Фото: ашық дереккөз
Авторлар пленарлық мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеден бұрын ең әуелі «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Қазақ ССР Декларациясының жобасы талқыланғанын жазған. Сессияның алғашқы күндерінде Декларацияның негізгі жобасы талқыланып, оған балама негізде «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының жобасы ұсынылған. Соған орай депутаттардан ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен пікірлер мен ескертулерді Декларация жобасына енгізу жөнінде арнайы комиссия құрылып, ол депутат С.Зимановтың басшылығымен бір аптадан астам жұмыс істеген. Міне, сол комиссия жұмысы қорытындысында толықтырулар енгізілген Декларация жобасы тағы да қызу талқыға түсіп, депутаттар оған аса мұқият қараған екен. Парламент мүшелері Декларацияның әрбір сөйлеміне, сөзіне жете мән беріп, тоқталып, айтылған ұсынысты сол бойда дауысқа салып отырған көрінеді.
Тілшілер үзіліс арасында республиканың егемендік алудағы бағдарының жобасы туралы пікірлерін білу үшін бірнеше депутатты әңгімеге тартып көріпті. Біз қазір депутаттардың сол сөздерін түгел беріп отырмыз.
Алтыншаш ЖАҒАНОВА:
- Республикамыздың егемендігі туралы мәселеге келгенде парламент мүшелерінің оған енжар қарамай, қызу пікірталас туғызуы, тіптен баламалы Декларация жобасын ұсынуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені қабылданғалы отырған Қазақ ССР-нің егемендігі туралы Декларация жобасы біздің халықтығымызды айқындап, болашағымызды бағдарлап бермек. Яғни, бұл – біздің республикамыздың егемендік алу жолындағы бағдары. Алайда, «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Декларациясының негізгі жобасындағы ойларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызу қандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені тым асқақтаушылық. Бұл тарихты бұрмалау. Әрине, мен «Демократиялық Қазақстанды» қалайтындардың барлық пікірлерін жоққа шығарып тұрған жоқпын. Оларда республика болашағын ойлаған келелі пікірлер де бар. Сондықтан да, негізгі жобаны қайта қарағанымыз, толықтырулар енгізгеніміз дұрыс болды ғой деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрылып, баламалы жобадағы ұсыныстарды ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен барлық пікірлерді ескеріп, бүгінгі талқылап отырған Декларацияның толықтырылған жобасын ұсынуы – Жоғарғы Советтің үлкен ісі деп бағалаймын. Бұл жоба барлық Қазақстанда мекендеген халықтардың мүддесін толықтай қанағаттандыруды көздеген. Сондықтан, республикамыздың бүгінгі тынысына, мақсатына сай келеді деп ойлаймын.
Сұлтан САРТАЕВ:
- Мен Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссияға мүше болдым. Комиссияның жұмысы барысында біз баламалы негіздегі жобаға да, халықтан жазбаша түскен пікірлерге де жете мән бердік. Қайткенде де біздің республикамыздың Декларациясы Қазақстанда мекендеген барлық халықтардың тең праволы дамуын қамтамасыз ететіндей болуына, біздің өзге халықтармен тереземіз тең ел екендігімізді білдіретін егемендікке жетуімізге баса назар аудардық. Өйткені, бұл құжат келешекте республика өмірінде аса маңызды роль атқармақ. Бұл алда қаралатын Қазақ ССР Конституциясын қабылдауда, Одақтық шарт жасауда негізге алынады. Сондықтан да, тек бүгінгісін ойлап, еліміздің болашағын бағдарламай, бұра тартқысы келетіндерге ғылыми негізде түсінік беруге тырысудамын. Мұны айтып отырған себебім: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал, оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда, ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес.
Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:
– Декларация жобасының әрбір сөйлемі, тіпті сөзіне мән беріп, талқыға салуымыздың өзі депутаттардың республика егемендігіне енжар қарамайтынын көрсетіп отыр. Алайда, кейбір елдігімізге, егемендігімізге пайдасы тие қоймайтын пікірлердің белең алуы кім-кімге де тиімді бола қоймас. Егемендік егеспен келмейді. Қайта ол біздің республикамыздағы барлық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана біздің республика экономикасы, мәдениеті гүлденген елге айналмақ. Ел болашағын ойламай, тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық.
1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады!