Реформа • 02 Қараша, 2023

Жер реформасын жеріне жеткізілуге тиіс

339 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы жеріне түбегейлі реформа қажет. Ол үшін ондай жерлерді елді мекендер учаскесінен бөліп жеке заң қабылдаған жөн. Сонда ғана ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарды пайдалану ісі реттеледі, олардың ерекшеліктері толық айқындалады. Осындай заң көрші Ресейде, басқа елдерде де қабылданған. Менің ойымша, елді мекендердің (қалалардың, кенттердің) аумағы мен ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді (мүмкін оның ішіне ауыл­дық елді мекендерді қосу мүмкіндігін де қарастыру керек шығар) өзара бөліп, екі заң (немесе Кодекс) қабылдау жайын алдымен ғалым­дармен, тәжірибелі мамандармен кеңесіп, талқылау керек. Мүлік­тердің бірыңғай кадастр базасы енгізілген қазіргі жағдайда ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекендердегі коммерциялық мақсаттағы шағын жер учаскелерінен бөліп қарау дұрыс болар еді.

Жер реформасын жеріне жеткізілуге тиіс

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елімізде соңғы жылдары қа­был­данған «Жайылымдар туралы» заң бар, алайда оның жайылым мәселесін шешуге қауқары жоқ. Әлсіз заң. Көптеген мәселе қарас­тырылмаған. Жергілікті жерде жайылым мәселесімен ай­на­лы­сатын кәсіпорын жоқ. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің бір департаменті (он бес шақты маман), жергілікті ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары басқармасындағы бір-екі маманның аталған мәселені шешуге шамасы да мүмкіндігі де жетпейді. Көп өңірде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласының қосылуы екі саланы да әлсіретіп жіберді. Қазіргі мамандардың кеңестік заманда оқығандардан айырмашылығы – екі саланы да нашарлау біледі. Сондықтан аталған екі салаға да осындай реформадан көп зиян келеді деп айтуға негіз бар.

Осыған орай, кеңестік кез­дегі­дей жайылымды жоспарлау, бөлу, суландыру, шөп құра­мын жақсарту мәселелерімен айна­лы­сатын шағын жобалау мекеме­лерін құруды ойластыру керек. Ондай мекемелер жеке адамдардан немесе шетелдерден инвестиция тартып, шалғайдағы жа­йы­­­лымдарды пайдалану (сулан­­дыру, жол салу, малдарды қыс­қы және күзгі жайлауларға шыға­ру, т.б.) жолдарын зерделеп, тиісті ин­вестициялық жобалар әзір­лесе ғана жайылым мен шабын­дық­тардың жағдайы түзелуі мүмкін. Әйтпесе, жылда құдайдан жаңбыр сұрап отырғаннан ештеңе шықпайды. Қазірдің өзінде көп өңірлерде жайылымдар толық деградацияға ұшырап, шөлденіп пайдаланудан шығып келеді.

Жер ресурстарын басқару коми­тетінде де жайылым мен шабын­дықтарды жақсы білетін мамандар жоқ. Қызметкерлері тек статистикалық есеп жүргізіп отыр. Қырық жыл­дан астам жайылымдар мен ша­бын­­дықтардың мәдени-техни­ка­лық, агрономиялық жағ­дайы­на түгендеу жұмыстары жүр­гізіл­меген­діктен, жергілікті ат­қарушы органдар берген құрғақ ақ­па­раттың негізінде кадастрлық статистика жинақталып жатыр.

Жер қатынастары саласын­дағы айтылған көптеген мәселе­ні түбегейлі шешу үшін әкім­діктер­ге, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне емес, Пре­зи­дентке тікелей бағынатын дербес мемлекеттік орган – Жер ре­сурс­тарын басқару агенттігін қай­тадан құру ұсынылады. Мұндай орган кезінде біраз жыл жұмыс істеген. Мемлекеттік жер кадаст­рын (ең болмаса ауыл ша­руа­шылығы жерлерінің сан­дық және сапалық кадастр мәлімет­терін) Цифр­лық даму, инновация­лар және аэроғарыш министрлігі құра­мынан шығарып, барлық функцияларымен жаңа Агенттікке беру қордаланған мәселелерді шешуге жол ашады. Жалпы, бір министрлікте көптеген саланы топтастыру жақсы нәтиже бермейтіні бұрыннан белгілі.

Өткенде Парламент Мәжілісі­нің депутаты, жер саласынан хабары мол заңгер Бақытжан Базарбектің Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерілген мәселелерді толық қолдаймын. Ол азамат – Алматыда және облыстарда жер саласындағы әртүрлі заң бұзу­шылықты әшке­релеуге белсенді араласқан тәжі­рибелі заңгер.

Депутат Б.Базарбектің жер реформасының ұзақмерзімді Доктринасы керек деген ұсынысы да орынды. Ақпарат ретінде айта кетелік, 90-жылдардың аяғына қарай Жер ресурстарын басқару коми­тетінде осы саланы 2030 жыл­ға дейін дамыту жөніндегі тұжы­рымдаманың жобасы әзірленген, оның кейбір бө­лімдерінің дайындалуына осы жолдардың авторы да қатысқан. Құжат түрлі себептермен, негізі­нен министрлер мен Комитет бас­тық­тарының ауысуы­на байланысты қабылданбай қалды.

Соңғы жылдары жер инспек­ция­­­ларының әкімдіктердің қа­рауы­нан алынып, Жер ресурс­тарын басқару комитетінің құра­мы­на берілгені – дұрыс шешім. Дегенмен өңірлік департа­мент (басқармалардың) құзыретін күшейту керек, әсіресе материал­дық-техникалық, штаттық саны жағынан, инспекторлардың көлік­тері және арнаулы киімдері болса жақсы болар еді. Көрші Ресейде бұл мәселелер жер реформасы кезін­де негізінен шешілген.

Кейінгі жылдары жер инс­пекциялары «Amanat» партиясы өкілдерімен, прокуратура органдарымен бірлесіп, он миллионға жақын пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтарды. Мұндай жұмыстарды ел қолдап отыр. Жер саласында әділеттік орнауын, сыбайлас жемқорлық­тың азаюын жергілікті қарапайым халық бұрыннан күтіп жүр.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Де­ген­мен сол жер учаскелерінің қай­тадан кімге, қалай және қан­дай негізде беріліп жатқаны көпте­ген сұрақ туғызады. Заңда ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жер учас­келері тек жалға конкурс арқылы беріледі деп көрсетілген. Жер кодексінің 43-1-бабында аталған жерлердің беру шарттары белгіленген. Алайда заңнамада және оны жүзеге асыратын қағидасында (ережеде) кейбір кемшіліктер орын алған. Жер учаскесінің құнарлылық жағдайы ес­керілмейді. Тек инвестиция кө­ле­мі есепке алынады, оның қан­ша салынғанын кейін тексеріп жатқан жағдайлар аз. Бұрынғыдай тиянақты жоспарланған жерге орналастыру жобасынсыз, жердің табиғи жағдайын, агротехникалық мүмкіндігін, құнарлылығын жан-жақты ескермей (көп аймақта топырақтың құнарлылығының картасы болатынын ұмытқан), жыл сайын орташа алғанда 3 мил­лионнан астам гектар жер учас­келері шаруаларға конкурс ар­қы­лы беріліп жатқаны жөнінде ақпа­рат құралдары бетінен оқып жүр­міз. Әрине, бәрі мақсатты түрде пай­даланылып, өнім алынып, ол жерден жемшөп дайындалып жатса ешкімнің сөзі жоқ. Өкініш­ке қарай, жоғарыда аталған жағдай­да берілген көптеген жер учаске­сінің шаруаларға пайдасы аз, өнім­ділігі төмен. Қайтадан беріл­ген көп жерлердің пайдаланылмай жатқаны да жасырын емес.

