Президент • 06 Қараша, 2023

Бабалар өсиетін орындау – басты парыз

290 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бас қаламызда түбі бір түркі жұр­­­ты ғана емес, төрткүл дүние на­­­за­р аударған басқосу болды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өт­кен Түркі мемлекеттері ұйымы­ның мерейтойлық X саммитінде ел президенттері түркі интегра­ция­­сы­ның тамырын тереңдетіп, бауыр­лас халықтардың бірлігін бе­кем­деуге қатысты бірқатар ұсы­­ны­сын ортаға салды. «Түркі дәуі­рі!» ұранымен ұйымдастырылған ауқым­­ды іс-шараның маңыздылығы да осында – бауырлас халықтардың болашаққа деген сенімін нығайтып, қарым-қатынасын жан-жақты жан­дандыруға жол ашу.

Бабалар өсиетін орындау – басты парыз

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Басқосуды ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре келіп, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, бедел­ді халықаралық ұйымға айнал­ғанына назар аударды.

– «Түркі әлемінің келе­шегі-2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстаным­дары­на баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүд­делі екенін айта келіп, Қазақстан­ның Ұйым­­ға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін жет­кізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы елі­міз­дің салт-дәстүр (Traditions), бірізден­діру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвес­тиция (Investments), медиация (Mediation), энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, діліміз ор­тақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.

– Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тари­хымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаң­дақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің теле­хи­кая­ларын өзара насихаттау маңыз­ды. Әсіресе балаларға арналған анима­ция­лық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмыл­дыру керек деп есептейміз. Сол арқы­лы жас­тарымызды рухани тұрғыдан жақындас­тыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Президент.

 

Ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі

Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемле­кет­т­ерінің қатар дамуы өте маңызды деп са­найды. Бұл ретте Президент Ұйым­ға мүше елдердің стандарттары мен тер­ми­нологиясын жүйелеуді ұсынды. Сон­дықтан модельдік заң жобасын қысқа мерзім ішінде қарап, оны мақұлдауға шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Бұл бастама тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашады. Ал бірыңғай стандарттар ішкі жалпы өнімді жыл сайын шамамен 1 пайызға арт­тыру­ға мүм­кіндік береді. Қазір елдері­міз­дің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион дол­ларға жуықтады. Биыл ұйым мүшелері арасын­дағы тауар айналымы 22 миллиард доллар­дан асты. Ортақ талаптар бекітілсе, бұл көр­сет­кішті 1,5 есе ұлғайтуға болады. Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйы­мы­ның Рефе­ренттік орталығын құр­ған жөн деп са­най­мын. Бұл орталық өнімді сынау нәти­жел­ерін өзара тануға, сондай-ақ химия және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді.

Президент атаған үшінші басымдық – реформалар. Мемлекет басшысы Ұйым қызметін оңтайландыру және халық­аралық ықпалдастық жөніндегі бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Түркі мемлекеттері ұйымы жанын­дағы Тұрақты өкілдерімізді тағайындау мәселесін тезірек шешуге шақырамын. Сондай-ақ хатшылық қызметкерлерінің санын көбейту туралы ұсынысты қолдаймыз. Түркі мемлекеттерінің сайлау саласындағы ынтымақтастығын нығай­ту қажет. Орталық сайлау орган­дары­ның консультативтік кеңесін құруға болады. Соңғы кезде біздің ұйым­ға ха­лықаралық және аймақтық құрылым­дардың қызығушылығы арта түсті. Біз Экономикалық ынтымақтастық ұйымына байқаушы мәртебесін беру туралы бастаманы қолдаймыз. Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен ынтымақтастық орнатуды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріп­тес­тік арқылы білім және ғылым сала­сын­дағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше ел­дер­дің басшыларына әлемдегі үздік уни­вер­ситеттердің филиалдары мен тіл үй­ре­тетін бөлімдер ашуды, бірлескен ғы­лыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.

– Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенім­ді кепілі. Қару-жарақ және есірткі сау­да­сына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбей­ді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтуымыз керек. Осы орай­да мен келесі жылы Астанада мем­ле­кеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Медиацияның рөлін арттыру қажет

Мемлекет басшысы инвестицияны алтыншы басымдық ретінде атады. Әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады.

– Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін «жасыл қаржы» нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі «жасыл қаржы» кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы ортал­ығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғы­сымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Б­атыс­та белең алған заңсыз көші-қон мәсе­ле­сін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қам­та­м­асыз ету басты міндет екенін айтты.

– Осы орайда Қазақстаннан Палестина хал­қына 1 миллион доллар көлемінде гума­нитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зом­былық көрсету және лаңкестік әдістер ар­қылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын емес. Осындай кезде Бас Ассамблеяның рөлін күшейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет, – деді Президент.

 

«Жасыл энергетика» саласында бірігу маңызды

Сегізінші басымдық – энергия. Бұл мәселеге айрықша тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің осы саладағы бастамалары жөнінде баяндады.

– Қазақстан жаңа қуат көздерін дамы­туға, жаңғыртуға және оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Біз геологиялық барлау, қуат өндіру істеріне озық тәжірибені және технологияны енгізуге айрықша көңіл бөлеміз. Мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Мен биыл Қазақстанда Халықаралық энергетика форумын өткізуді ұсындым. Көтерілген мәселелерді форум кезінде кеңінен талқылауға болар еді. Қазақстан климаттың өзгеруіне және тұрақты даму қағидаттарына баса мән береді. 2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне арналған аймақ­тық саммит өткізу жоспарланып отыр. Түркі бауырларымыз бұл бастамаларды қолдайды деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­ды­лай келе, түркі мемлекеттерінің басшы­ларын бірлікке шақырды. Қауіп-қатер­лерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аударып, оның бәрі түркі әлемін өркен­детуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Сонымен қатар саммитте ұйымның қазіргі төрағасы – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Прези­денті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республи­касы­ның Президенті Садыр Жапаров, Түр­кия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрік­менстан Халк Маслахатының төр­ағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажар­стан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хат­шысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұйымға бірқатар мақсат-міндет жүктеді. Бұдан бөлек, маңызды құжаттарға қол қойылды. Басқосуда Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемі­нің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

Жиын қорытындысының жарғысына сәйкес мемлекеттер басшылары 12 құжатқа қол қойды. Атап айтсақ, Астана актісі, Түркі мемлекеттері ұйымы Х саммитінің декларациясы, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы мемлекеттер басшыларының шешімі бар. Сондай-ақ қол қойылған құжаттар қатарында – Түркі әлемінің қаржы орталықтары мәртебесін беру туралы мемлекеттер басшыларының шешімі, Түркі ынтымақтастығы ұйымдары­ның жаңа туларын қабылдау туралы шешімі, Тағайындаулар туралы мемлекеттер басшыларының шешімі, Эконо­микалық ынтымақтастық ұйымына Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушы мәрте­бесін беру туралы шешім, 6 ақпанды Табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні деп бекіту туралы шешім, Түркі мем­лекеттері ұйымы Хатшылығының бюд­жетін басқару ережесі туралы шешім, «Түркі мемлекеттері ұйымы Тұрақты өкіл­дері жөніндегі ережені» әзірлеу туралы шешім, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің тиісті мекемелері арасындағы метрология саласындағы ын­ты­­мақтастық туралы хаттама мен Түркі мемлекеттері ұйымының 2023-2027 жыл­дарға арналған көлік байланысы бағ­дарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бар.

Сонымен ұйымның төрағалығы Қазақ­стан­ға табысталды. Түркі жұртының татулы­ғы мен бірлігі үшін жауапты міндетті алған елі­міздің алдында үлкен жұмыс тұр. Ендігі жерде түркі интеграциясының басым бағыт­тарын бағамдаудан бөлек, отандық дипло­маттардың күш-жігері Транскаспий көлік дә­лізінің қайта іске қосылуымен және ло­гис­тикалық әлеуеттің іске асыры­луы­мен айтарлықтай өсетін сауда-эконо­м­икалық ынтымақтастық деңгейін артты­руға септігін тигізуге тиіс. Еліміз Түркі мем­лекеттері ұйымының негізгі қатысу­шы­лары­ның бірі бауырлас халықты бір мүдде­ге тоғыстырып, қауіпсіздік пен тұрақ­тыл­ықты берік сақтануға шақыра бермек. Түркілер түгел тізе қосып, сын-қатерлерді жұмыла көтеруді мақсат тұтатын ұйымның жұмысы жемісті болу үшін қазақстандық дипломатияның көшбасшылығы мен беделі оң нәтиже берері анық.