Қоғам • 30 Қазан, 2023

Қарағанды... Қасірет жыры

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағанды... Қасірет жыры

Тулақ сабап жатқандай тасқа аунатып,

Қарағанды көгінен қашқан бақыт...

...Шерубай-Нұра «Шерменде» күйін шалды –

Соқыр өзен көзінен жас парлатып.

 

Сағым алып қашқандай самалаңды,

Қу тақырға шөгердің қара нарды.

Зарлап көшкен жұрт едің,

«Карлаг» кешкен –

Саған енді не дейін, Қарағанды?

 

Қазан таңы,

Қайғымның қозғап бәрін,

Аққуды аттың,

ей, ажал,

қазды атпадың.

– Көмір берем – деп жүріп

Өмір берген –

Бақұлдаспай қайтемін, боздақтарым!

Самалы арлы, Сарыарқа, санаң арлы,

Гептиль жауып құрдастың қаны ағарды...

Жанарыңнан тағы да жас саулады –

Қабағыңнан қар жауған, Қарағанды!

 

Тереңіме тербелген батты уайым,

Қанатыңды, қарғам-ай, Қақтырайын.

...Ақ Ордаңның ішіне жібек жайып –

Күміс сапты ожаумен ақ құяйын.

 

Жайлауындай жаныңның жаз әлемі,

Назы әдемі жұрт едің, сазы әдемі.

...Қаралы ту көтерген, Қарағанды –

Бірге бүгін өзіңмен Қазақ елі!

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты