08 Маусым, 2010

ҮЙРЕНЕРЛІК ҮЗДІК ҮЛГІ

622 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Елбасы шешімі елдің көңілінен шықты КӨП ПІКІРІМЕН ОРАЙЛАС Бұл өзі қызық болды ғой. Ең алдымен, ол – ел сайлаған Пар­ламенттің беделді мүшелері ойда жоқ жерде “Ұлттың көшбасшысы” (“Ұлт лидері”) деген атақ берейік деп Парламенттің 81 мүшесін көндіріп, бірауыздан қаулы шығарып, Пре­зидентке бекітуге жібергені. Сон­дай-ақ, абырой болғанда, Прези­ден­тіміз оны бекітпей, кері қайтарғаны. Ойлап көрейікші, “Көш­бас­шы”, “лидер” деген атақ қашанда қаулымен, шешіммен, бұйрықпен берілмейді. Оны ел, халық өзі береді, атайды. Нұрсұлтан Әбішұлы онсыз да Қазақстан халқы алдында, бүкіл әлем алдында Вашингтон, де Голль, Ататүрік, Дэн Сяопин, тағы басқа қайраткерлер сияқты аты шыққан лидер. Әрбір халық осын­дай әлем алдында бедел алып, көте­рілген басшыларын мақтан ете­ді, қорғайды, аман-саулығын, та­быстан табысқа бастай беруін ті­лей­ді. Халық пікірі бәрінен де жоғары. Парламент шешімі ел тілегіне ешнәрсе қоса да алмайды. Сон­дықтан Парламенттің бұл ұсынысы қабылданбай, кері қайтарылғанын ел болып құттықтаймыз. “Ұлық болсаң, кішік бол” деген, міне, осы. Бұл үлкен адамгершіліктің, демократиялықтың, қарапайым­ды­лықтың, яғни кісілікке жарасатын кішіліктің айқын көрінісі. Осы айтылған пікірі арқылы Прези­ден­ті­міз әлем алдында өзінің мәртебесі өте биік тұрғанын көрсете білді. Досмұхамед КІШІБЕКОВ,  ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРГЕ БЕРІКТІК Парламент Сенаты мен Мәжі­лі­сінің депутаттары еліміздің Тұң­ғыш Президенті, Ел Басы туралы заң­намаға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы заңдарды бір­ауыз­дан қабылдап, Мемлекет бас­шы­сына қол қоюға жібергенінен жақ­сы хабардар­мыз. Аталған заң­дар­дағы мәселелерді қазақстан­дық­тар да қолдады. Мұны қазақстан­дық­тардың Тұңғыш Президентке деген шынайы ықыласы мен қалт­қы­сыз сенімінің көрінісі деп баға­лаған жөн. Өйткені, Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаев салиқалы саясаты мен реформаларды табыс­ты жүргізуінің нәтижесінде Қазақ­станды жиырма жылға жуық уақыт ішінде әлем жұртшылығына таны­мал етті, көршілес елдермен ара­да­ғы мемлекеттік шекарамызды бел­гіледі. Сарыарқа төсінде келбеті ке­ліскен, көркі таң-тамаша қалды­ра­тын елорда – Астана қаласы салынды. Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарына, Парламент депутат­та­рына, “Нұр Отан” ХДП Саяси бюро­сына арнауында Ел Басы мәртебесін тек заңдармен немесе құқықтық актілермен белгілеуге болмайтындығын, сондай-ақ Мем­ле­кет басшысына қосымша өкілет­тіктер беру әлемдік тәжірибеде аз емес екендігін атап өтті. Жалпы, Елбасы мен Ел Басы­ның арасында айырма бар. Парла­мент бірауыздан шешіп беріп тұр­ғанда Ел Басы атанудан Прези­денттің өзі бас тартып, кісілікке лайықты кішіліктің үлгісін көрсетті. Қазақстан тәуелсіздіктің бастап­қы кезінде-ақ дұрыс саясат ұста­нып, нарықтық экономиканың қа­зақстандық үлгісін қалыптастырды. Көп ұлттың басын ынтымаққа бі­рік­тіре отырып, тұрақтылыққа қол жеткізді. Ол еліміздің саяси-эко­но­микалық және әлеуметтік жағынан дамуын қамтамасыз етті. Күйреген әкімшілік жүйені түбірімен өзгер­тіп, өтпелі кезеңнің ауыртпа­лы­ғы­нан аман алып шықты. Байтақ елі­мізде этносаралық және конфес­сияаралық келісім нық орнықты. Енді, міне, Президенттің тікелей басшылығымен Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және еліміздің иннова­ция­лық-технологиялық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асыру қолға алынып жатыр. Ғалым ретінде, оқытушы ре­тін­де айтайын, Президенттің тап­сыр­ма­сымен білім мен ғылым сала­сы­на ерекше көңіл бөлініп келеді. Ғалым-оқытушыларға, студент жастарға қолдау-көмектер аз жаса­лып жатқан жоқ. Жаһандық қар­жы-экономи­калық дағдарыс жыл­дарының өзінде оқытушылар мен сту­денттердің жалақылары, шәкірт­ақылары көбейтілді. Осының бар­лығы болашақты көздегеннің ар­қасы. Мемлекет басшысы арнауында: “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздердің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қай­рат­та­рыңызды әрдайым айқын се­зін­дім”, – деп атап өткен. Ра­сын­да да, қазақстандықтар Елба­сы­ның жүр­гіз­ген саясатын, елімізде жүзеге асы­рылған экономикалық рефор­ма­ларды қолдап, Президенттің жанынан табыла білді. Осындай ауызбірлік пен ынтымақ Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танымал етті. Соның нақты дәлелін 2010 жылы еліміздің беделді халық­ара­лық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінен көруге болады. Президент Парламент қабыл­да­ған заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымын депутат­тар­дан дұрыс түсінулерін өтініп отыр. Бұл мәселені жұртшылық та дұрыс қабылдайды деген ойдамын. Егер өткенге зер салар болсақ, Пре­зидент төл валютамыз – теңгеге өзі­нің бейнесін таңбалаудан, жо­ға­ры атақтар беру туралы ұсыныс­тар­дан да бас тартқан болатын. Міне, бұл Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зарбаевтың демократиялық дәс­түр­лерге беріктігін де айғақтай түседі. Құныпия АЛПЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. ӘУ БАСТАН ОСЫЛАЙ БОЛАРЫН СЕЗІП ЕДІМ “Ұлық болсаң, кішік бол”. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­станның азаматтарына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясы Саяси бюро­сына арнауын оқығанда қасиетті халқымыздың осынау қарапайым мақалы ойыма оралды. “Әу бастан осылай боларын біліп едім”, дей бе­ріппін. Президентіміз қарапайым­дылығы арқасында бұрынғысынан да биіктеп бара жатты. Қос палаталы Парламенттің Тұң­ғыш Президент – Елбасы туралы заңнамаға өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы заңдар қабылдауын, осы жөнінде жетекші партиямыздың ұсыныс жасауын, мыңдаған отан­дас­та­рымыздың оны қолдап өтініш түсіруін түсінуге болады. Ұлықты ұлықтаған халықпыз. Бұл – ғасырларға жалғасып келе жатқан тәлімді тәрбие. Нұрсұлтан Әбішұлы – баршамыздың жүрегімізден айрықша орын алған жарқын тұлға. Ол – қайым замандардан арман болған Тәуелсіздігіміздің Ту ұстаушысы, демократиялық ұстанымдары берік, мүлдем жаңа тұрпатты мемлекет құрған аймаңдай азамат. Қазақстан – ғажайып өзгерістер құшағындағы, келешегі кемел, болашағы байыпты мемлекет. Бейбітшіліктің ұясы мен достықтың ордасы да бізде. Күні кеше қайран да қайран дауысымыз іргедегі Мәскеуге жетпей жатса, қазір біздегі жаңалық пен жақсылықты, үдемелі, серпінді сілкіністерді ілкім дүние іліп алып, құлагер шабысымызға қайран қалуда. Өзге де шен-шекпенімізді айтпағанның өзінде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету, басқаны айтпағанда, посткеңестік елдер ішінен біздің маңдайымызға жазылып отыр. Елбасының баға жетпес еңбектеріне замана тарихы өз бағасын беріп үлгерді. Бұл – “абыройды ақтай білу керек” деген қағиданы өзіне қаратып айтатын азаматтардың, Нұрекеңнің алғы шептегі серіктестерінің, көпэтносты бауырмал халқымыздың ортақ жауапкершілігінің арқасы. Кең мағынадағы жауапкершілік жетекшінің абыройы мен үлгі-өрнектерінен бастау алатыны белгілі. Мен және менің замандастарым Елбасының батыл бастамаларынан, терең ақыл-пайымынан жігер-қуат алып жоталанады. Ол кісінің бойындағы намыс оты қамшылайды бәрімізді. Біздің Кеңөткелде әйгілі Балқадиша өмірге келіп, ауылымыздың шырай-шапағатын төккен. Мұнда ақиық ақын Ақан сері мәңгі шырқалар “Балқадишасын” әуелеткен. Жыланды мен Қошқарбайдың баурайы әнге сұранып әлі тұр. Аядай ауылдан Жанайдар Мусин, Мәди Хасенов сынды жазушылар шығып, жүрекпен жазған шығармаларын жастыққа басып жүрміз. Елбасы “Ауыл жылдарын” жариялағанда мемлекет тарапынан қаржы құйылымын ғана емес, түп қазығы­мызда отырғандарымыздың намысын оятар ой тастағанын ұқтық. Қиын-қыстау кезеңде әуелі шаруа қожалығын құрып, амалдадық. Көше-көше қожалыққа айнала бастады. Ең ірісі біз едік. 460 гектарға дән себетінбіз. Теледидарға құлақ түріп, баспасөзді көп оқитын болдық. Қазір 80 үй бірігіп, 1200 гектар дәнді алқабымызды ортаға салып, “Шағала” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып отырмыз. Егіншілік мәдениетін көтеру мақсатында 300 гектар парлы алқапты төрт ізбен өңдеп, ылғал жинау технологиясын қамтамасыз еттік. Тұқымды да молынан қорландырып, оны дер кезінде сеуіп, былтырғы жылдан асыра өнім алудың қам-қарекетіндеміз. Сырттан қол созған инвестор-фирмалардан саналы түрде бас тарттық. Олардың қуатты техникалары бар. Жұмысты жапырып істегенімен, жан-жағымыздағы ауылдардың екі-үш адамы ғана жұмысқа қабылданғанын білеміз. Біздің мақсат – әр үйден кемінде бір кісіні еңбекке тарту, яғни ауылымыздың іргесін шайқалтпау. Жалақымыз әуелеп тұрмағанымен, мектептің ыстық тамағы, әлеуметтік нысандардың керек-жарағы, зейнеткерлеріміздің өтініш-тілегі біздің мойнымызда. Жеңіс мейрамы қарсаңында майдангерлер ескерткіші қайта жөнделіп, ауыл клубы жұмыс істей бастады. Шаршап келгенде “Егемен Қазақстанды” оқимын. “Отанымыздың бас газеті” деп Ел­басының өзі бағалағанындай, оның әр пара­ғынан қуат аламын. Осыдан бір жұма бұрын ғана Нұрсұлтан Әбішұлы ауданымыздағы көк­темгі егіс науқанының барысымен танысып, егіншілермен емен-жарқын әңгімелесті. Баяғы ашықтығынан, қарапайымдылығынан, жанына жақын тарта білетіндігінен, талапшылдығынан таймаған. “Осыларың дұрыс” деген баға алып, төбеміз көкке жетті. Президентіміздің ауыл шаруашылығын әртараптандыру туралы нұсқауы ұжымға қозғау салды. Төрт жыл дайындық жасап, 100 бас сауын малға арналған қора салдық. Өзімізге тиесілі шабындықты тәртіпке келтірдік. Енді несие көзі ашылса (кепілдік жарнаны айтамын), асыл тұқымды құнажындар сатып алмақпыз. Сонда ауылдың жыл бойы жұмыстан қолы босамайтын болады Елбасы аталған арнауында: “Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі міндетті орындау мақсатында әлі де қажымай қызмет ете беремін”, депті. Бұл – бақытты жанның, қадірі асқан азаматтың ақжарылқап сөзі. Бәріміз толқимыз. Біз әрқашан Сізбен біргеміз, қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Дулат ТІЛЕУОВ,  “Шағала” ЖШС директоры. Ақмола облысы, Зеренді ауданы. ЕЛІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ Еліміздегі жаңалықтарға құлақ түріп, бұқаралық ақпарат құрал­дарының мүмкіндіктерін барынша пайдаланатындардың бірімін. Еліміздің бас газеті – “Егемен Қа­зақстан” газетінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақ­стан Респуб­ликасының азамат­та­рына, Қазақ­стан Республикасы­ның Парла­менті­не, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сының Саяси бюросына” арнауын оқып шықтым. Бұған дейін де Мем­лекет басшысының көреген­дігі мен парасаттылығына сан мәрте куә болып, оны өз жүре­гімнен өткізгенмін. Бұл жолғы арнауы ерекше әсер етті. Онда өзіне заң­ды тұрғыда Ел  Басы деп ресми мәртебе белгілеген депутаттарға алғысын білдіріп, бұл ұстанымына түсіністікпен қарауды өтінді және шешімінің себебіне жан-жақты тоқталды. Қазақстан  жан-жақты да­мы­­ған, өркениетті мемлекет­тер­мен иық теңестіруге бағыт алды. Бүгінде қазақ деген халықты дүние жүзі мойындаса, Нұрсұл­тан Әбішұлының еңбегі ерекше екенін қайталаудың қажеті жоқ. Жүзден аса этносты ортақ шаңырақ астында бірік­тіріп, айрандай ұйыту екінің бірінің қолынан келмейді. Әрдайым тіл-көзден сақтасын деймін. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Страте­гия­лық даму бағдарламасы осы ба­ғыт­тағы мүмкіндіктің молды­ғы­мен ерекшеленеді. Біз көр­ме­сек те келешек ұрпақ Отаны­мыздың бұдан да қарышты дамып, Жол­дауларда көрсетіл­ген көшбас­шы­­лыққа қазақ­стан­дық жол, индус­триялық-инно­вациялық жо­балар­­дың толық­қанды жүзеге асу жо­лындағы жұмыстардың тия­нағына куә болып, оның игілігін пайда­ланатынына кү­мәнім жоқ. Мемлекет басшысы өзі айт­қан­дай, Ел Басы мәртебесі заң­мен, декретпен белгіленбейді. Бұл ұғым әр қазақстандықтың жүре­гінде бұдан бұрын орын алып, заң-зәкүнсіз-ақ қалып­тасқанды­ғын атап айтқым келеді. Қай кезде де біз өзіміздің ертеңгі күнімізге материалдық жағынан ғана емес, бейбіт өмірдегі сындарлы саясатымызбен де сенімді болуға тиіспіз. Мен айтар едім, бұл жағынан елімізде еш алаңдаушылық жоқ және болмауы тиіс деп. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар біртіндеп шешімін табуда. Бүгінде жыл сайынғы Елбасының Жолдаула­рын үлкен-кіші жақсы жаңалыққа бастама ретінде үлкен сеніммен күтеді. Сенім ақталып,  мемлекет­тік қызметкер мен еңбек және соғыс ардагерлері, барша қауым өз өмірлерін жақсартуға бағыт­талған игіліктерді пайдалануда. Бұл – өз ұлтын, халқын сүйетін жан ғана барлық салада осындай құндылықтарды жүзеге асыруға күш-жігерін жұмсайтынының дәлелі. Қазақстан деген ұлы шаңы­рақтың бір уығы саналатын Алматы облысы да қазіргі кезде экономикадағы үдемелі дамуымен көрінуде. Талдықорған қаласы әсем Астанаға қарап бой түзесе, жетісулықтар да өркениет көшіне бағыт түзеген. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға болмайды. Халыққа көрсетілген қамқорлық ұшан-теңіз. Қаржы дағдарысы кезінде қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасымен қаншама жандар жаңа кәсіпке оқытылса, қаншасы екі қолға бір жұмыс тауып, еңбекке тартылған. Мұндай бағалы бағдарлама қай кезде болып еді. Парламент қабылдаған атал­ған заңға қол қоюдан бас тарту арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мүддесінен гөрі халқының мүддесін жоғары қоятын шынайы мемлекетшіл, парасат-пайымы мол Мемлекет басшысы екенін та­нытты. Халқымыз “Көп көзі­нен өткен істің міні жоқ, әділ сөздің зілі жоқ” деген ғой. Біз үшін Елбасының парасат-пайы­мы, адами болмысы әрдайым үлгі. Осындай басшысы бар Қазақстан халқы шын бақытты деп білемін. Бәтима САҚАУОВА, Алматы облысының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер. Алматы облысы. ЕЛБАСЫ ОСЫНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК Біздің қазақ азаматтарының жақсы, парасатты істеріне сүйсін­ген­де “бәрекелді, ұзағынан бол­сын!” деп жатады ғой. Пре­зи­ден­тіміздің ел азаматтарына, еліміздің Парламен­ті­не, “Нұр Отан” ха­лықтық-демокра­тия­лық партиясы­ның Саяси бюро­сына арнауын оқып шығып, осындай бір жақсы ойда қалдым. Елбасы мәртебесін тек заңдармен, басқа да құқықтық актілер­мен бекітуге бол­майды ғой. Түсінген адамға бұл айдай ақиқат жәйт. Біз ол кісіні заңмен қабыл­дап бекітпей-ақ, жұртшылық Ел­ба­сы деп атап, құрметтеп жүргелі қай заман! Онсыз да Нұрсұлтан Әбіш­ұлын қазақтың елдігі, егемендігі жолында қыз­мет атқарып жүрген Ел­басы деп екінің бірі айтады. Қазақтың сөзі, оны ешкім бізге таңып осылай айтыңдар, сөйтіп жа­зыңдар деген жоқ. Елбасы, Елтаң­ба, Әнұран, елім, жерім – барлығы да бір-біріне етене жақын, егіздей болған төл сөздеріміз, ендеше осылай ары қарай да айта береміз. Бәріміз де ата-бабаларымыз айтқандай, артықшылықтарымыз бен кемшіліктеріміз бар, пенде­ші­лік­тен де кенде емес, ет пен сүйек­тен жаралған адам баласымыз. Осы орайда Елбасы өзінің арнауында аталған ойды “біз бірге жұмыла түс­сек, кез келген қиындықты ең­се­ретінімізге кәміл сенемін” деген бір ауыз сөзбен түйіндеген екен. Президентіміз елдің көшін шы­нын­да да сондай бір қиын кезеңдерде қолға алғанын бәріміз де білеміз. Біз бәріміз де сол кісіге сендік. Елімізді алға апарады, жақсылық пен жақсы күндерге жеткізеді дедік. Қазір қай елден кембіз? Жағдайымыз жақсарды. Жұмыс жасамаған адам ғана мұны көре алмай әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Үйдегі