Әдеттегідей таңертең еліміздің Әнұраны орындалды. Аудан тұрғындары өз әкімдерін өздері тұңғыш рет сайлап тұр. Сондықтан да барлығы дерлік жауапкершілік танытуға тырысты.
– Біздің аудан осы сайлауға қатысатын 45 қанатқақты өңірдің қатарында екенін білген бойда дайындықты бастадық. Бұл – өте маңызды жоба. Ол қоғамды демократияландыру жолындағы прогрессивті өзгерістерді және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көрсетеді. Бүгінде 44 сайлау учаскеміздің барлығы дер кезінде ашылды, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біздің азаматтар бұл күнді асыға күтті, дауыс беруге белсенді қатысып жатыр, – деді Глубокое ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ксанна Сарычева.
Глубокое ауданында барлығы 39,5 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Еске сала кетейік, мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау енгізілетінін мәлімдеген болатын.
Алтай қаласындағы мектеп-лицей базасында орналасқан №636 сайлау учаскесінде де таңнан бері сайлау науқаны қызу жүріп жатыр.
– Жаңа әкімнің жастарға көбірек көңіл бөлгенін қалаймын. Қаламыз бен ауданымызды өркендетсе екен дейміз, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әнел Сапарғалиева.
Сонымен қатар №636 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып жергілікті кен байыту зауытының жұмысшылары Ислам Марценюк пен Александр Трошков өз таңдауын жасады. Олар мұндай форматта алғаш рет өткізіліп отырған сайлау үлкен үміт беретініне сенім білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы