Қоғам • 01 Қараша, 2023

Дәнекерлеу дәріскері

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі Сәтбаев индустрия кол­леджі бұрын №3 кәсіп­тік мектебі деп аталатын. Басшы­лық жұмыс сұрай келген бұ­ған дәнекерлеу мамандығы бойын­ша үш айлық курсқа бару­ға ұсыныс жасады. «Бізде осы мамандық бойынша оқу шеберлері жетіспей жатыр. Егер бәрі жақсы болса, жұ­мысқа қабылдаймыз, бала­лар­ға дәнекерлеудің қыр-сырын үйретуден дәріс бересіз», дейді. Мұның бітіргені – Жезқаз­ған құрылыс техникумы. Маман­дығы бойынша жұмыс табылмай тұрса, қайтпек керек?

Дәнекерлеу дәріскері

Сондықтан ол кәсіптік мектеп бас­шылығының ұсынысын құп көр­ді. Сөйтіп, жаңа мамандық­ты меңгеруге ұмтылды. Дәнекерлеу мамандығына сол мектептің өзінде оқытады екен. «Оқу­шы­­ларға құрылыс ма­ман­­дықтарының бірінен сабақ беремін» деп кел­ген ол солармен бір­ге дәнекерлеуші маман­дығына машықтанды. Бұл 2007 жыл бола­тын. Ол бұл кезде үш баланың анасы атанған отыздың бел ортасындағы келіншек еді. Сынақтардан сү­рін­бей өтті. Айналасы үш айдың ішінде көп-көрім дәнекерлеуші болып ал­ды. Бүгін енді Му­карама Байшорина Сәт­баев индустрия коллед­жінде өн­дірістік оқыту шебері болып еңбек етіп жүр.

– «Ешқашан ештеңе­нің кештігі болмай­ды», деген рас екен. Жасым отыздың ор­тасына келгенде жаңа ма­­ман­дықты игеремін деп ой­лаған жоқпын. Бірақ бұ­ған еш өкінбеймін, – дей­ді ол.

Өйткені осы жылдар ішінде қан­шама дәне­кер­леушіні оқытып, үй­ретіп шығарды. Колледжге кел­генде дәнекерлеу дегеннен түк хабары жоқ жастар айналасы екі-үш жылда мамандық иесі болып шығады. Олардың оқып, үйренуіне колледж­де жақсы жағдай жасал­ған. Арнайы шеберха­нада оқуға қажетті құ­рал-жабдықтар жет­кі­лік­ті. Оқу барысында теория мен практика ұш­­тастырылып отыры­ла­ды. Болашақ дәнекер­леу­шілер қаладағы іргелі кә­сіпорындарға барып тә­жірибе жинақтайды.

– Біз үнемі облыстық, рес­пуб­­ликалық байқау­лар­дан сырт қал­маймыз. Мұндай байқаулардың берері мол. Бұл бір жа­ғы өзімізді көрсетуге се­беп, екіншіден, өзге­лердің озық дү­ниелерін үйренеміз, – деген Му­карама Тасыбайқызы биыл облыстық деңгей­дегі байқауда оқушы­ларының 2-орын алғанын зор мақтанышпен айтты.

Еңбектің бағалан­ға­нына не жетсін? Мука­раманың бұл орайда да өкпесі жоқ. Ол 2014 жылы Сәтбаев қаласы әкімінің арнайы сыйлығын жеңіп алса, 2021 жылы ол кез­дегі Білім және ғылым ми­нистрінің Алғысхатын иеленді. Ал жақында «Amanat» пар­тиясының марапа­тына ие болды. Бұл ай­тылғандар оның мара­паттарының бірді-екісі ғана.

Мукараманың айтуынша, әйелдер­дің дә­не­керлеу мамандығы бойын­ша ұстаздық етуі таң­ғаларлық жағдай емес. Өйткені өзі еңбек ете­тін колледждің өзінде ғана үш әйел осы мамандық бойынша са­бақ береді екен.

Мукараманың алды­­нан өткен дә­­не­кер­леу­шілер «Қазақмыс» кор­по­рациясының құры­лымдарында, тағы да басқа мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек етеді. «Шәкірттеріммен мақ­тана­мын. Өйткені олар еліміздің да­муы үшін өз үлесін қосып жүр. Шә­кірт­терімнің ең­бек жетістіктерінде ме­нің де азды-көпті үлесім ба­рын сезе­мін, бұл да жанға жылулық сыйлайтын сәт», деген Мукарама Байшорина отбасында ардақты ана, аяулы әже, өнегелі ене.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы