Үкімет • 25 Қазан, 2023

«Бейнеу-Жаңаөзен»: Екінші желі іске қосылды

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты. Құбыр құрылысы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілді.

«Бейнеу-Жаңаөзен»: Екінші желі іске қосылды

Бүгінде Маңғыстау облысы – Қазақстан бойынша табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ. Атап айтқанда, өткен жылы облыс 2,8 млрд текше метр көгілдір отын тұтынған, бұл республиканың ішкі нарығындағы жалпы қажет­тіліктің 19%-ын құрайды.

«Бейнеу-Жаңаөзен» магист­рал­­ды газ құбырының екін­ші желісін іске қосу елді мекен­дерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сондай-ақ жылу және электр қуатын өндіретін Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны – «МАЭК» ЖШС-ны газбен тұрақты түрде қамта­масыз етуге мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов өз сөзін­де аталған жоба Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша іске асырылғанын және өңірдің экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

Мәселен, «Бейнеу-Жаңа­өзен» газ құбырының екінші желі­сінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құ­рай­ды. Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбырының аталған бағыт бойынша өндірістік қуаты шамамен 3 млрд текше метр ғана болатын. Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді, бұл өңір қажеттіліктерін толы­ғымен жабады.

«Көгілдір отынды үздіксіз жеткізу Маңғыстау облысының эко­но­­микалық дамуына бел­сен­­ді ық­пал етеді. Сонымен қатар атал­ған жоба еліміздің энер­гети­калық қауіпсіздігін нығай­та түседі»,  деді Әлихан Смайылов.

Нысан құрылысы кезінде магис­тралды құбырларды салу сала­сындағы заманауи техно­логия­­лар, сондай-ақ коррозиядан қорғау­дың сенімді құралдары пай­даланылды. Бұл ретте отан­дық тауар өндіру­шілердің жаб­дық­тары мен материалдары тартылды.

«QazaqGaz» ұлттық компа­ния­­сының басқарма төрағасы Сан­жар Жаркешов атап өткен­дей, «Бейнеу-Жаңаөзен» жаңа газ құбырын салу жобасына «QazaqGaz» және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жеке қаража­ты есебінен шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Бұл Маңғыстау облысының экономикалық дамуы мен энер­ге­тикалық қауіпсіздігіне қосыл­ған қомақты үлес»,  деді ол.

Сонымен қатар «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» ірі газ құбыры­ның үш желісін күрделі жөндеу жұ­мыстары аяқталды. Бұл – «Бей­неу-Жаңаөзен» екінші желі­сінің іске қосылуымен бірге Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін жаң­ғыр­тудағы үлкен қадам.

Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев аталған жобаларды іске асыру шағын және орта бизнесті дамы­туға ықпал ететінін, сон­дай-ақ жалпы Маңғыстау үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын баса айтты.

«Мемлекет басшысы жұ­мыс сапары барысында өңір­ді газбен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Магис­трал­ды газ құбырларының құ­ры­лысы мен жөндеу жұмыс­тарын мерзімінде әрі толық аяқтаған «QazaqGaz» компания­сына Маңғыстау облысының тұрғындары атынан алғысым­ды білдіремін», деді Нұрлан Ноғаев.

«Баршаңызды осы маңыз­ды жобалардың аяқталуымен құттықтаймын»,  деп салтанатты іс-шараны қорытындылады Әлихан Смайылов.

Салтанатты іс-шараға орта­лық және жергілікті атқару­шы мемлекеттік органдар­дың, «Самұрық-Қазына» АҚ, «QazaqGaz» ұлттық компания­сы­ның басшылары, газ сала­сының жұмысшылары мен ардагерлері қатысты.