Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Өйткені өмір бойы өз жерінде «аға халық» өкілдерінің өктемдігін көріп қорланып, ана тілі мен ата салт-дәстүрінен айырылып бара жатқанына қапаланып, еңсесі түсіп жүрген олар Алладан тілеп, аңсаған азаттық таңы ағарып ата бастағанын айқын сезінген еді. Сондықтан да бұл күн халқымыз үшін айрықша қымбат.
Осы орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылы 18 қазандағы Жарлығымен 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып жарияланғаны көпшіліктің көңілінен шыққан шешім еді. Алайда арада уақыт өте келе осы ұмытылмас оқиғаның мәні кемітіліп, 2001 жылы бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына жатқызылды. Ал 2009 жылы мемлекеттік мерекелер тізбесінен мүлдем алынып тасталды. Бұл тарихи әділетсіздік еді.
Оны түзетуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бастамашы болып, 2022 жылғы 29 қыркүйекте Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарған заңға қол қойғаны – Әділетті Қазақстан орнату жолындағы маңызды қадам деп білеміз.
Шынтуайтында, егемендік декларациясы кейінірек қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға және жаңа Ата заңға да берік негіз болған аса маңызды саяси құжат. Оны әзірлеуге және қабылдауға аянбай атсалысқан академик Салық Зиманов бастаған заңғар тұлғалы заңгер-депутаттар мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің егемен еліміздің іргетасын мызғымас етіп қалауға сіңірген ұлы еңбегі, биік парасаты мен бұлжымас азаматтық ұстанымы, «Елім!» деп еміренген асқақ рухы халық жадында әрдайым сақталып, бүгінгі және келер ұрпақтарға өшпес өнеге болуға тиіс.
Мемлекет басшысы былтыр Республика күніне арналған салтанатты жиында атап айтқанындай, егемендік декларациясын қабылдау еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарағанда, өте батыл әрекет еді. Себебі 1989 жылы өткізілген халық санағы бойынша республикамыздағы 16 млн 464 мыңнан аса тұрғынның небәрі 6 млн 534 мыңы, яғни 39,69 пайызы ғана қазақ болатын. Оның үстіне, кеңес одағында жарияланған қайта құру мен жариялылық саясатын өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысқан казачество еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде қайта-қайта бас көтеріп, сепаратистік пиғылдарын ашық білдіріп жатты. Мұның өзі, әсіресе 1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерілісінен кейін көкірек көзі ашылып, ұлттық сана-сезімі оянған қазақ жастарының наразылығын тудырып, қоғамдағы саяси жағдай шиеленісіп тұрған еді.
Дегенмен сол кездегі билік басында болған ұлтжанды азаматтар қамсыз отырмаған тәрізді. 1990 жылғы 25 наурызда өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі сайлауының нәтижесі осындай ойға жетелейді. Нақты айтқанда, он екінші шақырылымдағы Парламентке бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланған 360 депутаттың 181-і, яғни 50 пайыз + 1-і – жергілікті ұлт өкілдері болып шықты. Мәскеу рұқсат еткен жариялылық аясында әркім аузына келгенді айтуға көшкен «ақкөбік демократия» кезеңінде өтіп, әрбір депутаттық мандатқа орта есеппен 6 кандидат таласқан сайлауда мұндай нәтижені қамтамасыз ету ұлтымыз үшін үлкен олжа болғаны анық.
Әйткенмен Жоғарғы кеңесте құрылған «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы егемендік декларациясының баламалы жобасын ұсынып, онда сол кездегі көпэтносты елімізде ұлттық республиканың орнына азаматтық қоғам құруды көздеді. Өкінішке қарай, олардың ішінде өмір бойы орысша оқығандықтан, ана тілінен мақұрым қалған, қит етсе Мәскеу жаққа жалтақтап отыратын жекелеген саясаткер қазақ азаматтары да болды. Бірақ ондай «іштен шыққан шұбар жыландарға» Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды абырой-беделі зор әрі халықаралық құқыққа жетік заңгер депутаттармен қатар, қазақ халқына шынайы жанашырлығын жасырмаған гуманист орыс азаматы Александр Княгинин орынды тойтарыс беріп отырды. Соған қарамастан, декларация жобасын талқылау қызыл кеңірдек болғанша айтысып-тартысуға ұласып, әсіресе ұлттық мәселелер бойынша келісімге келу оңай болмаған. Мысалы, осы саяси құжаттың 2-тармағын: «Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады. Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады», деп жазудың өзі қиынға соққан. Себебі «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері және оларды жақтап шыға келген кейбір ұлты басқа депутаттар тіпті 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған «Қазақ ССР-iндегi тiлдер туралы» Заңда еліміздің мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi, ал орыс тiлi ұлтаралық қатынас тiлi деп көрсетілгенін де қаперге алғылары келмеген. Бұл норма тек 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Ата заңға енгізілді.
