Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Костенко кенішіндегі апатқа тоқталып, бұл тұтас халқымыз үшін үлкен қасірет екенін жеткізді. Депутаттар атынан қайтыс болған кеншілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Қайғылы апатқа кінәлі кім?
Күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланбастан бұрын депутат Арман Қалықов сөз сұрап, Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты Мәжіліс атынан депутаттық сауал жолдады.
Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Бұл жағдай «Казахстанская» шахтасындағы апаттан 2 ай өткеннен кейін болып отыр. Мұндай жазатайым оқиғалар өз қызметкерлеріне жауапсыздықпен қарау салдарынан болғаны айқын.
Осындай жазатайым оқиғалардың барлығы компанияның осы жылдар бойы, шын мәнінде, Қазақстан кеншілерінің маңдай тер мен адал еңбегінің арқасында ақша тапқанын көрсетеді. Өйткені «АрселорМиттал» бәрінен дерлік үнемдеген. Кейінгі төрт жылдағы ресми мәліметке сүйенсек, компания жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған», деді А.Қалықов.
Депутаттың айтуынша, жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген.
«Салдарынан биылдың өзінде екі апаттық жағдай болды, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген отандасымыз қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалды. Қазіргі жағдайда Президент бірден-бір дұрыс шешім қабылдады, ол – «АрселорМитталмен» ынтымақтастықты тоқтату.
Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-жылдары қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырға шақырғым келеді.
Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз. Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинатының стратегиялық нысандар екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамның тағдыры солармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді», деді А.Қалықов.
Осы орайда, депутат алдағы уақытта әрбір жұмыскердің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Қарапайым жұмысшылардың жағдайын жақсартудың, кеншілер мен олардың отбасылары ертеңгі күнге сеніммен қарауының маңызын жеткізді.
«Бұл мақсатта депутаттар әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылды. Жұмысшылардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық.
Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастырамыз», деді А.Қалықов.
Экономикада оң өзгеріс бар
Бұдан кейін депутаттар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарады. Атап айтқанда, Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитеті Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы ратификациялық келісімді жұмысқа алды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы да қаралды. Аталған мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.
«Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтады. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізуге ықпал етеді. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген.
Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендеумен айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд долларға дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд долларға дейін өседі деп болжанады», деді Ә.Қуантыров.
Сонымен қатар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл мәселе жөніне Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады.
«Болжам бойынша 2024 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 5,3 пайызды құрайды, кейін 2028 жылы 6 пайызға дейін өседі.
5 жыл ішінде ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық өсуі 5,8 пайызды құрайды. Номиналды ішкі жалпы өнім 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық саласында оң динамика күтеміз. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады.
Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан озып кетеді. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту есебінен мұнай өндіру 95,4-тен 102 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі 4,5 пайызды құрайды», деді Ә.Қуантыров.
Сала басшысы құрылыс саласы да жоғары қарқынмен өсетінін алға тартты. Нақты сектордағы өндірістің өсуі қызмет көрсету секторының орта есеппен 6,3 пайызға өсуіне ықпал етеді. Ішкі тұтынушылық белсенділік сауда қызметтерінің орта есеппен 7,4 пайызға өсуіне жол ашпақ.
«Көлік саласындағы болжамды өсім орта есеппен – 6, ақпарат және байланыс саласында 7,8 пайызды құрайды. Салаларда экономикалық белсенділікті арттыруға инвестициялық жобаларды іске асыру, нақты сектор мен шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау жөніндегі шаралар ықпал етеді. Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 94,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд АҚШ долларына дейін артады. Инфляцияның нысаналы дәлізі 2024 жылы – 6-8, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026-2028 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді.
Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың параметрлерін анықтауда бюджет параметрлерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтудің негізгі міндеті қойылды. Бюджеттік параметрлерінің тұрақтылығы салық базасын ұлғайту және бюджеттік қағидаларды қолдану есебінен қамтамасыз етіледі. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Парламент депутаттарының бастамалары Үкіметпен қабылданып жатқан республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс базасын толықтыру бойынша шаралар есебінен іске асырылады.
Бұл ретте республикалық бюджеттің кірістері 2024 жылы болжам бойынша 16,1 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімге қатысты 11,9 пайыз деңгейінде құрайды. Биылғы бағалаумен салыстырғанда өсім 2,7 трлн теңгеге артық. Жоспарлы кезеңде олардың 2026 жылға қарай 18,4 трлн теңгеге дейін немесе 14,1 пайызға артуы керек», деді Ә.Қуантыров.
Министр экономиканың даму қарқынын ұлғайту, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету оң серпін беретінін алға тартты. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің теңгерімін кірістер базасы есебінен қамтамасыз ету үлесі 2022 жылғы 62,4 пайыздан 2024 жылы 70,3 пайызға дейін және одан әрі 2026 жылы 76,3 пайызға дейін көбеймек.
«Номиналды мәнде республикалық бюджеттің шығыстары 2024 жылы 24 трлн теңгеден 2026 жылы 25,2 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды. Ішкі жалпы өнімге қатысты олардың 2024 жылғы 17,8-ден 2025-2026 жылдары 15,6-14,6 пайызға дейін төмендейді. Осы лимит шеңберінде ұлттық басымдықтарға сәйкес бюджеттің жалпы көлемінің орта есеппен 68 пайыз деңгейінде стратегиялық бағыттарда шығыстардың шоғырлануы қамтамасыз етіледі.
Бюджеттік параметрлердің шынайылығын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың мәндері 2024 жылы ішкі жалпы өнімге қатысты 2,6 және 6,5 пайыз деңгейінде тиісінше одан әрі төмендеумен айқындалды», деді Ә.Қуантыров.
Бюджет тапшылығы 2,6 пайызға дейін азаяды
Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрі Е.Жамаубаев 2024 жылы 20,4 трлн теңге көлемінде түсім күтіп отырғанын мәлімдеді. Трансферттерді есепке алмағанда, кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80 пайызын құрамақ.
«Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған. Соның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Оған автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту кіреді. Сондай-ақ ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік нысандарды салу қарастырылған.
Бюджеттің 2024 жылға арналған шығысы биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге 2,6 пайыз деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3 пайызға дейін төмендейді. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған», деді Е.Жамаубаев.
Біріншіден, индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге қарастырылған. Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылға 93,3 млрд теңге көзделген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде сақталды. Бұл 150 мыңнан астам адамды қамтиды және 3 жылға қосымша 473 млрд теңгені қажет етеді.
Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге бағытталады. Ұлттық жобаға сәйкес, 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланды. Бұл, 4 млн-нан астам ауыл тұрғынын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, білім беру саласын дамытуға, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға 1,7 трлн теңге бағытталады. Соған сәйкес 369 мектеп салу жоспарланды. Балабақша педагогтерінің еңбекақысын 30 пайызға көтеруге 96 млрд теңге қарастырылды», деді Е.Жамаубаев.
Сала басшысының мәліметіне сүйенсек, бюджет шығыстарының тағы бір маңызды бағыты өңірлерді дамытуға бөлінеді. Бұған республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Яғни жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30 пайызын құрайды. Сонымен қатар Үкімет резерві есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 15 млрд теңге, өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 38 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінбек.
«Бесіншіден, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн теңге көзделген. Соның ішінде 1,5 млн астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанған. Мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Алтыншыдан, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,8 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 млрд теңге бағытталады, шамамен 2,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен кредиттеу көлемі жыл сайын 140 млрд теңгені құрайды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға 2024 жылы 100 млрд теңгеге кредиттер беріледі», деді Е.Жамаубаев.
Сондай-ақ күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары 2,6 трлн теңге көлемінде бекітілмек. Қаражат ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыруға, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жүзеге асыруға, әскери қызметшілердің жекелеген санаттарына еңбекақыны жоғарылатуға, ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінеді.
Инфляция тежеліп келеді
Бұдан кейін сөз кезегін Ұлттық банк төрағасы Т.Сүлейменов алды. Оның айтуынша, геосаяси шиеленіс пен әлемдік нарықтардағы құбылмалы жағдайға қарамастан, елімізде қазіргі экономикалық жағдай тұрақты және оң динамика көрсетіп отыр.
«Ішкі жалпы өнім осы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 4,7 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар биыл 9 айда 12,1 пайызға өсті. Жылдық инфляция сегіз ай қатарынан төмендеп келеді. Оның қазіргі деңгейі ақпан айындағы 21,3 пайыздан қазан айының қорытындысы бойынша 10,8 пайызға дейін немесе 2 есе төмендеді. Инфляцияның төмендеуіне сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, сондай-ақ Үкіметтің нақты шаралары мен Ұлттық банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты ықпал етті.
Азық-түлік инфляциясы 10,4 пайызға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,1 пайызға дейін төмендеді. Қазан айында қызметтер бағасының өсімі 11,0 пайызды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер инфляциясының жоғары көрсеткіштері жанар-жағармай мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифіне реттелетін бағаларды реформалауға байланысты», деді Т.Сүлейменов.
Баяндамашының сөзіне сай, инфляция қазіргі мәнінен 2024 жылдың соңында – 8, ал 2025 жылы орта есеппен 6 пайызға дейін баяулайды. Кейін мақсатты 5 пайыздық деңгейде сақталады. Ұлттық банк инфляцияның біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын ескере отырып, тамыз бен қазан айларында базалық мөлшерлемені екі рет 16,75 пайыздан 16 пайызға дейін төмендетті.
«Сонымен қатар жекелеген факторлар мен тәуекелдерге назар аударған жөн. Біріншіден, сыртқы сектордағы факторлар: әлемдегі базалық инфляцияның орнықты болуы, кейбір сауда-серіктес елдер тарапынан инфляциялық қысымның артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсері және геосаяси тәуекелдердің күшеюі, оның ішінде Таяу Шығыстағы қалыптасқан жағдай.
Екіншіден, инфляцияның ішкі факторлары: фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер. Сонымен бірге реттелетін бағаның өсуінен қайталама әсердің тәуекелдері. Жалпы, бағалардың қазіргі өсу қарқыны, яғни қазандағы айлық инфляция 0,7 пайызды құрап, біздің таргеттен әлі жоғары қалыптасты.
Инфляцияны ауыздықтау – экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықтың басты шарты. Қымбатшылық, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал санатына теріс ықпал етеді. Бұл – осы азаматтарға қосымша салынатын салық. Сондықтан Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыру – ең басты міндет деп санайды», деді Т.Сүлейменов.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов республикалық бюджетке қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, құжаттың түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру.
«Республикалық бюджет бірінші кезекте Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет екі ай бойы жұмыс топтарында жан-жақты талқыланды. Талқылау барысында көптеген сыни пікір болды, ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы бүгін қабылданған бюджетте ескерілді», деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері бірқатар жайтты шешу үшін депутаттар тарапынан қосымша қаржы қарастырылғанына назар аударды. Бір ғана мысал, 2,5 трлн теңге бағдарламалар мен жобалардың маңыздылығына қарай қайта үйлестірілді.
«Ең өзекті мәселе – инфляция мен азық-түлік бағасы. Жылу, жарық, жол, сумен қамтамасыз ету де – түйткілді мәселелер. Мемлекеттік борыштың өсуі де депутаттарды алаңдатып отыр. Үкімет бұл жайттарға ерекше көңіл бөліп, жүйелі түрде айналысуы қажет. Бюджетті талқылау кезінде сайлаушыларымыздың осы және өзге де талап-тілектері ескерілді.
Сонымен қатар Үкіметке Ұлттық қордың қаражатына иек арта бермей, басқа да кіріс көздерін қарастырған жөн. Өздеріңіз білесіздер, Президенттің тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асырыла бастады. Сондықтан Ұлттық қордағы қаржы көлемі қоғамның басты назарында екенін ұмытпаңыздар. Ендігі міндет – бюджетті тиімді іске асыру. Депутаттар бекітілген бюджеттің орындалуына жүйелі түрде бақылау жүргізеді. Мемлекет басшысы бізге дәл осындай жауапты міндет жүктеп отыр. Ең бастысы, бюджеттің әр теңгесі өз мақсатына жетуі қажет», деді Е.Қошанов.
Депутаттар талқылаудан кейін Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт пен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.