Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Кумите бағдарламасында Қайсар Алпысбай жартылай финалда әлем чемпионы Анджело Крешенцоны (Италия) 5:1 есебімен ұтты. Енді ол алтын медаль үшін грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен сайысады.
Айта кетсек, Қ.Алпысбай қазір WKF каратэден әлем рейтингінде 7-орында тұр. Ол – Премьер-лига санатындағы бәсекеде 3 мәрте топ жарған және биыл өткен Азиаданың чемпионы.
Ал Мөлдір Жаңбырбай әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізерлетіп (11-3) сенсация жасады. М.Жаңбырбай жуырда Азиададан елге күміс жүлдемен оралған.
Сондай-ақ жексенбі күні Дидар Әмірәлі (67 кг) және Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін жекпе-жектер өткізеді.
WKF каратэден Халықаралық дәрежедегі төреші, Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған Асқар Молдағали Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында: «Бұл еліміз үшін тарихи сәт! Алғаш рет екі спортшымыз әлем чемпионатының финалында. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз – Дархан Асаділовтің 2008 жылы алған күміс медалі еді. Екі финалмен қоса екі қола үшін жекпе-жек күтіп тұр. Жалпы ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Сәтін салып, елге екі алтынмен қайтуға барымызды саламыз», деді.
Еске салайық, WKF каратэден Ұлттық құрама XIX жазғы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, барлығы жүлдеге ие болған (3 алтын, 3 күміс, 2 қола). Сондай-ақ биыл Азия чемпионатында алғаш рет жалпы есеп бойынша топ жарды.
Анықтама ретінде айта кетсек, Қазақстан осыған дейінгі әлем чемпионаттарында 1 күміс пен 10 қола еншілеген.