ата-әжелеріміз “елдің елдігін, бірлігін сақтап келе жатқан Елбасы аман болсын” деп бата беріп отырады. Өзіміз оны естіп, көріп жүрміз. Біздің бір ғана қаламызда биылдың өзінде жаңа мектеп, жаңа емхана бой көтер­­ді. Өндірісті қаламыз жаңарып, жасарып келеді. Бәрі де жұмыстарында. Дүкендер толы, ауылдар аман. Осының бәрі Елбасының тыныштықты қорғаған, бірлікті сақтаған саясатының арқасы емес пе? Мәдениет ОМАРҒАЛИЕВ, Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы. Павлодар облысы. АСЫҚПАЙ ЖҮРІП, АНЫҚ БАСЫП КЕЛЕМІЗ Күні кеше Парламент депутаттары Ел Басы туралы заң жобасын қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жібергенін естігенде ойланып қалғанымыз рас. Өйткені, бұған дейін халық қалау­лыларының өзіне Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы ұсынысын Нұрсұлтан Назарбаевтың қабыл алмағаны белгілі ғой. Біз білетін Президентіміз бұл жолы да өзіне тән биігінен көрініп, заң жобасына вето қоятын шығар деген болжамымыз дәл келіп, алған бетінен қайтпайтын, айтқан сөзінен айнымайтын Елбасымыздың мәлімдемесін ризашылықпен қабылдадық. Шынтуайтына келсек, Парламент Ел Басы туралы заң қабылдамаса да, халқы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлын өзінің Тұңғыш Президенті және Ұлтымыздың көшбас­шы­сы ретінде қадір тұтып, Елбасымыз деп ерекше құрметпен атайды. “Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға”, деп ұлы Абай айтқандай, еліміздің даму келешегін көрегендікпен болжай білген Елбасымыз­дың ерен еңбегінің, алға нақты мақсаттар қой­ған ашық та айқын саясатының, дер ке­зінде қабылдаған кемел шешімдерінің арқа­сында жас барыс бейнелі мемлекетіміз бұ­ға­насы бекіп, қанаты қатайып, еңсесін тік­теп, бүгінде Еуропаның төріне көтеріл­ген­дей дәрежеге жетіп, дүние жүзін түгел мой­ын­­датып отыр. Бұл сөзімізге біздің Қызыл­жар өңірінде тәуелсіздік жылдары жүзеге асы­рыл­ған жақсы өзгерістер де айғақ бола алады. Сонау Кеңес өкіметі заманында Қы­зыл­жар өңірі талайдың таңдайын қақты­рып, көзінің жауын алған керемет көркем әрі даласында сары алтындай егіні жай­қал­ған, өрісінде төрт түлік малы мыңғырған берекелі өлке саналатын. Осыны ескерген Мәскеу өткен ғасырдың 50-ші жылдарында тың көтеру ұранымен атамекенімізге басқа ұлт өкілдерін лек-легімен қоныстандыр­ған­дықтан, өз жерімізде азшылыққа айналып, өз Отанымызда өгейдің күнін кешуге мәж­бүр болдық. Асыл дініміз әлсіреп, ана ті­ліміз шұбарланып, аясы тарылып, жойы­лу­ға шақ қалған. Осылай сорымыз қай­на­ғаны жетпегендей, Тың өлкесі құрылып, оның құрамына кіргізілген Қазақстанның бидайға бай солтүстік аймағын компартия көсемі Никита Хрущев Ресейге қосып жі­беру ниетін де жасырмаған. Оның сол сандырақ ойын арада отыз шақты жыл өткенде қайта құру дәуірін бастан кешіріп жатқан жаңа Ресейдің рухани көсемі саналған әйгілі жазушы Александр Сол­жени­цын өзінің атышулы “Ресейді қалай көркейту керек?” деген мақаласында ай­қай­лата қайталап, Қазақстанның теріс­кейін­дегі тың көтерілген бес облысына тағы да көз алартқаны жадымызда. Мұндай