Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
1990 жылы 25 қазанда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі халықтың еркін білдіре отырып, Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Қазақстан тұңғыш рет өзіндік дүниетанымы, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері бар, сол тұрғыда өзінің болашақ дамуын дербес, нақты болжай алатын Республика ретінде жария етілді.
Декларация республиканың барлық азаматтарына лайықты және тең өмір сүру жағдайын жасауға негізделгенін және Жоғарғы кеңес қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын атап өткен жөн. Жоғарғы кеңес республикада тұратын барлық халықтардың достығын нығайту мен бекітуді басты міндет етіп қойды. Мемлекеттік егемендік «зайырлы демократиялық мемлекет құруға бел байлау» негізінде жарияланды. Түйіп айтқанда, 25 қазан – тәуелсіздік жолында алғашқы әрі маңызды қадам жасалған күн. Осы сәттен бастап еліміз өзінің ұлттық мүдделерін терең танып, түсініп, озық үлгілі өркениет көшіне батыл бет бұра бастады.
Қазақ КСР-ның ұлттық мемлекеттілігі, ең алдымен, қазақ ұлтының және республикада тұратын басқа этнос өкілдерінің төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін қайта жаңғырту мен дамытуға және ұлттық қадір-қасиетін нығайтуға бағыт ұстады. Сонымен қатар декларацияда ҚазКСР республикадан тыс жерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға «қамқорлық танытады» деп көрсетілген. Сөйтіп, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы ұлттық сана мен бірегейлікті жаңғыртудың бастау нүктесі болды.
Республика аумағында тұратын азаматтарға ұлты мен қандай партияға жататындығына, шыққан тегіне, әлеуметтік немесе мүліктік жағдайына, жынысы мен дініне, қызметі мен тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық құқықтар мен бостандықтарға, сондай-ақ өздерінің ұлттық-мемлекеттік және автономиялық құрылымдарынан тыс тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне өмірдің барлық салаларында құқықтық теңдік пен тең мүмкіндіктерге кепілдік берілді. Қазақстан халқы Қазақ КСР-де егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып жарияланды. Кейінірек бұл нормалардың барлығы Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді.
Декларацияда мемлекеттіліктің тұтастық, аумақтың бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, халықтардың мәдениеті мен тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты қағидаттар алғаш рет бекітілді. Сонымен қатар декларация Қазақстанның шынайы егемендігінің барлық атрибуттарын: меншік аумақ пен азаматтық, мемлекеттік биліктің тәуелсіздігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік егемендіктің классикалық рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұранды, өзінің ұлттық валютасын бекітті. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттарды дербес анықтау қағидасы жарияланды.
Ата-бабаларымыз сандаған ғасыр бойы армандап өткен, небір тұғырлы тұлғаларымыз басын бәйгеге тігіп, бар саналы ғұмырын сарп еткен осы атты күнге жойқын оқиғаларға толы болған ХХ ғасырдың аяғында ғана қол жеткіздік. Батыс пен Шығыстың табысуына, руханияттың, діннің халықтардың арасына шекара қоймай, көпір болуына, аз бен көптің бауыр болуына бар болмыс-бітімі, қабілет-қарымымен қызмет еткен сол алғадай азаматтар, асыл қайраткерлер тұтатып үлгерген шырақ бүгінде азат халқымыздың алаулы тағдыры болып маздап тұр.
Дер кезінде қабылданған шара – тарихи ерлік, тындырылған шаруа – тарихи әрекет. Осы орайды декларация, демократиялық бастаулар дүние дүрлігіп жатқан алмағайып кезеңде тәй басқан тәуелсіздігіміз бен күрделі қоғамымыздың артық толқуларсыз, бірқалыпты өсіп-өркендеуіне, халқымыздың ұлттық тұрғыда ұйысып, жұдырықтай жұмылуына айтарлықтай қызмет көрсете алды. Декларациядан соң бастау алған саяси, экономикалық, құқықтық реформалардың сан алуан көзқарастардан туындап жатқан қандай да болсын күрмеулі мәселелерін бейбіт те жарастықты жолмен реттеудің жүйелі тәжірибесі қалыптасып, іске асырыла бастады. Сондай іргелі ізденістер, талапты, табанды шаралар «мың өліп, мың тірілген» халқымызды аз ғана уақыт иінінде тарих төріне алып шықты.
Осы жылдар ішінде еліміз көптеген соқтықпалы, соқпақсыз жолдарды жүріп өтті. Жүріп қана өтпей, биік белестерді бағындырды. Біз мұны ешуақытта естен шығармауымыз керек. Бүгінде еліміз саяси, экономикалық, әлеуметтік дамудың даңғыл жолына түсті. Барша әлем елдері үшін Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен достықтың алаңына, беделді мемлекетке айналды.
Халқымызда «Береке басы – бірлік» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – өмірлік тәжірибеден алынған ұлы даналық. Себебі бірлігі бекем ел ғана мықты болады. Бірлік бар жерде тірлік болатыны – баршаға белгілі өмір шындығы. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтың арқасында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенім мол. Себебі біз – арманы асқақ, мақсаты анық елміз. Олай болса, бір атаның баласындай бірлігіміз жарасып, тәуелсіз елімізді одан әрі дамыту жолында жан аямай еңбек ету, лайықты үлес қосу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Тек солай ғана алдымызда тұрған үлкен асуларды бағындыра аламыз.
Әділетті қоғам орнату үшін әлеуетті экономика керек. Экономика дамыған сайын мемлекет нығая түседі. Ол үшін барлық мәселеге елдік тұрғысынан келген жөн. Халқымыз елдік деп ел ішіндегі ынтымақты, жарастықты ұққан. Сол ынтымақ пен жарастықтың үлгісін, ең алдымен, ел билігінде, іс басында жүрген азаматтар, зиялы қауым өкілдері көрсеткені абзал. Елдік – бүгінгі таңдағы баршамызға ортақ, бірден-бір жетістігіміз. Елдікті сақтай білу – ең асыл мұратымыз. Бұл – мемлекет пен қоғамға деген жанашырлық пен жауапкершілік, ізденімпаздық пен талапшылдық, үлкен әлеуметтік белсенділік арқылы ғана атқарылар мерейлі міндет. Бұл біздің конституциялық құрылысымызға деген сенімімізді нығайтады, келешекке деген үмітімізді ұлғайтады.
Егемендіктің көсегесін көгертер көріністер – іштегі ынтымақ, тыныштық, береке-бірлік, сырттағы, алыс-жақын елдермен сындарлы қарым-қатынас, өзара ықпалдастық. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі дүмпулер, қақтығыстар, дау-жанжалдар жиі болып, шиеленістер ширығып тұрған алмағайып заманда халқымызға тән төзім мен сабырдан айырылмайық, ертеңге деген үмітізді үзбейік, серт пен сенімімізге бекем болайық. Өйткені еліміздің егемендігі – жүздеген халық пен миллиондаған адамның бақуатты тұрмыс-тіршілігі мен алаңсыз өмірінің басты кепілі.