Декларацияны қабылдауға 360 депутаттың 71-і қарсы дауыс бергендігі – сол кездегі қоғамда еліміздің егемендік алуына, ұлттық мемлекет құрып, ана тіліміз бен ата салт-дәстүрімізді қайта түлетуге қарсы адамдардың аз еместігін көрсетті. Мұның өзі ішкі саясатта ескермеуге болмайтын елеулі фактор еді. Қазақстанның егемендік декларациясын тек Қырғызстаннан бұрын, ал тәуелсіздігін одақтас республикалардың ішінде ең соңғы болып жариялауының басты себебі де осында екендігі анық. Дана Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басуға» тура келгені күмәнсіз.
Егемендік декларациясында жария етілген тағдыршешті қағидалар еліміздің тұңғыш Президентінің Жоғарғы кеңеске арқа сүйей отырып, көптеген көкейкесті мәселе бойынша дербес те батыл шешімдер қабылдауына мүмкіндік берді. Халқымыздың қасіретіне айналған Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру, республиканың орталық және жергілікті мемлекеттік органдарын менсінбей, жүре тыңдап келген, одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР Үкіметінің басқаруына беру, еліміздің алтын және алмас қорларын құру, сыртқы экономикалық қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы Жарлықтар шығарылды. Мұның өзі Мәскеудегі одақтық министрліктердің үстемдігін жойып, еліміздің шын мәніндегі егемендігіне жол ашты.
Бір назар аударарлығы – егемендік декларациясының 4-тармағында «Республиканың бүкiл халқы атынан Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң iс-қимыл жасауға правосы бар», деп жазылған. Бұл осы саяси құжатты әзірлеген академик Салық Зиманов бастаған ұлт зиялылары парламенттік республика құру идеясын жақтағанын аңғартқандай. Оған тұңғыш Президентті 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы кеңес сайлағаны заңды негіз болған да еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау арқылы Президент болып қайтадан сайланған соң оның ықпалы арта түсті. Осыған орай, сол жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның 9-бабында: «Республика халқы атынан сөйлеу құқы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесi мен Президентiне берiледi», деп жазылды. Бұл еліміздегі парламенттік билік енді парламенттік-президенттік билік болып өзгеретінін білдіргендей еді. 1993 жылы қабылданған Ата заңда да: «Қазақстанның бүкіл халқы атынан билік жүргізуге өздерінің конституциялық өкілеттігі шегінде Республика Жоғарғы кеңесі мен Президентінің ғана құқы бар», деп көрсетілгені де – соның айғағы. Бірақ 1993 жылғы желтоқсан айында он екінші шақырылымдағы Жоғарғы кеңес өзін-өзі таратып, жаңа сайлауға дейін барлық өкілеттілігі Президентке берілгені, ал 1995 жылғы 30 тамызда өткізілген республикалық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланғаны мәлім.
Еліміздегі осындай саяси өзгерістердің бел ортасында жүрген академик Салық Зиманов: «Экономикалық дағдарыс, қылмыс пен сыбайлас жемқорлық белең алған өтпелі кезеңде күшті президенттік билік қажет. Бірақ ол тиімді жұмыс істейтін Парламентсіз ешқашан күшті әрі беделді болмайды. Үздік заңдар – аппараттық «ұстаханада соғылған» заңдар емес, Парламентте туындап, қабылданған заңдар. Өйткені онда халықтық өкілдік бар», деп жазды. Ғұлама ғалымның осы сөзі бәрін бір адам ғана шешетін суперпрезиденттік биліктің елді жақсылыққа бастамайтынын меңзегені анық. Сондықтан да қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік жүйеден өз еркімен бас тартып, биліктің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынғаны, әсіресе Парламенттің халық тікелей сайлайтын төменгі палатасы – Мәжілістің пәрменін күшейту шараларын қолға алғаны көңілге үміт ұялатады.