алдында тұрған үлкен шаруа сол: азат­тыққа қалай жеттік, осы жолда қандай жан­қиярлық істер атқарылды, қандай қиын-қыстау, тар жол тайғақ кешуден өттік – осындай маңызды тарихи де­рек­тердің бәрін жас ұрпақтың санасына құю. Бүгінгі жаймашуақ өмірдің жайдан-жай келмегенін, бостандық үшін қаншама боздақтарымыздың өмірі қиылғанын, өткен ғасырда Алаштың көсегесін көгертуді қалаған 105 мыңнан астам азаматымыздың тұтқындалуын, оның 25 мыңнан астамының жазықсыз атылып кеткенін ұғындыруымыз керек. Өмірі қапияда қиылған сол 25 мың адам қандай жандар еді? Олар қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары еді. Біз олардың әрқайсының есімін ұмытпай, жадымызда сақтай білуіміз керек. Тарихи сана қалыптаспай, Отанын сүйетін патриоттарды тәрбиелеу қиын. Ұлы Отанымыз – бабаларымыздың қанын төгіп, жанын беру арқылы ұрпаққа аманаттаған байлығы. Жаратушымыз бізге байтақ жер берді, ел берді, кен берді, ер берді, біз соның қадіріне жете білуіміз қажет.

 

Тілеген САДЫҚОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Кейінгі оншақты жылда Республика күні қоғамнан шеттеп қалғаны рас. Бір жыл­дары тіпті атамай кеттік. Бірақ был­тыр Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи күнді қайтадан ұлттық мереке дәрежесіне көтеріп, жоғары деңгейде атап өту керек дегеннен кейін қайта жаңғырды. 25 қазан – Тәуелсіздіктің бастау алған күні. Өйткені декларацияда айтылған мәселелерді қарап отырсақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдаған Тәуелсіздік туралы заңның бастамасы, сондағы айтқан ойлар, тұжырымдамалар декларацияда да айтылған. Декларация бұл ресми, заңды құжат болған жоқ. Бірақ алғаш қоғамды серпілтіп, еңсесін көтерген құжаттың маңызы өте зор. Біз көбіне-көп белгілі бір мерекені сол күні ғана атап өтеміз де, қалған уақытта көп еске ала бермейміз. Республика күнінен басталған үлкен жетістікті үнемі айтып отыру керек. Халықтың, ең бірінші жастардың санасына кіруі керек. Ресми іс-шаралардан бөлек, күнделікті тіршілікте отбасынан бас­тап, қоғамдық орындарда, ғылыми ортада, білім саласында айтылатын негізгі ой осы Тәуелсіздіктің маңызы, оның рөлі болуға тиіс. Оның негізі Республика күнінен басталады. Егер мұны жастардың, ұрпақтың санасына сіңіре алсақ, бұл шын мәнінде ұлттық болмыстың жаңғыруы болар еді.

 

Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,

Мемлекет тарихы институтының директоры:

– 2022 жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы айта келе: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген болатын. Одан әрі Президент өзге алқалы жиында: «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды», деп пайымдады.

дшд

Бүгінде Республика күні мерекесінің сипаты өзгеріп, елдегі демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғаны, «адамның егемендігі», оның әл-ауқаты мен өзі өмір сүріп отырған ортаға деген адалдығы қайта күн тәртібіне шы­­ғып отыр. Қазіргі уақытта осы идея «Халық үніне құлақ асатын мемле­кет» тұжырымдарымен үндеседі. Адам жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашатындығы үне­мі басым­ды­ғымыз болуы маңызды. 1990 жылы еліміз БҰҰ Даму бағ­дарламасының «Адами даму индексі» атты тұңғыш рейтингінде және баяндамасында кө­рініс тапты. Сонда 0,650 балл алып, 66-орынға тұрақтадық. Яғни «Адами әлеуетінің даму деңгейі жоғары елдер» са­натына кірдік.

2021 жылы Қазақ елі 0,811 балмен 56-тұғырға көтерілді. Бұл – егемендік пен мемлекеттік тұрғыда маңызды қадам. Жаңа кезеңнің құндылықтары орнығып, рәсімдер пайда болып, жаңаша мінез-құлықтар қалыптасып келеді. Осы орайда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы қажет. Мерекенің әлеуеті де осында.

