Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Қуанышты іс-шара Республика күні қарсаңында жүзеге асты. Панфиловтегі қос нысан мемлекеттік бағдарламамен салынған. Олардың бірі Пенжім ауылында 100 орынға арналған, оның құны – 1 млрд 115 млн теңге, ал екіншісі Үлкеншыған ауылында орналасқан. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұның құрылысына 1 млрд теңге бөлінген, 90 орындық. Бұлардың әрқайсысында бокс, фитнес, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар, сондай-ақ спорттық ойын алаңдары бар. Бірінші спорт кешенінің ауданы – 2 615,7 шаршы метр, екіншісі – 2 057,80 шаршы метр.
Нысандардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек:
«Өткен жылы Панфилов ауданында 6 спорт кешені іске қосылды. Олардың бәрі жергілікті кәсіпкерлердің есебінен салынған. Жақын арада Жаркент қаласында жеке азаматтардың қолдауымен құны 500 млн теңге болатын тағы бір спорт кешені ашылады. Ал бүгін мемлекеттің қолдауымен ауданның екі ауылында екі спорт нысаны пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ Үшарал қаласында тағы бір спорт кешенінің құрылысы басталды, келесі жылы іске қосылады», деді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауыл балалары жаңа спорт кешендерінде жаттығуға спорт секцияларына жазыла бастаған. Ауыл тұрғындары іші толықтай жабдықталған екі жаңа нысанның ашылғанына дән риза.
Қаратал ауданының тұрғындары да осындай қуанышқа кенелді. Аталған ауданның Кәлпе ауылында құны 179,8 млн теңгелік, жалпы ауданы 887 шаршы метрден асатын блокты-модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын «АтамекенСтройГрупп» ЖШС жүргізді.
Атап өтсек, Талдықорғанда тағы бір спорт нысаны – жеке инвестиция есебінен салынған жабық жаттығу мұз аренасы ашылады. Өңірде баламасы жоқ жаңа спорт нысаны Халықаралық коньки спорт түрлері федерацияларының барлық нормасы мен регламентіне сәйкес келеді. Мұнда оқу-жаттығу үдерістерін, сондай-ақ шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, паралимпиадалық хоккей жарыстарын өткізуге барлық жағдай жасалған. «Jetysu Аrena» мұз айдынының жалпы ауданы – 1 456 шаршы метр. Бұл – республикада следж-хоккей ойнауға мүмкіндік жасалған екінші кешен.
Ең ғажабы, Талдықорғанда «Jetysu Аrena» мұз айдыны ашылды. Бұл нысанды халық көптен күткен еді. Себебі қысқы спорт түріне қызығатын жастарға осындай орталық ауадай қажет болып жүрген. Міне, бүгін сол мерейлі сәтке де жетті. Арена халықаралық талапқа сай салынған. Кез келген тұрғын балаларын әкеліп, қалаған спорт түрімен айналысуға еркіндік берілмек.
Жеке кәсіпкердің қаржысына салынған нысанда шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен айналысуға болады. Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккейге де жағдай жасалып отыр. Хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған мұз аренасы – елімізде екеу ғана. Оның бірі – Астанада болса, екіншісі бүгін Талдықорғанда ашылып отыр.
Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
«Облыста бұқаралық спортты дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, биыл осы салаға бюджеттен 20,5 млрд теңге бөлінді. «Jetysu Аrena» мұз айдынын салуға жергілікті кәсіпкер 867 млн жеке инвестиция құйып, бүгін сол көрнекті спорт нысанын іске қосып отыр. Осы ретте Талдықорғанда қысқы спортты дамытуға қосып отырған зор үлесі үшін кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлына шынайы алғысымды білдіремін», деді Е.Бәзіл.
Айта кетейік, жалпы облысымызда қысқы спорт түрлерімен тұрғындардың 1,4 пайызы айналысады. Ендігі жерде бұл нысан жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетін болады.
Нысанның жалпы алаңы – 2 235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен – тоңазытқыш құрал, мұз құю құралы, спорттық құралдармен жабдықталған. Сол арқылы мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар.
Жалпы, Жетісу облысында спортты дамытуға биыл 20,5 млрд теңге бөлінген.
Жетісу облысы