Айман Бейсекова Май ауданындағы кітапханалар желісінде 20 жылға жуық қызмет етіп келеді. Үнемі оқырмандардың үдесінен шығатын іс-шараларға бір өзі бас болып жүреді. Кітапханаға жиі бас сұғатын балалар мен ересектер оны жақсы көреді. Себебі Айман апай оларға әрдайым қызықты кітаптар мен әдебиеттер ұсынып, бос уақыттарын тиімді өткізудің түрлі әдіс-амалын ойластырады. Өз мамандығына адал жан бүгінгі кітапхана тек кітап оқитын жер емес, ол әр ауылдағы мультимедиялық-коммуникациялық орталыққа айналуы керек деп есептейді.
– Кітапханашы әр келушінің көңілінен шығатын кітапты дәл тауып, оны насихаттап, қажеті болса сол кітаптағы образдардың кейпіне кіріп актер болуға да дайын тұруы керек. Ақпараттық технология дамыған заманда адамдарды рухани дүниеге, әдебиетті оқуға тарту оңай шаруа емес. Бір жағынан көп адамдардың жұмысбасты екенін ескере отырып, кітапхана мекемелерін олардың бос уақыттарына орайластырған дұрыс деп ойлаймын. Мысалға, біздің аудандағы 14 ауылдық кітапханада кешкі сағат 19.00-ден 21.00-ге дейін «Кешкі кітапхана» жұмыс істейді. Балалар мен ересектердің барлығы бізге кітап немесе газет-журнал оқу үшін келмейтіні анық. Өзара араласып, әңгіме айтып, жаңалықтарымен бөлісіп жатады. Мұнда тұрақты келіп дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, асық ататындар да бар. Мезгіл сайын қазақ әдебиеті тарландарының белгілі шығармаларының желісі бойынша театрландырылған көріністер қоямыз. Биыл Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Қамар сұлуы», Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілегінен» келтірілген үзінділер сәтті шықты, – дейді ауыл кітапханашысы.
Ол бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапхананың әдіскері болып жұмыс істейді. Айтуынша, соңғы 9 айда жергілікті кітапханаларға 2244 оқырман келген. Оқырмандардың дені 15 жастан асқан балалар мен бозбала-бойжеткендер және жасы 40-тан асқан тұрғындар. Аудан көлемінде 153 мың кітап қоры бар болса, соның небәрі 12 мыңдайы ғана қазақ тіліндегі кітаптар. Соңғы жылдары ауыл кітапханаларына кітап сатып алу үшін бюджеттен ақша бөлінгенімен, әлі де аз екенін жеткізді. Әсіресе 4D, 5D форматындағы кітаптарды қызық көретін балалар көп көрінеді. Жергілікті педагогикалық және психологиялық түзету кабинеті әдістемелік тұрғыда осы оқулықтардың көмегіне жүгінетінін байқаған мамандар әлгіндей заманауи өнімдер көбірек алынса деп өтініш айтады. Қазір жергілікті халықтың сұранысы да өзгерген. Көбіне тарихи кітаптарды оқығанды ұнатады. Детектив жанрындағы әдебиеттер мен жергілікті авторлардың кітаптарына да сұраныс баршылық. Тек қаржының аздығынан жаңа әдебиеттерді әкелу әзірше мүмкін болмай тұр.
«Біздің кітапханашылар бір орында отыра беруді ұнатпайды. «Кітап терапиясы» жобасы бойынша үйдегі зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға кітап апарып береміз. «Кітап дайджесті» жобасы аясында жергілікті басылымда жаңа әдебиеттер туралы насихаттаймыз. Көпшілік Ілияс Есенберлиннің, Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділов пен Немат Келімбетовтің кітаптарын жиі сұрап жатады. Заманға сай кітапхана болуға ұмтыламыз. Бұл үшін алдағы уақытта жаңадан ноутбуктер мен принтерлер, дыбыс жазғыштар сатып алу қажет. Оқырмандар өзі ұнатқан кітабынан үзінділерді мәнерлеп оқып, дыбыс аппаратына жазса, оны ұялы телефонына жүктеп естіп жүрсе, ғанибет емес пе?! Бәрімізге ортақ негізгі мәселе – ауылдағы кітапханаларда кітап сөрелері әбден ескірген. Интернет желісі 11 кітапханада ғана бар. Ауыл кітапханаларында зияткерлік, ақпараттық және демалыс орталықтары ашылса. Осыған Үкімет деңгейінде назар аударып, арнайы бағдарлама қабылдап жіберсе жаман болмас еді. Кітапханалардың іші-сырты бірдей жарқырап тұрса, оқырман да бізді жиі іздеп тұрар еді», деген ойын жеткізді Айман Өмірбекқызы.
Кітапханаға бару пайдалы деп мораль айту қазіргі жастарға әсте өтпейтіні белгілі. Оларды заман талабына сай реттеп, сұранысқа сай етсе, көпшілік өздері-ақ іздеп келер еді. Айман Өмірбекқызы сияқты өз ісінің энтузиаст мамандары барда ауылдағы кітапханалардың жұмысы тоқырамайтыны анық.
Павлодар облысы,
Май ауданы