Аймақтар • 01 Қараша, 2023

Берекесі кеткен «Береке» қалашығы

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Талдықорғанның кіреберісіне салынған «Береке» коттедж қалашығының мәселесі көп болып тұр. Құрылысы 2014 жылы басталған қалашықты салу үшін 8 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы бөлінген. Сөйтіп көп балалы аналарға арнап мемлекет тапсырмасымен арнайы зәулім үйлердің іргесі көтерілген еді. Әйткенмен жеме-жемге келгенде баспаналар шенеуніктердің туған-туыстарына таратылып, тіпті сапасы сын көтермейтіні әшкере болды.

Берекесі кеткен «Береке» қалашығы

Еңселі тұрғын үйлер осыдан 4 жыл бұрын біртіндеп пайдалануға беріле бас­тады. Алайда мемлекеттік бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізген тұр­ғын­дардың қуанышы ұзаққа созылмай, коттедж қалашығындағы үйлердің мәселесі көп екені айтылды. Со­дан бері «Береке» атауын иеленген ша­ғын ауданға қатысты шу толастаған жоқ. Тіпті жауапты мамандар жарты млрд-тан аса теңгені үнемдеп қалғаны анық­тал­ған. Сөйтсек, іске жауапты мамандар ішінара мемлекеттің үйін саудаға салған екен. Жетісу облысының прокуратурасы бұл істі зерттей бастағанда бірқатар ши­кі­лік­ті анықтады.

­Ел ішіндегі қайғылы оқиғадан кейін Үкімет көпбалалы ата-аналарға барынша көмектесуді тапсырған еді. Осы ретте Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов көпбалалы отбасыларға қала сыртынан су жаңа жер үйлердің кілтін тапсырды. Көп ұза­май әлеуметтік желіде берілген үй­лердің сылағы түсіп, кірпіші дұрыс қаланбағаны жарияланды. Ел ішіндегі дүрмекке қала әкімдігі араласып, әйте­уір шуды лезде басты. Жалпы, «Бере­ке» коттедж қалашығы аталатын тұр­ғын үй массивінде жоспар бойынша 606 үй салынуға тиіс. Бұл үйлердің құры­лысын жүргізген – «ПМК 7 К» құры­лыс компаниясы. Ал енді бүгінде о баста көтерілген мәселенің бекер емес екені айқындалғандай. Әйтсе де талан-тараж­ға түскен халықтың ақшасы кері қайт­пай­тын секілді.

Облыс екіге бөлініп, қалашық Жеті­су­ға тиесілі болған шақта өңірлік проку­ра­тура өкілдері сол үйлерге қайта зерт­теу жүргізді. Осылайша, өңірде мыңға таяу баспана заңсыз беріліп, пәтер ке­зе­гі заңсыз алға жылжығаны белгілі болды. Соның салдарынан 2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылып, нағыз мұқ­таж жандар далада қалып, таныс-тамыр тапқандар оңай олжаға ие болған.

«Үйлер салына бастағанда жа­уап­­ты мамандар бізге осы жерден пәтер аласыңдар деген» еді. Бірақ құрылыс біткенде кезегіміз төмен түсіп кеткенін байқадым. Қала әкіміне хат та жаздық, арнайы ұйымдарға да бардық, бірақ құжат реті солай болды деген жауаптан басқа түк бітіре алмадық. Кейін бұл баспаналардың таныс арқылы алдын-ала үлестірілгенін естіп таң­ғал­дым», дейді көпбалалы ана Зәуреш Ескендірқызы.

Өткен айда облыстың бас прокуроры Мадияр Басшыбаев ақпарат өкілде­рі­мен кездескенде осы мәселе бойынша тексеру жұмыстары жүргізілгенін алға тартқан еді. Тіпті сырты көз сүйін­дір­ген зәулім нысандардың сапасы сын көтермейтінін де айтқан.

«Кейбір баспаналар қағаз жүзінде сапалы болғанымен, іс жүзінде жағдайы мүшкіл. Прокуратура өкілдері 230 үй­дің сапасына тексеріс жүргізіп, жарты миллиардтан аса теңгенің құры­лы­­сы орындалмағанын анықтады», дейді Мадияр Басшыбаев.

Бүгінде облыс прокуратурасы Талды­қорған әкімдігімен бірлесіп 750 пәтерді заңдастырып, 1 400 адам кезекке қайта қойылған. Оның үстіне электронды кезек те жолға қойылып, көпжылғы мәселенің шешімін табудың жаңа жолы қарастырылған. Өкінішке қарай, осы іске қатысы бар 3 әкімдіктің лауазымды тұлғасы мен техникалық қадағалауды жү­зеге асырушы 2 маман қамауға алын­ған.

Баспана мәселесіне үңілсеңіз, жем­қор­лықтың нағыз қазанына бас сұғасыз. Оның басында лауазымды қызмет­кер­лердің тұрғаны да жасырын емес. Қа­зір облыста мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу және сыбайлас жем­қорлық әрекеті де азаймай тұр. Мәселен, құзырлы орган қызметкерлері 16,5 млрд теңгені қолды қылуға ұмтыл­ған­дарға қатысты 5 қылмыстық іс қозғап, осы іске қатысты 15 тұлға құқық қор­ғау­шылардың құрығына түскен. Тіпті кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 420 млн теңгені қонышына тыққан 5 тұлға құрықталып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық прокуратураның белсене араласқанының нәтижесінде 200 млн-нан астам қаржы мемлекет меншігіне қай­та­рылыпты. Қазір осы бағытта жүйе­лі жұмыстар жүріп жатыр.

«Пәтер мәселесі Жетісудың дертіне айналып отыр. Кезек күткен мүмкіндігі шектеулі жандар мен соңынан баласын ерткен әйелдер өте көп. Қала шағын, қаншама үй тұрғызылып жатыр. Қарасаңыз, жағдайлы кісілер мен мемлекеттік лауа­зымды қызметте отырған тұлғалар 3-4-тен баспана алып алған. Бұл – біздің қалада ғана емес, ел бойынша да асқынып тұрған мәселе. Кезекте 10-15 жылдап тұрғандар енді үй алып жатыр. Ойлап отырсаңыз, масқара ғой!», дейді қоғам белсендісі Назым Отаубаева.

Шынында, кейінгі уақытта өңірде үйге қатысты мәселелер желдей гулеп кетті. Заңсыз берілген үйлер, оны заңдастыра алмай дал болған адамдар, кезегі жоғалған ата-аналар, баспанасына тіркеле алмай жүрген тұрғындар – осының бәрі Алматы облысынан қалған күрмеуі қиын мәселеге айналып тұр. Мыңға жуық заңсыз пәтердің басым көпшілігі заңдастырылған, яғни 541-і – пәтер иесіне рәсімделсе, қалғаны мемлекеттік органдар балансына берілген.

«300-дей пәтерге қатысты құжаттар сотқа жолданды. Пәтерлерді заңсыз үлестіру бойынша қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған жауапты тұлғалар да тексеріс үстінде. Мыңнан аса кезек ретке келіп, шын мұқтаж жандардың жа­йына мән берілді. Алдағы уақытта заңсыз үй алған жандардың құжаты толық шешіледі. Бәрі ретке ке­леді деген ойдамыз», дейді жауапты мамандар.

Жетісу облысы прокуратурасының мәлі­метінше, 23 қазанда Талдықорған қаласының сотында «Береке» коттедж қалашығының сапасыз құрылысы барысында заңсыздыққа жол берген кінәлі шенеуніктерге қатысты үкім шы­ға­рыл­ған. Облыстық прокурорлар бұл нысанды салу кезінде жымқыру фактісі бо­йынша қылмыстық істі тіркеп, тергеп-тексеру жүргізген.

Прокурорлық тексеруді бастауға бұ­қаралық ақпарат құралдарындағы құрылысы аяқталмаған үйлер туралы бірнеше жарияланым себеп болды. Қылмыстық істі тергеу шеңберінде мер­дігер келтірілген залалды өтеп, 36 үйді өз қаражатынан салды. Биыл 30 қыркүйекте жергілікті атқарушы орган 25 үйдің кілтін көпбалалы отбасыларға берді. Жақын арада тағы 11 үй беру жоспарланған.

«Сот үкімімен мердігер ұйымның басшысы, құрылысты техникалық қадаға­лау­ды іске асыратын компанияның жұ­мысшылары және тапсырыс беруші – «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің лауазымды тұлғалары Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі, 361-баптың 4-бөлігі және 280-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жазаның әр түріне сотталды», делінген прокуратура хабарламасында. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қазір өңірде осы пәтерге қатысты жайттар анда-мұнда бой көтеріп тұрады. Облыс әкімдігі шамасынша тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Өткен былықты бір жылда ретке келтіру мүмкін емес. Оған кінәлі тұлғалар да қазір мұнда жоқ.

 

Жетісу облысы