 

Дәулет МҰҚАЕВ,

Мәжіліс депутаты:

– «Егемендік бізге не берді?» деген сұраққа келсек, еліміз тәуелсіздік алғалы біраз ірі тарихи оқиға болды. Солардың кейбірінің өтуіне біз де атсалыстық. Мәселен, әлемдік деңгейдегі ЭКСПО көрмесі, универсиада, Азиада сынды үлкен ауқымды іс-шараларда волонтер болдым. Саяси-қоғамдық оқиға­лар­дан айтар болсам, кейінгі жылдары Президенттің бастамасымен референдум өтті. Сайлау жүйесіне жеке мандаттық сайлау қосылды. Бұрын бәрі партия тізімімен ғана өтетін. Қазіргі жүргізіліп жатқан саяси реформаның да алғашқы нәтижесіне ел куә болып отыр.

 

Сағила НҰРЛАНОВА,

Ұлттық архив директоры:

– Әділетті Қазақстанды құру үшін отаншыл қоғам қалыптастыру қажет. Ал отаншыл қоғамды қалай қалып­тас­ты­рамыз? Ол үшін еліміздің арғы-бергі тарихын түгендеп, өскелең ұр­пақтың санасына мықтап сіңіре білуіміз парыз. Ал Ұлттық архив қой­ма­ла­рында сақталған тарихты жалпы әлеуметке жеткізу үшін тарихшылар мен архившілер тізе қоса, бірлесе еңбек етсе ғана ойлаған жоспарымыз іске аспақ. Сол себепті де Тарих институты мен жуырда ашылған Ұлттық архив ғылыми зерттеу зертханасы осы жоспарымызды іске асыру бағытында өлшеусіз үлес қосары сөзсіз.

Бүгінгі таңда Ұлттық архив қоғамның материалдық және рухани өмірін бей­нелейтін тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени маңызы бар және үнемі толықтырылып отыратын мұрағаттық құжаттар қорына айналған. Бұл жердегі құжаттардың көлемі 400 мыңға жуық сақтау бірлігін құрайды. Яғни атқарушы және заң шығарушы биліктің ең жоғарғы сатыларынан бастап барлық министрлік пен ведомствода, ұлттық компанияда ел экономикасы мен әлеумет әлеуетін көтеруге арналған маңызды шешімдер мен қабылданған құнды құжаттар біздің қоймаларымызда шашауы шықпай, көздің қарашығындай сақталады.

 

Тілеген САДЫҚОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Азаттық алғалы өткен 30 жылдан астам уақытта жетістіктерімізбен қатар, әттеген-ай деген тұстардың болғаны рас. Әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселе көп. Мысалы, біріншіден, «Ұлан-байтақ жерімізде жатқан қазына байлағымызды толық өз мүддемізге пайдалана алдық па? Халық неге осы үлкен байлықтың үстінде отырып, өз елінің қожасы, өз елінің байлығын сезіне алмайды?» деген сауалдар ойға оралады. Экономикалық реформалар көп жүргізілді. Соның өзінде нәтижесі толық ашылмаған секілді. Қазіргі күні Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан заңсыз активтерді елге қайтару ісі осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз.

Екінші, әлеуметтік мәселе. Әрине тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­мен са­лыс­тырғанда халық көп жетіс­тікке жетті. Біртіндеп әлеуметтік мәселелер шешіліп жатыр. Зейнетақы реформасының өзі бір төбе. Бірақ неге көп жерде әлі де «аз қамтылған», «жағдайы нашар» деген сөздерді пайданып жүрміз? Осы уақытқа дейін бұл мәселелерді біржақты шешіп үлгермедік. Яғни бұл істеп жатқан тір­шілігіміздің бір жетіспейтін тұсы сияқ­ты.

Үшіншіден, әлемдік деңгейде өрке­ниетті елдермен терезесі тең, халық­аралық қауымдастықтан ойып тұ­рып орын алған мемлекет болдық деп мақ­та­намыз. Сөз жоқ, көрші елдер­мен қарым-қатынасымыз жақсы. Шекаралық дау-дамай жоқ. Бірақ соған қарамастан қазіргі сын-қатерлерді ескеріп, сыртқы сая­сатты аса сақ жүргізу керек. Абылайдың за­манындағыдай көрегенділік қажет. Осы ортада ұлан-байтақ жерге ие болу қазақ үшін, қазақтың мемлекеті үшін оңай емес. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта сындарлы саясат жүргізіп келеді. Біз осы беделімізді ел дамуының қуатты кілтіне айналдыра білгеніміз абзал.

 

Дөңгелек үстелді жүргізгендер –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»