Филиал қызметкерлері Ақтау қаласының 18 шағын ауданында «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген №18, 19, 20, 21 үйлер жанына 50 түп зиянды жәндіктерге және шаң-тозаңға қарсы күресу қабілеті бар айланта тұқымды көшеттерін отырғызды. Шаһардың сәні мен экологиясына үлес қосатын іс-шараға Ақтау қалалық әкімдігі мен қажетті құрал-саймандар, тыңайтқыштар және суару техникасын ұсынған «Көктем» мекемесі қолұшын берді.
– Аталған үйлер 2022 жылы қолданысқа беріліп, әкімдікте кезекте тұрған 180 азамат баспаналы болды. Бұл алғашқы ұйымдастырып жатқан акциямыз емес, осыған дейін де мемлекеттік бағдарлама аясында берілген басқа тұрғын үй кешендерінің жанына ағаш отырғызған едік. Ағаш отырғызу – кез келген азаматтың парызы деп есептеймін. Өзгелердің ағаш отырғызғанын көріп, қала тұрғындарының қызығушылығы оянады деп ойлаймын. Банкімізде тек көгалдандыру бағытында емес, несие беру бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Тұжырымдама шеңберінде несиелер бастапқы жарна 10% болған кезде жылдық 2% (2%-дан жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) және 5% (5,2%-дан ЖТСМ) мөлшерлемесі бойынша берілетін болады. Несиелеу мерзімі 20 жылға дейін. Жылдық 2% мөлшерлеме бойынша қарыздарға I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар үміткер бола алады. Кезекте тұрғандардың барлық басқа санаттары бағдарламаға қатыса алады және жылдық 5% мөлшерлеме бойынша қарыздарға үміткер бола алады, – деді «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры М.Абугалиев.
Филиал басшысының айтуынша, баспана алушыларға жеңіл шарттармен, яғни 10% бастапқы жарна және 5% -дық жылдық мөлшерлеме бойынша несие (ЖТСМ – 5,2%) рәсімделген.
Отбасы банкі арқылы 2019 жылы басталған «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы және толық емес отбасы өлшемшарттары бойынша 255 отбасына, екінші траншта – 169, үшінші және төртінші транштарда сәйкесінше 379 және 141 отбасына, барлығы 941 отбасына пәтер берілген.
Отбасы банк берген мәліметке сүйенсек, Ақтау қаласындағы 19 А шағын ауданында 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 432 пәтерлік 5 үй салынған. Оның ішінде 324 пәтер әкімдікте кезекте тұрғандар арасында бөлінген. Қазіргі таңда сатып алу-сату шарттарына қол қою үдерісі жүріп жатыр және ол тұрғын үйдегі қоныстойын Тәуелсіздік күніне орай атап өту жоспарланған.
Банк қызметкерлері өздері арқылы берілген тұрғын үй кешеніне тұрғындар толықтай қоныстанған соң міндетті түрде сенбілік ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Маңғыстау облысы