Спорт • 23 Қазан, 2023

Астанада бокстан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты басталды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада алғаш рет бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада бокстан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты басталды

Байрақты бәсекеде сары құрлықтың 23 елінен 450-ге жуық жас спортшы Азия чемпионы атағына таласады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қытай Тайбэйі, Жапония, Филиппин, Гонконг, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Иран, Қырғызстан, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан, Түрікменстан, Палестина, Пәкістан, Йемен, Ирак, Иордания, Кувейт, Малайзия және Қазақстан бар.

Турнирдің ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, IBA Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлёв, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев, Азия бокс қауымдастығының бас хатшысы Али Саламех қатысты.

«Бұл іс-шара ең алдымен туризм мен спорт саласының дамуына ерекше серпін береді. Көптеген спорт шеберлерін өсірген қазақ даласында бокс қашанда бағаланған. Өздеріңізге белгілі, бізде Олимпиада және әлем чемпиондары шыққан үлкен бокс мектебі бар. Осы күнге дейін жерлестеріміз Олимпиаданың 7 алтын, 7 күміс, 10 қоласын иеленіп, 3 мәрте «Вэл Баркер» кубогі атағын алды. Ол боксшылар да осындай кішкентай кезінен бастап, жасөспірімдер, жастар арасындағы жарыстарға қатысқан. Соңғы 5 жылда жас спортшыларымыз әлем чемпионатында 6 алтын, 10 күміс, 11 күміс алды. Бүгінде бокспен 100 мыңға жуық бала айналысады. Осындай турнирлер жастарымызға шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік береді. Шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін!», деп Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өз құттықтауын білдірді.

Айта кетейік, жарыс 3 қарашаға дейін созылады. Бокс бәсекесін ASBC YouTube каналынан тікелей эфирде көруге болады.