Мирас • 26 Қазан, 2023

Бердібай – ең үздік термеші

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл артына мол мұра қалдырған ақын Мұрат Мөңкеұлы­ның туғанына 180 жыл толды. Зар заманның өкілі жеті жасы­нан жетімдіктің зардабын көрген. Ауыл молдасынан араб­ша сауат ашқан ол ақындық өнерімен танымал болған.

Бердібай – ең үздік термеші

Жақында Атырауда ақын әрі жы­раудың шығармашылығына арналған жыр­шы-термеші­лердің аймақтық бай­қауы өтті. Оған Ақтөбе, Маңғыстау және Аты­рау облыстарының өнер­паз­да­ры қатысты. Облыс­тық мәдениет және тіл­дерді да­мыту басқармасы ұйымдас­тыр­ған байқау бірнеше мақсатты көз­деді.

«Аймақтық байқау, бірін­шіден, Мұ­рат Мөң­кеұлының шығармашылығын жаңғырту, екіншіден, дарынды жастар­дың орындаушылық шеберлігін шыңдау, үшіншіден, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәр­биелеу мақсатында өткізілді. Атадан балаға мирас бол­ған саф алтындай терме өне­ріне жаңа серпін беруді ұйғар­дық», деді облыстық халық шы­ғармашылығы орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов.

Байқауға қатысушылар екі кезеңде бақ сынады. Алдымен ақынның жырын, ал екінші кезеңде терме мен толғауларды орындады.

Мәселен, ақтөбелік өнерпаз Жанерке Құттығай домбыраны жеті жасынан серік еткен. Бастапқыда халқымыздың дәстүрлі әндерін орындап жүр­ген. Кейін жыршылық бағытқа ден қойған. «Маған бұл бағыт өте ұнайды. Терме – мазмұны жағынан терең, тәрбиелік сипаты бар 3-4 минуттық шығарма. Толғау – 10 және одан да көп минутқа созылатын туынды. Ал жыр орындау жарты сағаттан алты сағатқа дейін созылуы мүмкін. Әзірге жарты сағаттық шығармаларды орындап жүрмін. Шығармашылықтың бұл жанры патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті оятады. Ұлт батырларының ерлігі баяндалатын жыр көп. Әрине, екі жастың арасындағы махаббатты жырлайтын туындылар да бар. Жыр-термелерді орындап, сөздік қорымды байыттым», дейді Жанерке Құттығай.

Оның айтуынша, Ақтөбеде жыр-терме мектебі ашылған. Қазір ұлттық өнерді дәріптейтін мектепте қазақ ұлан­дары көп. Олармен бірге орыстың үш баласы дәріс алады.

Қазылар алқасы әр қаты­сушының орындаушылық шеберлігіне бас мән берді. Сайыс қорытындысымен Маң­ғыстау облысынан қатысқан Бердібай Тойғұлиев бас жүл­дені иеленді. Бірінші орын Аты­рау қаласының тумасы Ару­жан Ерімоваға, екінші жүл­де Ақтөбе қаласынан келген өнер­паз Дильназ Қуанышқа беріл­ді. Ал Жанерке Құттығай үшін­­ші жүлдеге лайық деп таныл­ды.

 

Атырау облысы