Пікір • 31 Қазан, 2023

Азаматтардың өмірі – басты мәселе

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаза болған кеншілердің отбасы мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз... Өзекті өртейтіні – кейінгі жылдары «АрселорМиттал Теміртау» өндіріс ошақтарында болған қайғылы оқиғалар тізбегі көбейді.

Азаматтардың өмірі – басты мәселе

Осы уақытқа дейін «Арсел­орМиттал Теміртауға» қарасты кен орындарында болған апаттан 100-ден аса адам қаза тапқан, 150-ден аса адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Оның ішінде жарақатының ауырлығынан мүгедек болып қалып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылғандары да бар. Былтыр бір аптаның ішінде бес жұ­мысшының қаза болғаны есімізде. Биыл тамыз айында «Казахстанская» шахтасында болған өрт салдарынан 4 адам бақилық болды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қа­уіпсіздік ережелерін сақтамаудан туын­даған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүр­гізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды.

Тамыз айындағы апаттан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аты­шулы компанияның орнына басқа инвестор табу туралы Үкіметке тапсырма берген еді. Осы жолғы апаттан соң «АрселорМиттал Теміртау» компания­сымен инвестициялық келісімді бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл көптің біраз уақыттан бері күткен жаңалығы болғанымен, мұндай шешім бір күнде қабылданбайды, себебі оның құқықтық астары көп. Шамасы, былтырдан бері жүргізілген тексерулер мен бірнеше айдан бергі ке­ліс­сөздердің қорытындысы осыған әкел­ді.

Осы тұста ескеретін бірнеше мә­се­ле бар. «АрселорМитталдың» орнына кім келеді? Отандық инвес­тор болса, құба-құп. Екінші мәселе – компанияға қарасты кен орындарына толық тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі – ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл ретте Президенттің апат орнына дереу жетіп, бар жағдайға өзі қанығып, нақ­ты ақпаратты алуы, шұғыл шешім қабылдауы – құптарлық іс.

Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық ал­дындағы инвестициялық бет-бей­несін сақтап қалу, Қазақстанның эконо­микасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетел­дік инвесторларды тарту. Бұған дейін «Арсе­лор­Миттал» кен орын­да­рындағы өн­діріс қауіп­сіз­дігін сақтауға қатысты, жергілікті халық­тың денсаулығына тигізген зияны мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескер­тулерді дұрыс орындаған жоқ. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да компания­мен келісімшартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апар­мауын қадағалау керек. Яғни мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені жіті қарау керек. Бұл орайда, Президенттің кәсіби биліктілігі, халықаралық аренадағы тәжірибесі мен беделі көмек болары сөзсіз.

 

Абзал ҚҰСПАН,

Мәжіліс депутаты