«Қарашы», деді әйел кісі жолдасына мейірлене күліп, «Мына баланың қазақша сөйлеуін-ай, жарап тұр».
Ер кісі сөйлеген жоқ, бірақ күліп, басын қайта-қайта изеп, қолдайтынын білдіріп өтті. Кетіп бара жатып та, әйел артына қарағыштап қойды.
Баланы мақтағанына емес, мынадай ілтипатты сөзді естігеніме, әйтеуір бір естігеніме таңғалдым. Қуандым. Лезде мұңайдым, әрине.
Ол кісінің таңғалатын жөні бар. Осынау қорқынышты үрдісті өзім де жиі аңғарып жүр едім, мына кісілердің таңырқауы толық растай түсті. Әрі өздері кеше ғана ауылдан келген, қаланы енді ғана көрген кісілер емес, елордалық болғанына біршама жыл болған жандар екені көзге ұрады. Ендеше мұндағы ахуал оларға етене таныс, енді біраз уақыттан соң пайда болған тосын жағдайға таңырқауы, әрі онысын сыртқа шығарып, ашық білдіруі соның айғағы.
Баламыздың тек қазақша сөйлеуі біздің ерен патриоттығымыздан ғана емес, өзіміздің де орысшаға әжептәуір шорқақтығымыздан екенін шамалаймын. Мектепте де, университетте де қатыра қоймадық. Кейін де құнт болмады. Жұрттар бір емес, бірнеше тіл меңгеріп алып жатыр, олар құрлы қабілет бар болар, бірақ қажеттілік аса туындай қоймады. Әлде мұның бәрі саналы түрде соғып отырған сылтауым ба, кім білген?..
Осыдан бес жыл бұрын ел де, елорда да біршама қазақыланып қалды деп есептейтінмін. Тіпті бір кездері қазақша сөйлеу трендке де айнала бастағандай еді. Бірақ айналдырған төрт-бес жылдың ішінде бәрі де апыл-ғұпыл өзгеріп шыға келді. Неге олай болды? Жауап табу қиын. Саябақта жүрсем де, аулаға шықсам да, сауда орнына барсам да ұл-қыздарымен орысша сөйлесіп тұрған қазақтарды көремін. Жоқ, бұлар көптің аз ғана бөлшегі, татымайтындай ғана үлес, әлі-ақ көңілім қалаған қауымды көремін деп жүретінмін. Бірақ уақыт өте келе жорамалымның теріске шығатын түрі байқалды. Келесі жолы басқа дүкенге барамыз, одан шығып әлдебір мейрамханаға бас сұғып ас ішеміз, жолай ойын алаңқайына тоқтаймыз. Үміт сол күйі ақталмайды. Өріп жүрген өңкей қазақ, бірақ бәрі бір-бірімен бөтен тілде түсінісіп жатады. Тілі енді шыққан титімдей балдырғанның өзі орысша сөйлейді, орысша күледі, орысша жылайды.
Үн ортақ, әріп ұқсас дегенмен де, әр тілдің өзіне тән әуезі болмаушы ма еді? Қарадомалақ бала орысша сайрағанда өзіміздің ұлтқа тән дауыс ырғағы біржола жойылады екен. Өзін көрмей, дауысын ғана естіп тұрсаң, ә, мынау Саша ғой дейсің. Саша, Сашалар ғана өстіп сөйлесе керек-ті. Соның дәл өзі. Басыңды бұрып қарап қалсаң, сөйлеп тұрған – Сабырбай. Ал саған керек болса!
– Сабырбай-ау, саған не болған?
Бала ойнап жатады. Оған әлдене деп дауыстап айқайлайсың, ескерту жасайсың, «бері кел» дейсің. Саңқылдап қазақша айтамыз-дағы, басқа тіл білмеген соң. Былай қарасаңыз, өз еліміз, өз мекеніміз, соның өзінде алқа топтың ортасында жалғыз өзің қазақша сайрағанға қарадай қысыла бастайсың. Біртүрлі қолайсыздық жайлайды бойыңды. Өзгелер саған үркеп, үрейленіп, жақтырмай, мазақтап қарап тұрғандай күйді өткересің. Сенің балаңмен бірге асыр салып жүрген өзге ұл-қыздар кемі бір мәрте бетіңе бажырайып таңырқай қарап өтеді.
Бассейнге жазылдық. Алдын ала пысықтап, қазақша сөйлейтін бапкерді таңдаған едік. Сөйтсек, ол жерде жұмыс істейтіндердің бәрі де қазақ тілді мамандар екен. Бірақ қызмет көрсету – жаппай өзге тілде. Аптасына бір рет барғанымызда сол жердегі қызметкерлер ұлымыздың қазақша сөйлегенін қызықтап, риза болысып қалады.
Саябақта серуен құрып жүрген кезімізде әлгі кісінің айырықша таңырқап, «мына баланың қазақша сөйлеуін-ай» деп тамсанған сәтінде жүрегім лүп ете түсіп, біраздан бері сарғайып сартапқа айналған жанымның қалауы орындалғандай, жайнап қоя бергенімді айтсаңызшы. Мына кісілердің де немерелері ана тілінде сөйлейтін шығар деп үміттендім, соңдарынан қарап тұрып.