Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченконың айтуынша, бұл жоба елімізде интеллектуалды спорт түрін дамыту, кеңінен насихаттау үшін қолға алынған. Жоба бойынша «Шахмат керуені» екі ай ішінде 14 мың шақырым жол жүріп, ел аймағын түгел аралап, 10 қараша күні Түркістанға табан тірейді. Әр облыстың үздіктерінен құралған 60 ойыншы өзара бәсекеге түсіп, гранд-финалдың жеңімпазы 5 млн теңге жүлдеге ие болмақ. Керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 млн теңге.
– Бұл жарысқа әдейі әуесқой шахматшыларды ғана қатыстырып отырмыз. Өйткені шахмат секілді интеллектуал ойыны елімізде жалпыхалықтық сипат алғанын қалаймыз, – деді Олег Рябченко.
«Шахмат керуені» жобасының Оралдағы кезеңін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы ашты.
– Елімізде халықаралық Эло рейтингіне кіретін 900-дей спортшы бар. Оның 15-і – халықаралық гроссмейстер атағына ие. Ал біздің облыста 9 мыңдай адам шахматпен жүйелі түрде айналысады. №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, Мектептен тыс жұмыстар орталығында, Оқушылар сарайында, сондай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Қазталов аудандарында шахмат үйірмелері жұмыс істеп тұр. Онда 500-дей бала бар. Өңірде жоғары білікті 20 жаттықтырушы-ұстазымыз сабақ береді. Өңірде ел намысын қорғап, кәсіби мансабында жоғары жетістіктерге қол жеткізген, балалар үлгі тұтатын, еліктейтін шахматшылар аз емес. Солардың ішінде халықаралық гроссмейстер, жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Мұртас Қажығалиев, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әлібек Иғамбергенов, 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионы Жанат Сайын, 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Айсезім Мұхит, 16 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы «Aktau Chess Open» ашық турнирінде қола жүлдегер атанған Александр Савин, ел Республикасы балалар кубогінің және жасөспірім қыздар арасындағы ел чемпионатының күміс жүлдегері Лаура Әбділдаева бар, – деді Н.Төреғалиев.
Осы күні Оралдағы тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тағайындалды.
Осы іс-шараға орай арнайы құрылған мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир өтті. Онда облыстық іріктеуден шыққан 20 адам өзара бақ сынап, үш жеңімпаз 10 қараша күні Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды. Олар – Төрехан Молбай (1-орын, 100 мың теңге), Дмитрий Данилов (2-орын, 50 мың теңге), Мирас Рушанов (3-орын, 30 мың теңге).
– Мен шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. Содан бері тұрақты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мықтысымен ойнап, 1-орын иелендім. Өзімнің жеткен жетістігіме қуанып тұрмын, – деді киелі Түркістанда өтетін финалға жолдама алған 15 жастағы Төрехан Молбай.
Турнирде Айша Тұрсынова «Қыздар арасындағы үздік көрсеткіш», Бексұлтан Ғұбашев «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы», Тайыр Жұмабаев «50 жастан асқан ардагер қатысушы» аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді.
Іс-шара аясында алдын ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, ел чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты.
Батыс Қазақстан облысы