Аталған арнаулы кітапхана 1969 жылдан бері зағиптарға, көзі нашар көретіндер адамдарға, олардың отбасыларына және қаланың сүт зауыты ауданында тұратын тұрғындарға қызмет етіп келеді.
«Кітапханамыздың негізгі басымдық бағыты зағип адамдарға қызмет ету, әрине, жалпы адамдарға да қызмет етеміз, кішкентай баладан еңкейген қартқа дейін келеді. Көзі көрмейтін азаматтар аудиокітаптарды тыңдайды немесе нүктелі бедерлі брайль қарпіндегі кітаптарды саусақтарының ұштарымен оқиды. Іздеген кітаптарының аудионұсқалары болмаса, кітаптарды кітапханашылар оқып беріп тұрамыз», дейді Құралай Серікқызы.
Кітапхана директорының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі өте білімді. Барлық сала бойынша кітаптар бар, жастар көбіне мотивациялық-психологиялық кітаптар оқыса, үлкен кісілер тарихи шығармалар оқиды.
«Нүктелі бедерлі брайль қарпіндегі қазақша кітаптарды соңғы екі жылда ғана алып жатырмыз, оған дейін қазақша ондай кітаптар шыққан емес. Сондықтан Н.Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып, аудиокітаптар шығарып жатырмыз, яғни зияткерлік мектеп оқушылары кітаптарды мәнерлі дауыспен оқуы арқылы аудиокітаптар әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», деді кітапхана басшысы.
Кұралай Райымбаеваның сөзінше, аталған кітапханада барлығы 36 мың дана кітап, оның ішінде аудиодыбысталған 14 мың, нүктелі бедерлі брайль қарпіндегі 6 мың кітап бар.