Қоғам • 27 Қазан, 2023

Алматыда зорланған баланың анасы мәлімдеме жасады

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы жылдың қыркүйек айында Алматыдағы жекеменшік мектепте 1-сынып оқушысының зорланғаны туралы ақпарат шықты. Зардап шеккен баланың анасы осы іске қатысы бар қылмыскер әлі табылмағанына шағымданып, желіде үндеу жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Алматыда зорланған баланың анасы мәлімдеме жасады

Фото: ашық дереккөз

Анасының видеоүндеуі Kozachkov offside парақшасына жарияланған.

«Қылмыскер әлі табылмады. Себебі не? Тергеу жұмысының нашарлығы ма, әлде халықаралық мектеп еліміздің заңына бағынбай ма?», деп мұңын жеткізді баланың анасы.

Ол бұл видеоны түсіріп, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Бас прокурор Берік Асыловқа хабарласып жатқанын, себебі мемлекеттік органдарға жолдаған ресми сауалдарына әлі жауап алмағанын да айтты.

«Балалар зардап шекпеуі үшін қылмыскерді мен табуым керек пе? Мен қарапайым қазақ әйелімін, менің ешқандай «таныстарым» жоқ. Шынымен де әділ тергеуден бас тарта ма? Неліктен қылмыскердің бостандықта жүргеніне ешкім алаңдамайды?», деді әйел.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша қылмыстық істі тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 3-1-бөлігі «Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тергеп жатқанын мәлімдеді.

«Комиссия сот-медициналық сараптама жүргізді. Оның қорытындысы алынды. Сонымен бірге істің объективті мән-жайын анықтау мақсатында тергеу сарапшыларға қосымша сараптама тағайындады. Ол әзірге азаматша П.-ның ұлын сараптамадан өткізуге құлықсыздығынан мүмкін болмады», делінген қалалық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Ішкі істер министрлігі мен Полиция департаменті басшылығының бақылауында екені айтылды.