Жерге орналастыру жұмыс­тары Қазақстанда көп жылдан бәсе­келестік ортаға берілген, жеке азаматтар және заңды тұлғалар орындайды. Осыдан келіп жерге орналастыру жұмыстарының са­пасы өте төмендеп кетті. Себе­бі бақылау жоқ, бұрын ондай жұмыс­тың түріне лицензия беріліп, аз да болса бақылауда болатын. Қазір бәрі «жабайы» ортада деуге болады, сондықтан жерге орналас­тыру жұмыстарының тәртібі мен технологиясы толық орындалып жатыр деп ешкім айта алмайды. Жер саласындағы сыбайлас жем­қор­лықтың көп негіздерін осыдан іздеу керек. Жер учаскесін бөл­ген­де, оны пайдаланғанда жан-жақты негіз­делген жоспар көп жағ­дайда әзірленбейді, әзірленсе де фор­малды түрде, екі-үш беттегі еш дә­лел­денбеген сызбалар (кейде масш­табы да сақталынбайды) кү­йін­де болады. Оны тексеруге, мау­­сымды бақылауға штаты ша­­ғын ко­митеттің, өңірлік жер инс­­­пек­­­ция­ларының және облыс­тар мен аудан­дардағы уәкілетті ор­ган­­дардың мүмкіндіктері келе бермейді.

Соның нәтижесінде жер учас­ке­лерінің нысаналы пайдалану мақ­сатын көп жағдайда өзгертіп, бөлшектеп сату үрдісінің, әсіресе қала маңында және жақын аудандарда көбеюі, елді мекеннің шекарасын негізсіз (заңнама тәртіптерін сақтамай) өзгерту арқылы суармалы жерлерді тәлімді (суарылмайтын) жерге ауыстырып құрылыс, заң­сыз үй салудың көбейгені жасы­рын емес. Жерге орналас­тыру жүйесін толық қалпына келтір­мей, бұл үрдіс тоқтайды деп ай­ту қиын. Бұрынырақта Ре­сей­де жер­дің нысандық мақса­тын өзгерту­ге арналған жеке заң болған, ол бо­йынша бұл мәселе Үкімет қаулысымен шешілетін. Қазір оны қызмет көрсету орта­лы­ғының кез келген операторы немесе жергілікті әкімдік ма­ман­дарының өздігінен өзгерту мүм­кіндігі жоғары. Себебі жер кадастрына толық бақылау аздау, қызмет көрсету орталықтары бас­­тық­тарының көбісі жер сала­сының мамандары емес.

Енді жер кадастры жүйесі мәсе­лесі хақында. Мен тәуелсіз Қазақ­станның жер кадастрын ұйымдас­тырушыларының қатарында болдым. Жер реформасы басталған кезден көп жыл бойы жер кадас­тры және жер мониторингі бас­қармасының басшысы қызметін атқардым. Мемлекеттік жер ка­дастрының автоматтандырыл­ған ақ­параттық жүйесінің негізгі ұйымдастырушыларының қа­тарын­да болғанымды да осы са­ла­ның мамандары жақсы біле­­ді. Соңғы жылдары жер кадастры­­ның және ауыл шаруа­шылы­ғы мақсатындағы жер учаске­лері­нің меншік иелері мен пайдалану­шылардың аты-жөндерін көрсетіп, ашықтығын қамтамасыз ету мәсе­лесі жиі көтеріліп жүр. Бұл құп­тар­лық мәселе және жер кадастры­ның мәліметтері ашық және азамат­тарға қол жетімді болуға тиіс, атал­ған қағида заңда көрсетілген.

Сонымен бірге, жерге орналас­тыру жүйесінің қазіргі жағдайын­да жер кадастры мәліметтерінің нақтылығын, сенімділігін толық қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін кәсіп­орынды (олардың барлық облыс­тардағы филиалдарын) Корпо­рация құрамынан шығарып (жерге құжат беретін бір бөлімді операторларымен халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалдыру мәселесін қарастыруға болады), орталық уәкілетті органның құзы­ретіне беру керек және тәуелсіз мамандандырылған мекемеде шоғырландыру мақсатқа сай болар еді. Бұл қолданыстағы заңна­ма­лар­ға тиісті өзгерістер енгізуді талап етеді. Тек осындай жағдайда ғана жер кадастрының тәуелсіздігі, мәлі­­меттерінің нақтылығы айқын­да­лып, жер учаскелерінің коорди­нат­­­тарын, есептеу квартал­да­рын өз­герту, шекарасының нүкте­лерін өз­герту сияқты сыбайлас жемқор­лық фактілері азаяды деген сенім бар.

