Технология • 24 Қазан, 2023

Цифрлық дамудың мүмкіндігі

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі онжылдықта ел экономи­касының түрлі саласында, оның ішінде IT саланы дамытуда үлкен серпіліс жасалды. Цифрлы үдеріс – экономика дамуының көрсеткіші. Бұл бағытқа мемлекетіміз стра­те­гиялық басымдық беріп отыр.

Цифрлық дамудың мүмкіндігі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ресми деректерге сүйенсек, елі­мізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы онлайн ұсынылады. Өзге елдер­мен салыс­тырғанда, бұл – жақсы нәтиже. Ел азамат­тары қандай қызметтерге үй­ден шық­пай-ақ жүгіне алады, тізіп көрейік. Кейінгі жылдары еGov mobile қолданбасы белсенді дамып келеді. Қазір электронды цифрлық қолтаңба құралына айналып үлгерді. Бұл жүйеде 29 цифрлы құжат қолжетімді әрі қағаз құжаттарымен қатар танылған. Бүгінде мобильді қосым­шаның көмегімен азаматтар құжат­тарға 557 мың рет қол қойған. Мысалы, но­тариаттық құжат­тарды рәсімдеу элек­тронды түрде жү­зеге асырылады. Кейінгі тоғыз айда 18 мыңнан ас­там сенімхат берілген. Азаматтар нота­­риусқа бармай-ақ бір­неше минут ішін­де құжаттарды куә­ландыра алады. Үйде отырған аналар да қазір мемлекеттік ме­ке­­ме­лерге барып, табалдырық тоз­ды­­рып жүр­мейді. Қазіргі уақытта жаңа ту­ған нәрес­тені тіркеудің 68 пайы­зы онлайн форматта жүзеге асырылады.

«Құжаттардың түпнұсқаларын өзі­ңіз­бен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Бұл өте қолайлы. Алдағы уақытта біз көпте­ген мемлекеттік қызметті проак­тивті түрде ұсы­нуды көздеп отырмыз, яғни мемле­кеттік қызметтерді алу үшін Ха­лық­қа қызмет көрсету орталықтарына жү­гінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен, бала тууға байланысты көр­сетілетін мемқызметтерді алсақ, жа­ңа босанған ана бір хабарлама арқылы рас­таса болды, баланың туу туралы куә­лігі автоматты түрде рәсімделеді. Бо­ла­шақта мұндай проактивті қыз­меттер қатары арта түседі», деген еді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Қазақстан 198 ел арасында мемле­кеттік қызмет көрсету индексі (PSDI) бойынша 6-орында тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі финтехтердің өскенін ескеріп, 17 мемлекеттік қыз­метті банк платформаларына шығар­ған. Банктік қосымшалар арқылы авто­көліктерді қайта рәсімдеу қызметі басқа елдерде жоқ, бірақ бізде бар. Автомобильдерді сатып алу немесе сату бойынша мәмілелердің 55 пайызы тек онлайн режімде өтеді. Астанада өткен Парламент палаталарының бір­лескен отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанды IT мемлекетке айналдыруды және 2026 жылға қарай ақпараттық қызметтер экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған еді.

«Most» компаниясының зерттеуінше, Қазақстанның венчур нарығындағы жария мәмілелері 65,1 млрд теңгеге бағаланған. Сонымен қатар мәміленің орташа сомасы жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл жергілікті стартапшылардың қомақты инвестицияларға дайын екенін көрсетеді.

Проактивті саясаттың нәтижесінде халықтың IT салаға деген қызығушылығы арта түсті. Мұны ақпараттық технология­лар, информатика және есептеу техникасы факультеттеріндегі студенттер санының өсуінен-ақ көруге болады. Инновациялық экономиканы құруға қа­жетті кадрлық базаны толықтыратын же­ке бағдарламалау мектептері де ашылған. «Tech Orda» бағдар­ламасы аясында мамандықты игергісі келе­тіндерге ваучерлік жүйе бойынша ал­дың­ғы қатарлы жеке IT мектептерде оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Мыса­лы, қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 2 мыңнан астам адам IT мамандықты игеріп, 450 мың теңгеден жоғары жалақы алып отыр. Бағдарлама аясында 83 IT мектеп аккредиттеліп, 3 273 IT ваучер, яғни грант берілді.

IT саласы дамуының бір көрсеткіші – Astana Hub. Бұл – ел аумағында, бүкіл әлемде жоғары технологиялық компанияларды тіркеу, дамыту ісімен айналысатын IT стартаптардың халықаралық технопаркі. Оның негізгі мақсаты – с­тар­тап мәдениетін дамытып, нығайту, инно­вациялық жобалар арқылы ел экономикасын көтеру. Басым техно­логиялық орталықтар ретінде төрт бағытты атап көрсетуге болады: Блок­чейн, 5G, GameDev, SpaceTech. Мақсат­ты аудиториясы стартаптарға, вен­чурлық инвесторлар мен бизнес-періштелерге, отандық және шетелдік IT ком­панияларға, IT саласы мамандары мен әуесқойларға арналған.

Astana Hub-та екі даму бағдарламасы жүзеге асырылады. Біріншісі – акселерация. Іріктеу критерийлеріне сәй­кес стар­тапты жедел дамыту үшін же­тек­ші жаттықтырушылар 300 са­ғаттан астам кеңес береді. Сондай-ақ табыс­ты кә­сіпкерлердің тәлімгерлік бағ­дар­­ламалары өткізіледі. Екіншісі – ин­ку­бациялық бағ­дар­лама. Мұнда қатысушыларға бірыңғай коворкингке, білім базасына, сарапшылардан кеңес алуға және қаржыландырудың бірінші раундын тартуға көмек беріледі. «Astana Hub» аумағында зертханалар, пікір­талас клубтары, академиялар мен алаңдар да жұмыс істейді.

Кейінгі жылдары аймақтық IT хабтар құру да бір ізге түсті. Өңірлік IT хабтар инновациялық жобаларды дамытып, ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлауға көмектеседі. Өңірлік IT хабтарды дамыту – «Astana Hub»-тың басым міндеттерінің бірі. Биылғы мақсат – өңірлік IT хабтардың санын көбейту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік дең­­гейде инновациялық экожүйені кеңей­тудің маңыздылығы туралы жиі айтып жүр. Бұл мақсатта Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі мен «Astana Hub» және жер­гілікті атқарушы органдар айтар­лық­тай жұмыс атқарып келеді. Жыл басынан бері еліміздің Семей, Қызылорда, Тал­дықорған, Тараз, Өскемен, Орал, Түр­кіс­тан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Пав­лодар қалаларында IT хабтар ашылды.

Елімізде 16 мың IT компания, 182 мың маман бар. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында IT қызмет ел экономикасына 476,8 млрд теңге алып келген. Демек өнімді арттыратын өндірушілер де артуы қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT маманды даярлау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Премьер-министрдің ресми ресурсына сүйенсек, отандық жоғары оқу орындарының IT факультеттеріндегі студенттер саны артып келеді. Сондай-ақ әр өңірде заманауи IT мектептер салу саясаты да жүзеге асырылып жатыр. Ондай мек­тептер инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыра түседі.

«Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ-мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетіс­тіктеріміз де жоқ емес. Біз электрон­ды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспор­тын 1 млрд долларға жеткізу – Үкімет­ке жүктелетін жаңа міндет», деген еді Президент.