Кәсіптік колледжді тәмамдап, 18 жасынан бастап ауылдық пошта бөліміне жұмысқа орналасқан ол осы күні аудан орталығындағы шамамен жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 27 көшедегі 1 300 түтінге 500-ден аса газет, 100 шақты журнал мен хат-хабар, сәлем-сауқат пен зейнетақысын уақтылы жеткізуді өз жауапкершілігіне алған. Оны таратып бітпейінше Оляның дамыл таппайтыны анық.
«1988 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Газет-журнал таратудың қиыншылығы аз емес. Әртүрлі жағдай кездесіп жатады. Иттен де, адамнан да қорқатын жайттар болады. Иығымызға арқалайтын жүктің де салмағы жеңіл емес. Соған қарамастан оқырманға жазылған газет-журналын кешіктірмей қолына табыстауға тырысамыз. «Көңіл көңілден су ішеді» демекші, жаяулап жүретін жұмысымызға алғыс жаудыратын кеңпейіл тұрғындардың тілегіне қанаттанып, көңіліміз марқайып қалатын кездер де жоқ емес. Осы жұмысым арқылы ауылдастарымды түгелге жуық танып алдым», дейді тәжірибелі пошташы О.Ділдебаева.
Жыл он екі айдағы ауа райының құбылмалығы мен қиындығына мойымай көше аралайтын еңбегі ескерусіз қалмаған Ольга Қалышбекқызы табандылығы үшін 2013 жылы «Үздік байланысшы» төсбелгісін алған екен. Бұған қоса мерекелік шараларда иеленген алғысхаттары да бар. Бүгінде тәжірибелі пошташы ғана емес, жеткізу учаскесінің бригадирі болып тағайындалған. Марапаттың ең үлкені тұтынушылардың алғысы екенін айтқан Оля биыл өзінің жұмысын жеңілдету әрі жылдамдату мақсатында электромопед сатып алған екен. Заманауи техниканы тізгіндеген Оляға қызыға қарайтындар осы күні алғыспен қатар, ақ жол тілеуді әдетке айналдырған.
«Оқушы шағымызда поштаға барып, бір құшақ газет-журналды үйге әкелуші едік. Және осы бір әдемі сәттің өз рақаты бар. Кейде үйге жеткенше газетті ақтарып, мақалаларды оқып тастайтынбыз. Пошта терезесінен Оля тәтеміз қол бұлғап, күлімдеп қарсы алатын. Міне, биыл поштада ақадал қызмет етіп жатқанына 36 жыл толыпты. Ешкімге назданбайды. Ұзынағашты бес саусағындай біледі», дейді әріптесіміз Алмас Сәдуақас.
Жүзінен мейірім төгіліп тұратын пошташының еңбекқорлығы мен адамгершілігі әлі талай тақырыпқа арқау болары ақиқат.
Алматы облысы