Құқық • 05 Қараша, 2023

«Qnet»-ті ұйымдастырушы сотталды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының №2 сотында қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру айы­бымен ақтөбелік келіншекке қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Qnet»-ті ұйымдастырушы сотталды

Айыпкер орындығында отырған орта жастағы келіншек Ақтөбе және Хромтау қаласында халық­ара­­лық ұйымның тәуелсіз өкілі ретін­де тіркеліп, 2019 жылдың қаңта­ры­нан 2022 жылдың маусымына дейін «Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Басында өзін желілік маркетинг өкілі ретінде таныс­тырып, жұрттың сеніміне кіргеннен кейін оларды аз уақытта орасан зор кіріс әкелетін «Qnet» компаниясына қаржы салуға үгіттейді. Екі жарым жыл ішінде 25 адам осы ұйымның кеңсесіне 37 миллион 463 мың теңге әкеліп берген. Уәде етілген мерзімде инвестициялық табыс қолға тимеген салымшылар құқық қорғау органдарына шағымданады. Сотта белгілі болғандай, пирамидаға алданған көп­­шілік екінші деңгейлі банктерден несие алып, компанияның кеңсесіне қолма-қол ақша түрінде әкеліп тап­сырған.

Қылмыстық іс бойынша айыптал­ған келіншек өзіне тағылған кінәні толық мойындап, ісіне өкінетінін айтты. Асырауында жас сәбиі бар екендігін, зардап шеккендердің қар­жысын өздеріне қайтарып бергенін алға тарта отырып соттан жазасын жеңілдетуді сұрады. Сот оның қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеуге жаза кесті. Сотталушы жаза мерзімін өтеп болғаннан кейін де коммерциялық ұйымдарда жеті жыл мерзімге дейін лауазымды қызмет атқара алмайды. Алайда судья сотталушының асырауында 4 жас­тағы баласының барын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жаза өтеу мерзімін 5 жылға кейін қалдырды.

Сондай-ақ Ақтөбе қалалық №2 сотында «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасы бойынша да қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл іс бойынша бірнеше айыпталушы бар, ал зардап шеккендер саны өте көп.

 

Ақтөбе облысы