қисынсыз әңгімелер кеудесінде намысы бар қазақ азаматтарының қанын қайнат­қаны­мен, өзге ұлт өкілдерінің арасындағы кейбір ниеті бұзық пенделер, бір кездегі отаршыл ақ патшаның сойылын соққан казачествоның қылышын қайтадан жалаң­датқан шолақ белсенділерінің Солженицын сіріңке жаққан отқа одан сайын май құй­ып, өршітіп, өрт шығаруға тырысқан­дық­тары да мәлім. Сөйтіп, 90-шы жылдары Қызылжар өңіріндегі саяси ахуал ушығуға бет алып, шиеленісіп тұрған болатын. Осы қилы кезеңде Алла жарылқап, өз Тәуелсіздігін жариялаған туған еліміздегі билік тізгінін қолына алған Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларымыздың қаны мен тері төгілген қасиетті жеріміздің тағдыры туралы терең толғануына тура келгені кәміл. Өйткені, еліміздің қазағы селдір солтүстік аймағын­да­ғы жағдай тіпті күрделене түскені анық еді. Экономикадағы ескі байланыстар үзіліп, баяғы қорғаныс зауыттарының өнім­деріне сұраныс кеміп, өндірістері құлды­рап, мыңдаған адам жұмыссыз қалған­дық­тан, құлаған кеңес империясы кезіндегі тұр­мысын көксеушілер көбейіп, қос мем­лекеттік тіл, қос азаматтық мәселесін көтеру­шілер қатары қалыңдап, жаңа туған сәби­дей Тәуелсіздігімізді бесігінде тұн­шық­тыру қаупі туындап тұрған қиын кез еді бұл. Оның үстіне Солтүстік Қазақстан облы­сының және Петропавл қаласындағы ірі кәсіпорындардың кешегі кеңес зама­нында Мәскеу тағайындаған, өздерін ұлы державаның өкілетті өкілі санап, өктем сөйлеп үйреніп қалған басшыларының та­лайының көкбайрағын жаңа көтерген жас елге жандары аши қоймағандары, бүй­рек­­тері өздері келген жаққа бұрып, мемле­кет мүлкін талан-таражға салып, орман асы­рып жатқандары да жасырын сыр емес-ті. Осынау өтпелі кезеңде Елбасы тірелген тұйықтан шығар жол тауып, жаңа басқару жүйесін енгізді. Облыстарды басқарып тұрған облыстық кеңестердің төрағаларын – күні кешегі обкомның бірінші хат­шы­ларын биліктен тайдырып, олардың қо­лын­дағы тізгінді өз Жарлықтарымен тағайын­да­ған әкімдерге берді. Неше түрлі әзәзілдер ұлты әркелкі тұрғындар арасына ши жү­гір­тіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысы­ның басшылығына осы өңір тарихында алғаш рет неміс азаматы – Владимир Гартманның жіберілуін Елбасының ел басқарудағы дипломатиялық шешімі деп түсіндік. Көзкөргендердің айтуынша, В.Гартман өзінің ел ішіндегі араағайындық қызметін жанын сала атқарып, Қызылжар өңірінде ешқандай ұлтаралық қақтығысқа жол бермеуге елеулі еңбек сіңірген. Демек, ол өзінің Елбасы жүктеген негізгі міндетін абыроймен атқарғаны даусыз. Ал 1997 жылғы көктемде Солтүстік Қазақстан облысы мен көршілес Көкшетау облысы біріктірілді. Ірілендірілген облыс орталығы болып Қызылжар қаласы бел­гі­ленді. Елбасының бұл шешімі бізге, көк­ше­таулықтарға оңай соқпағанымен, ұлты­мыз­дың көшбасшысының ұйғарымының дұрыстығына еш күмәніміз болған жоқ. Мұны Тұңғыш Президентіміздің ел іргесін бекіте түсуге бағытталған кезекті қадамы ретінде қабылдадық. Көкшетауда билік басында жүрген қазақ азаматтарының басым көпшілігі Қызылжарға облыстық басқару органдарына бірінші-екінші