Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанын атап айтқаны белгілі. Былтыр Самарқандта өткен жиында Президент Қазақстан түркі әлемінің атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін айтқан еді.
«Ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Өзара байланысты нығайту жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті орасан зор рөл атқарады», деді Мемлекет басшысы.
Жоспар бойынша іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ Мажарстанның Премьер-министрі қатысады. Кей бұқаралық ақпарат құралдары қазірдің өзінде Астанадағы жиында Мажарстан мен Түрікменстан ұйымға толыққанды мүше атанады деп ақпарат таратқан-ды.
Күні кеше Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған ресми сапармен Түрікменстанға барып, аталған елдің Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Екіжақты келіссөзден кейін алыстан ат терлетіп келген мейман аталған елді Түркі мемлекеттері ұйымының толыққанды мүшесі ретінде көргісі келетінін мәлімдеді. «Әлемдегі, әсіресе, біздің аймақтағы болып жатқан оқиғалар Түркі мемлекеттері ұйымы шаңырағындағы бірлігіміздің маңызын айқындап берді. Біз ұйымға бақылаушы мәртебесі бар Түрікменстанды толыққанды мүше ретінде көргіміз келеді», деді Р.Ердоған.
Осы орайда, Түркі мемлекеттері ұйымының тарихына аз-кем тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Ұйым «Түркі кеңесі» ретінде Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Оның Хатшылығы Ыстанбұл қаласында орналасқан. Қазіргі таңда Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие.
Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің басшылары тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бауырлас елдер басшыларымен жиі-жиі кездесетін. Сол кездегі мемлекет басшыларының сапарларынан кейін өзара алыс-беріс, барыс-келіс айрықша қарқын алды. Түркияның сол кездегі Президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түгел түркі жиналып, түркітілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммиті өтті.
Бұл маңызды бастама қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Түркі әлемінің басшылары тұрақты түрде саммитін өткізіп, мұны игі дәстүрге айналдырды. Осындай жұмыстың нәтижесінде ынтымақтастық пен бауырмалдықты арттыру бағытында көптеген маңызды қадам жасалды. Мәселен, 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы жиында кездесулердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақты Хатшылық құрылды. Дегенмен бастама бірден жүзеге асқан жоқ.
Біраз уақыт саябырсыған түркілердің басқосуы жаңа мыңжылдықта қарқын алды деп айтуға негіз бар. Әзербайжан астанасында 2005 жылдың мамырында «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры ресми түрде іске қосылды. Осы іргелі жиынға түркітілдес мемлекеттердің басшылары қатысып, жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. Басқосуда түркітілдес мемлекеттер арасындағы қатынастың қарқынды дамып келе жатқаны анық аңғарылды.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті белесі деп 2006 жылы Антальяда өткен VIII саммитті атап өткен артық емес. Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия басшылары қатысты. Кездесу барысында Түркі кеңесін құру туралы бастама көтерілді. Айта кетерлік тағы бір мәселе, құрылтайда түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру жөнінде уағдаластық жасалды. Жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде – Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сәуірінде Астанада өтті.
Үш жылдан кейін Әзербайжанның Нахчыван қаласында түркі ынтымақтастығы тың серпін алды. Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер басшылары 2009 жылдың қазанында түркі әлемінің басын құраған ауқымды құрылтайдың іргетасы қаланды. Нәтижесінде, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі және Түркі академиясын құру жөнінде уағдаластық жасалып, түркі интеграциясы ширай түсті.
Саммитте Нахчыван келісімі қабылданып, түркітілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие құжатқа айналды. Сол келісімге сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Кейінірек, 2010 жылы 25 мамырда құжатта айтылған мәселелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.
Ал Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысы 2011 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылды. Құрылтай экономика және сауда саласына арналды. Білім, ғылым және мәдениет ынтымақтастығы тақырыбындағы екінші саммит 2012 жылы Бішкекте өтсе, тауар тасымалы мәселесі 2013 жылы Әзербайжанның Габала қаласында талқыланды. 2014 жылы Түркияның Бодрум қаласында Түркі кеңесінің IV саммиті өтті. Мұнда Қазақстан Түркі кеңесін нығайту және көлік коммуникациясын дамыту мәселелерін көтерді.
2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында ақпараттық саладағы өзара іс-қимылға арналған және Қазақстанның төрағалық етуіне жол ашқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің V саммиті өтті. Алтыншы және жетінші саммиттер тиісінше Шолпан-Ата (Қырғызстан) және Баку қалаларында өтті.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі нығайтқан тағы бір бастама 2021 жылы Түркияда, VIII саммит барысында қабылданды. Іргелі іс-шарада жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ортақ іс-қимылдың маңызына ерекше екпін берілген-ді. Сондай-ақ ұйымның болашағына қатысты бірқатар маңызды мәселе бойынша шешім қабылдады. Түркі кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертілді.
Бұдан бөлек, жиын кезінде үшінші тараптармен және институттармен ынтымақтастықтың жаңа әдістерін анықтау, Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі көтерілді. Сондай-ақ ұйымның орта және ұзақмерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді. Самарқандтағы ІХ саммитте Түркі инвестициялық қорын құруға қатысты нақты шешім қабылданды.
Биыл бауырлас Түркияда алапат зілзала болып, мыңдаған адам қаза тапқаны белгілі. Тамырлас мемлекеттегі апатқа түркі елдері бейжай қараған жоқ. 16 наурызда ұйым басшылары Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне жиналды. Басқосуға қатысқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саммиттің «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» деген тақырыпта өтуі бекер емес екеніне назар аударды. Шартарапта табиғи және техногендік апаттардың көбейгеніне тоқталған Президент бұл жағдайдың өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалмайтынына тоқталып, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ ұйым хатшылығы мен мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
«Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, құтқарушылардың біліктілігін арттыру және оқу-жаттығу курстары өткізіледі», деді Президент.
Қорыта айтқанда, Шығысы Сібірден, Батысы Қара теңізге дейінгі алып аумаққа таралған, мыңдаған жылға созылған Ұлы дала өркениетін қалыптастырған түркілердің бүгінгі ұрпағының бірлігі беки түсті. Түркі мемлекеттері ұйымы құрылтайларын сәтті өткізу арқылы қазіргі таңда дипломатияның маңызын жер-жаһанға паш етеді.