Кездесудің алғашқы минутынан екі команда бірден шабуылға көшті. Биыл чемпиондық атаққа қол жеткізген шымкенттік клуб кубокты алуды алдына меже етті. Ал ел біріншілігінде сегізінші орынды місе тұтқан қостанайлық клуб алдағы жылы Еурокубокта сынға түсу үшін кубокты жеңіп алуы қажет еді. Бірінші кезеңде екі команда шабуылға көбірек шықты. Десе де таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де командалар гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Нәтижесінде, ойынның 67-минутта Ислам Чесноков мергендік танытты. Осылайша, «Тобыл» қарсыласынан 1:0 есебімен жеңіп, ел кубогының иегері атанды.
Мұндай атаққа қостанайлық клуб соңғы рет 2006 жылы қол жеткізген еді. Енді олар алдағы жылы Еуропа лигасында екінші іріктеу сатысынан сынға түседі.
Ал «Ордабасы» Чемпиондар лигасында ел намысын қорғаса, «Астана» мен «Ақтөбе» Конференция лигасында бақ сынайды.
Ойыннан кейін Кубок иегерлерін Қазақстан кәсіби футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян құттықтап, рахметін айтты.
– «Тобылды» финалдағы лайықты жеңісімен құттықтаймын. Әдемі ойынымен жанкүйерлерге футбол мерекесін сыйлаған командаларға, ең бастысы, қолдауға келген мыңдаған жанкүйерге рахмет айтқым келеді. Сіздердің арқаларыңызда Қазақстандағы футболға деген қызығушылық дамуда. Сіздердің шынайы қолдауларыңыз, біздің командалар мен ойыншылар үшін басты сыйлық, – деді Р.Гарибян.
Айта кетсек, Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін «Қайрат» 9 мәрте кубокты төбесіне көтерді. «Жеңіс» (Астана) пен «Астана» – 3, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) – 2, «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Ақтөбе», «Алматы», «Тобыл» (Қостанай), «Достық» (Алматы), «Елімай» (Семей) бір мәртеден кубок иегері атанды.