басшы болып ауыстырылып, әкімдіктегі, басқар­малар мен әртүрлі ведомстволардағы ұлт­тық кадрлар қатары бірден қалыңдап шыға келді. Облыс тұрғындарының құрамындағы қазақтардың үлес салмағы да әжептәуір кө­бейіп, 30 пайыздан асып жығылды. Сөйтіп, еншісін Қызылжардан 1944 жылы бөліп алып, жеке отау – жаңа облыс болып құ­рыл­ған Көкшетау араға 53 жыл салып, ата шаңыраққа қайтып оралды. Ата шаңы­рақ­та­ғы әлсіреген ұлттық рухты көтере түсті. Мә­селен, 1990-1991 оқу жылында облыс­тағы қазақ балаларының небары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған бол­са, қазір бұл жөніндегі көрсеткіш 57 пайыз­ға жетті. Бұған қоса, аяқталып жатқан би­ыл­ғы оқу жылында ұлты басқа 267 оқушы қазақ мектептерінде қазақша оқығандығын да айта кеткен жөн. Бұл – Кеңес өкіметі тұ­сында ұлтсыздандыру саясатының соқ­қысы аса қатты тиген теріскей өңірде де қазақ тілінің өрісі жылдан-жылға кеңіп, тынысы ашылып келеді деген сөз. “Қа­зақстанның болашағы – қазақ тілінде!” де­ген Елбасы сөзін, әсіресе, кейінгі толқын, өскелең ұрпақ ұрандай ұстанып отырғаны анық. 1997 жылдың аяғында Солтүстік Қа­зақстан облысының соңғы алпыс жыл­дық тарихында тұңғыш рет өңір басшылығына Елбасы Жарлығымен қазақ азаматы тағай­ын­далды. Арада он жыл өткенде, 2007 жылы күз­де облысымызға тұңғыш рет Қызылжар елінің төл перзенті, бұған дейін бірнеше ауданды ойдағыдай басқарып, өңір басшысының орынбасарлығына дейін көтерілген Серік Біләловті облыстық мәс­лихат депутаттарының келісімімен әкім етіп тағайындады. Президентіміз өзінің осы шешімінің де дұрыс болғандығына Қызыл­жарға жасаған жыл сайынғы жұмыс сапарларының барысында көз жеткізіп, өңірдегі оң өзгерістерге әділ бағасын беріп жүр. Бұған Қызылжардың ақ ниетті адамдарының бәрі риза. Өңіріміздегі жақсылықтардың бәрі де Елбасының шарапаты – жергілікті әкім­дер­ге халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағ­дай­ын жақсарту жөнінде берген нақтылы тапсырмаларын іске асырудың оң нәти­же­лері екендігі хақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылжардың қақ ортасынан бой көтерген зәулім жаңа мешітімізді салдыруға тікелей жәрдем жасағанын, “Мәдени мұра” бағдар­ламасы бойынша Абылайдың ақ үйін қал­пына келтіруге тапсырма беріп, өз қолымен ашқанын қызылжарлықтар аса риза­шы­лықпен айтып отырады. Елбасының Қы­зыл­жар өңіріне әрбір сапары солтүс­тік­қазақ­стандықтардың­ кәрі-жасы түгел асыға күт­кен, айрықша қуанышқа толы, ұмытыл­мас оқиға ретінде есімізде сақталып қалды. Абылай хан мұражай кешенін ашу салтанаты үстінде Елбасы “Қызылжар қаласы” деп сөйледі. Петропавлдың атауын өзгерту ту­ралы пікірін Нұрсұлтан Әбішұлы осы оқи­ғаның алдында қазақ тілді рес­пуб­ликалық газет­тердің бас редакторларымен болған сұх­батында ортаға салған еді. Ел мен жер қамын ойлаған ұлтымыздың көшбасшы ұлының сол сөздерді мезгілі әбден жеткен соң айтқанын түсінуге тиіспіз. Амандық болса, қаламыздың халқымыз сүйіп айтатын Қызылжар атауы ресми бекітілетін күн де туар деп сенеміз. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы.