Қазақстан • 02 Қараша, 2023

Шектен шыққан шетелдіктер

179 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде шекарадан өткен соң кері оралуға асықпайтын, тіпті жалтаратын шетелдіктерді тәртіпке салатын талап бар. Бірақ Атырауға келген шетелдіктердің дені бұл ережені ескермейтіні байқалады. Шетелдіктердің кейбірі ел шекарасынан заңсыз өтіп, заң талабын бұзып жүр.

Шектен шыққан шетелдіктер

Мәселен, Армения Республикасы­ның азаматы мұнайлы шаһарға 2019 жылы қарашада келген. Көші-қон заңдылығында белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде ел аумағынан шығуға тиіс еді. Алайда шетелдік әйел өз ер­кі­мен елден кетуден жалтарған. Шетел­діктің заңсыз әрекетіне қатысты іс Атырау қаласының әкімшілік құ­қық бұзушылықтар жөніндегі маман­дандырылған сотында қаралды.

«Еліміздің көші-қон туралы заң­на­масын бұзған Армения Респуб­ликасының азаматы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Сот қаулысымен ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 86 мың 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылды», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Өзбекстан Республикасының 44 жастағы азаматы да биыл 21 сәуірде ел шекарасынан заңсыз өт­кен. Оның заңға қайшы әрекетін Құр­манғазы аудандық полиция бө­лімі қызметкерлері анықтап отыр. Тіпті шетелдіктің жеке басын куәланды­ратын құжаты да болмаған. Сөйтіп, ол кодекстің 517-бабының 7-бөлігінің талабын бұзған. Шетелдіктің бұрын ел аумағынан 5 жылға тысқары шы­ғарылғаны анықталды. Сол себептен, көрші ел азаматына қатысты Қылмыстық кодекстің 392-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Құрман­ғазы аудандық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы кінәлі деп танылып, 6 ай мер­зімге бас бостандығынан айырылды. Шетелдікке ел аумағына 5 жыл мерзім­ге келуге тыйым салынды.

Елімізге табан тіреген шетелдіктер жұмыс істеп, табыс табуды көздейді. Алайда бұл үшін жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуға тиіс. Бі­рақ Махамбет ауданына келген Өз­бек­станның 19 азаматы бұл талап­ты белден басып, құрылыста, шаруа қожалығында, көлік жөндеу орта­лығында, асханаларда рұқсатсыз жұмыс істеген. Сол себептен, аудан­дық сотта шетелдіктер тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа қа­тыс­ты 19 әкім­шілік іс қаралды. Ше­тел азаматтарына Әкімшілік құ­қық бұ­зушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бө­лігімен әкімшілік айып тағылған. Сот қаулысымен 19 шетелдік кінәлі деп танылып, әрқай­сысы 86 мың 250 теңгеден әкімшілік айыппұл арқалады.

Осы ауданға келген тағы бір өз­бек­стандықтың ісі сотта қаралды. Ол бұрын еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда ол 2023 жылдың 17 наурызында Қазақстан аумағына жеке мақсатпен келіп, жер­гілікті атқарушы органның рұқса­тынсыз серіктестікке жұмысқа орна­лас­қан. Сөйтіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.

Аудандық сот әкімшілік істі қа­рау кезінде шетелдіктің жасы 63-те еке­нін ескерді. Сол себептен, шетел­дікке әкімшілік қамауға алу жаза­сы қолданылған жоқ. Бірақ сот қаулы­сымен Өзбекстан азаматы кінәлі деп танылып, оған ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.

Полиция қызметкерлері 2 қазанда көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматын анықтады. Оның ішінде 151 шетелдік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 3, 4, 5, 6 және 7-бөлімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Аталған құжаттың 518-бабымен 46 шетелдік жазаланды. Құқық бұзған 6 шетелдік азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылды. Ал жеке басын анықтай­тын құжаттың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 16 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.

Шектен шыққан шетелдіктің бірі – 1984 жылғы азаматтың өз елін­де алимент төлеуден жалтарғаны анық­талды. Ол 2 қазанда түнгі мезгілде қоғамдық орында мас күйінде жүрген. «Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжатын тексерді. Сол кезде оған Өзбекстанда алимент төлеуден жалтарғаны үшін ха­лық­аралық іздеу жарияланғаны анық­талды», деп мәлімдеді полиция депар­таментінің баспасөз қызметінен.

 

Атырау облысы