Сайлау • 05 Қараша, 2023

Ертеңге деген сенімнің көрінісі

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5 қарашада Ақмола облысында аудан әкімдерінің сайлауы қанатқақты режімде 5 ауданда – Ақкөл, Астрахань, Есіл, Жақсы, Шортандыда өтті. Сайлауға жалпы 12 үміткер өз кандидатураларын ұсынды.

Ертеңге деген сенімнің көрінісі

Үміткерлер арасында бүгінде әкім лауазымында жүргендер де бар. Сайлау науқанына бір облыстық, 5 аумақтық сайлау комиссиялары мен 159 учаскелік комиссия жасақталған. Сайлау комиссияларының 887 мүшесі қатысты.

Сайлаушыларды барынша хабардар ету үшін облыс әкі­мінің сайтында «өз сайлау учас­кең­ді тап» сервисі, 5 ауданда және облыс орталығында колл-орталықтардың жұмысы (109 нөмірі), «Кaspi Bank» сервисі арқылы SMS жіберу, «Halyk Bank»-те «өзіңді тексер» сервисі ұйымдастырылған, бұдан басқа әрбір аудандық комиссияда Facebook әлеуметтік желісі бар, онда сайлау науқанының барысы көрсетіледі.

– Шортанды ауданында бар­лы­ғы 19 586 сайлаушы бар. Сағат 12.00-ге дейін саулау­шы­лардың 7 898-і дауыс беріп үлгерді. Ел осы сайлаудан үлкен үміт күтіп отыр. Әсіресе аға буын өкілдері белсенділік танытты, – дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Атабаев.

Мүгедек жандар үшін әр учаскеде барлық қажетті бұ­рыштар дайындалып, дауыс берулері үшін ыңғайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар, әр ауданның сайлаушыларына дауыс беру кезінде электрондық куәліктерін әкелуге болатындығы туралы ескертілді.

– Ауданда 35 сайлау учаскесі бар, онда 183 адам қызмет көрсетіп жатыр. Сағат 11.00-де 15 053 сайлаушының 6 729-ы дауыс берді. Өз таңдауын жасауға асыққан ардагерлер де аз емес. Мәселен, 93 жастағы Николай Колесников, 70-тен асқан ел ағасы Егінбай Оспанов таң сәріден келіп дауыс берді. Ардагерлердің ел болашағына алаңдаған ақ пейілдері жастар үшін өнеге емес пе?! Кейбір сайлау учаскелерінде аздаған кезек те болып жатыр. Бұл көрініс адамдардың жауапкершілігі мен ертеңге деген сенімін көрсетеді, – дейді Астрахань ауданындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Балташ Сағынаев.

Сайлау комиссияларының барлық мүшесі тиісті дайын­дық­тан өткен және сайлау өткізуге дайындалған, бар­лық учаске қажетті құрал-жаб­дық­тармен то­лық қамтама­сыз етілген. Өңірдегі сайлау учаскелерімен хабарлас­қа­ны­мызда жұмыстың бірқалыпты өткізіліп жатқандығын хабарлады.

– Сағат 16.00-ге дейін өңірдегі барлық сайлаушылардың 58,81 пайызы дауыс берді. Жақсы және Шортанды аудандарындағы сай­лаушылардың белсенділігі жоғары, – деп мәлімдеді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов.

 

Ақмола облысы