Рудный тұрғындарына өткен қыс оңай соққан жоқ. Сақылдаған сары аязда әбден тозып біткен жылу құбырларының бір жерін жамаса, екінші жерінен жарыла берген соң, қала әкімдігі техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болған. Қыстың қырауында қысылтаяң жағдайда қалған қалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келді. Құбыр жөндеу жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездескен Президент: «Қаланың жылу желілері 70-80 пайызға, кейбір тұстарда 90 пайызға дейін тозған. Үкіметке келесі қысқа дейін ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырдым», деген еді.
Рудныйға, онымен іргелес жатқан Қашар, Железорудный елді мекендеріне жылу тарататын желінің жалпы ұзындығы 182 шақырымнан асады. Көп ұзамай мемлекет бюджетінен 8 млрд теңге қаржы бөлініп, қар еріп, тоң жібісімен бірден бірнеше көшенің магистралды жылу құбырын жаңарту жұмыстары басталып кетті. Нәтижесінде, биыл жаздай ұзындығы 11 шақырым болатын жылу құбыры жаңартылды.
– Осылайша, тозығы жетіп тұрған магистралды желілердің үлесін 40 пайызға дейін азайттық. Біз бір құбырдың орнына екінші құбырды қойып, жай ғана күрделі жөндеу жасап жатқан жоқпыз. Жылу желілерін түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алдымен құбырдың астындағы бетон төсеніштерді ауыстырдық. Оның үстіне жылу, су өткізбейтін пенополиуретанды материалмен қапталған құбырларды төседік. Мұндай құбырлардың жылу жеткізу сапасы жоғары болады. Жылуды жоғалтпайды және жалаңаш металл құбыр сияқты шіріп кетпейді, – дейді «Рудный жылу желілері» ЖШС-ның директоры Олег Әбілқайыров.
Рудныйдағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге қазанның бесінен бастап жылу беріле бастады. О.Әбілқайыровтың айтуынша, келесі жылы магистралды құбырлармен қатар, тікелей тұрғын үйлерге жылу апаратын сағалық құбырларды жөндеу жұмыстары басталады.
– Биыл негізгі күш магистралды құбырларды жаңартуға жұмсалды. Магистрал мен тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың арасын жалғайтын құбыр сағалары да әбден тозып тұр. Қазан айының басында жылу жіберу кезінде бірнеше жерінен жарылды. Оны дер кезінде бүтіндеп қойдық. Бірақ алдағы қыста осы орамішілік құбырлар жиі жарылуы мүмкін. Биылша оларды жедел жөндеп, қыстан амалдап шығамыз, – деді Рудный жылу желілерінің басшысы.
Бұған дейін қыс бойы қымбат отын – мазут жағып келген Арқалық қаласында таяуда көмірмен жанатын жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Шалғай шаһардағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 35 шақырымға жуықтап қалады. Соның 85-90 пайызының тозығы жетіп тұрған. Қалалық құрылыс және сәулет бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өміржан Әбдібековтің айтуынша, тозған желіні үш жыл ішінде жаңартып шығу үшін мемлекет қазынасынан 12 млрд теңге бөлінген. Биыл 3,2 млрд теңге қаржыға ескі құбырдың 7 шақырымы жаңартылыпты. Қаладағы 50-ден аса тұрғын үй, өзге де әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар осы жаңа құбырға қосылған. Мамандар биыл төселген құбырлардың сапасы өте жоғары деп отыр. Құбырдан ағатын ыстық судың температурасын арнайы құрылғы бақылап отырады. Жалпы, Арқалық қаласындағы жылу құбырларының дені жер үстімен өтеді. Мамандардың айтуынша, бұл – жөндеуге қолайлы, жеңіл әрі арзан. Мұның сыртында құбырдың бойымен арнайы белгі беретін сымдар тартылған. Құбыр жарылған жағдайда апат орнын осы сымдардың көмегімен жылдам анықтауға мүмкіндік бар.
Бүгінде осыдан үш жыл бұрын салынған көмірмен жанатын жылу энергетикалық орталығының кем-кетік тұстарын дұрыстау жұмыстары аяқталып қалған. Таяуда екі бу қазандығы іске қосылды.
Қалалық жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы Әскербек Әлмағамбетовтің айтуынша, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін Арқалыққа 48 мың тонна көмір қажет. Қазір қорда 10 мың тонна отын бар. Қалған көмір келісімшартта белгіленген кезеңге сай, Шұбаркөлден теміржол арқылы жеткізіліп жатыр. Ал қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, оған арнайы 4,5 мың тонна мазут сақтаулы тұр.
Қостанай облысы