Олай болмаса жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жағдайы екі ұшты: қағаз жүзінде Жер ресурстарын бас­қару комитетінің балансында, оған ба­ғынады, ал нақты жағдайда ак­цио­нерлік қоғам мекемелерінің құра­­мында. Мемлекеттік жер кадастры­ның қазіргі жағдайы – «басы» бір мекемеде, «денесі» екін­­ші мемлекетке бағынышты ком­­мер­циялық емес акционерлік қоғам­да. Жылжымайтын мүлік­тер­дің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құрумен екі кадастрды бөлу жағдайы бұрынғыдан қиындады. Тек қана жыл­жымайтын мүліктермен және ел­ді мекендермен байланысты емес ауыл шаруашылығы жерлерінің сан­дық және сапалық деректер кадаст­рын бөлу мәселесін қарастыру қажет.

Әрине, соңғы жылдары жер қаты­настарын және жер кадастрын жетіл­діру бағытында бірқатар қадам жасалды. Деректер элект­рондық нұсқаға ауыстырылды. Олар­дың картографиялық коор­ди­наттық жағдайын әлі де нақ­тылау керек, бұл әсіресе ауыл­шаруашы­лық жерлеріне қатысты. Жер саласы сандық негізге көшті, алайда жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүліктің координаттарын пысықтау керек, оған қалалардағы жиі болатын жер дау­ларын есепке алса болады. Қазір бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры базасы енгізілді деп жатыр. Алайда жер саласында сыбайлас жемқорлық фактілері азаймай тұр. Осы себепті жерге орналастыру саласын, жер кадастрын жүргізуді негізгі уәкілетті органға, оның мекемесіне беру қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе, әйтпесе, бір-екі жылда елімізде жарты ғасыр­дан астам тарихы бар жерге орналастыру және жер кадастры жүйесі толық жойылады.

Халыққа сапалы қызмет, нақты ақпарат, тиісті құжаттарды тез беруге ешкім қарсы емес. Тек жерге орналастыру жұмыстарын, жер кадастрын жүргізуді тәжірибесі бар кәсіпорын, бір уәкілетті органда жүргізу дүниежүзілік тәжірибе. Бұл тұрғыда көрші Ресей, Бела­русь, алыстағы Швеция мен Гер­ма­нияның тәжірибесін зерттеу керек. Жүйесі әртүрлі болғаны­мен, құрылу принциптері бір. Елі­міздің ерекшеліктерін ескеріп, жерге орналастыру жүйе­сі және жер кадастрын (қазіргі қалып­тасқан жағдайды ескеріп, ауыл шаруашылығының сандық және сапалық кадастр деректерін бөліп) жүргізу бір мамандандырылған кәсіпорынға және бір органға бағынып, сонда «орталық сервер» орналасуы тиіс. Орталық уәкілетті органның құзыретін көтеріп, жауапкершілігін заңмен бекіту қажет. Сонда ғана, бұл салада жемқорлық азаяды, пайдаланылмай жатқан жерлердің көлемі кемиді, жерге тәртіп орнатуға бір қадам жасалады. Жер учаскелері жан-жақты жоспарланып (жер бедері, топырақ ерекшелігі, өсетін дақылдар) тиісті әзірленген жобамен берілсе ғана ол жер учаскесі өз мақ­сатында пайдаланылады. Жерге бай­ла­нысты көтеретін мәселелер мен бас­қа да ұсыныстар бар, алайда бәрін бір мақалаға сыйғыза алмайсың.

Бүкіл саналы өміріміз өткен саланың көз алдыңда жойылып бара жатқаны жанға батады. Осы айтылғандардың негізін Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі ескереді деген үміттеміз.

 

Тұрғанбай ТӘЖМАҒАМБЕТ,

Қазақстан Республикасының Құрметті жерге

орналастырушысы, жер саласының ардагері