Әскерге шақырылушылар бөлімге келген сәттен бастап әскери ант қабылдағанға дейін бір ай дайындалады. Осы кезеңде олар әскери қызметтің негіздерін игеріп, бастапқы пәндерді, оның ішінде саптық дайындықтан өтіп, дене шынықтыру, жалпы әскери жарғылар мен әскери қызметтің қауіпсіздік негіздерін үйренуі керек.
Жауынгерлердің тезірек бейімделуі үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдерінде ең тәжірибелі офицерлерден, сержанттардан, психологтерден тұратын жиын әкімшілігі құрылды. Жиын әкімшілігі бастығының айтуынша, күзгі шақырылған жастардың арасында спортшылар көп. Оның ішінде жиырмадан астам адам спорт шеберлігіне үміткер және жекпе-жектің түрлерінен дәрежелері бар. Маңғыстау облысынан бокстан ел чемпионы және грек-рим күресінен Азия чемпионы да әскерге шақырылып отыр. Мерзімді қызметін өткеру барысында оларға жаттығу үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Спортшылар Қарулы күштердің деңгейінде өтетін жарыстарға қатыса алады. Спорттық аренада Десанттық-шабуылдау әскерлерінің намысын қорғамақ.
– Алматы облысының «Іле» полигонында Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарынан шақырылған 200-ден астам бозбала жас жауынгер курсынан өтіп жатыр. Бүгінгі таңда олар күн тәртібі мен жаңа режімге үйреніп қалды, – дейді жиын әкімшілігінің бастығы, подполковник Бақытжан Қырғызалиев.
Ол әр сарбаздың жеке басын, мінез-құлқы мен ерекшеліктерін анықтау үшін психолог-офицерлер әңгімелесулер мен тестілеу өткізетінін айтты. Алматы гарнизонының әскери полициясы қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады, әкімшілік және қылмыстық кодекстер баптарының ережелерін түсіндіреді.
Подполковник Б.Қырғызалиев жастармен болатын күнделікті әңгімелесуден кейін 50-ден астам сарбаздың әскерге шақырылғанға дейін тұтынушылық несиелерді рәсімдегені анықталғанын айтты. Қазір оларға «несиелік демалыс» ресімдеу бойынша жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және оларды қолдау жөніндегі шаралардың бірі.
Астанадан шақырылған жиырма жастағы Дмитрий Сүлейменов мектептен кейін бірден мерзімді қызметті өткеру туралы шешім қабылдапты. Бірақ қорғаныс істері жөніндегі басқарманың шақыртуы биыл ғана қолына тиген. Ол колледжді жеңіл және ауылшаруашылық машиналарының механигі мамандығы бойынша бітірген. Алған мамандығы қызмет барысында кәдеге асатынына сенімді. Жас жігіт өзінің десанттық-шабуылдау әскерлеріне қызмет етуге келгенін ерекше бір сезіммен айтады.
– Жуырда ғана біз парашютпен секіру алаңына бардық. Онда көктемде шақырылған жігіттердің алғаш рет парашютпен секіргенін көріп, таң қалдық. Менің де арманым – өзімді сынап көру. Әскердегі қызметтің арқасында көп ұзамай ол арман орындалатынына сенімдімін және сол сәтті асыға күтемін, – дейді жас сарбаз.
Әскер қатарына шақырылған Д.Сүлейменовтің үйінде ата-анасы, денсаулығына байланысты әскерде қызмет ете алмайтын сыңары, мектепте оқитын кіші қарындасы және бір жарым жасар інісі бар. Дмитрий барлық сарбаз сияқты апта сайын үйіне қоңырау шалып, жаңалықтары мен жетістіктерін, командирлер мен достасып үлгерген әріптестері туралы айтып тұрады.
Жақын арада әскерге шақырылушылар бронді машиналармен және алғашқы атыс қаруларын қолданып сынақтан өтеді. Содан кейін оларды Әскери ант беру салтанатты рәсімі күтеді.