Аймақтар • 29 Қазан, 2023

Қос спорт кешені ашылды

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы – кезінде Тайпақ және Чапаев аталған екі ауданның біріккен атауы. Міне, Жайықты жағалай қонған осы елде бір күнде екі спорт кешені ашылып, пайдалануға берілді.

Қос спорт кешені ашылды

Тайпақ – ежелден әлемге әйгілі спортшылар көп шыққан өңір. Самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, грэпплингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Зайреден Мұхамбетжанов, қол күресінен Қазақстан спорт шебері, жастар арасында әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенова, бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниал Сәбит, қол күресінен Азия кубогінің жеңімпазы Ізбасар Нұрбол, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымқұлов, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Бағдат Жарылғасов, самбодан жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Армат Қабдолов т.б. майталмандар шыққан өңірде ашылған су жаңа 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы есебінен бөлінген қаражатқа тұрғызылған.

– Мемлекет басшысының тапсыр­ма­­сын орындау аясында облыс­та­­ 11 дене­шынықтыру-сауық­­тыру ке­­­шені қолданысқа берілсе, бү­гін­­ су жаңа ғимарат Тайпақ
ауы­­­­­­­лын­­да ашылып отыр. Енді жас спорт­­шы­­­лар заманауи спорт кешенінде жат­ты­ғып, кәсіби шеберлігін шыңдап, әлем­ді­к сайыс­тарда жоғары жетістікке қол жет­кізіп, ел үмітін ақтайды деп сенеміз. Жаңа спорттық нысан ел атын мәшһүр ет­кен аға буын спортшылар салып кеткен сара жолды жалғар чемпиондар ұстаханасына айналсын, – деді кешеннің ашылуына­ арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Ал Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында ашылған спорт кешені 320 адамға арналған. Кешеннің бірінші қабатында ауыр атлетика бөлмесі, бокс рингі, арбадағы мүгедектерге арналған орындар болса, екінші қабатында күрес залы мен дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын бөлме бар. Спорттық нысанда халықтың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Өңір басшысы «спорт кешені әр тұрғын үшін қолжетімді болады» деп мәлімдеді.

 

Батыс Қазақстан облысы