Қоғам • 06 Қараша, 2023

Тәркіленген есірткі құны – 4 миллиард теңге

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Батыс Қазақстан облысының полициясы көліктегі полициямен  және  прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде    құрамында көкнәр сабаны мен апиынның қоспалары бар тағамды  шетелден жеткізушілердің  жолын кесті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тәркіленген есірткі құны – 4 миллиард теңге

Фото: polisia.kz

«Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қолдауымен құрылған жедел-тергеу топтары Орал, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларының аумағында Алматыда апиын көкнәрін сатып алып, оны еліміздің батысында сатқан сегіз адамды ұстады. Есірткі трафигін Шымкент қаласының 50 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол Ақтөбе мен Оралдағы төрт дүкеннің иесі болып шықты. Сол арқылы күдікті есірткі жасауға арналған көкнәр сабаны мен өнеркәсіптік еріткішті сатқан. Полиция бір мезгілде Астана, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Рудный қалаларында 35 тінту іс-шарасын жүргізіп, күдіктілерді ұстады», деп мәлім етті ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Сонымен қатар «Орал қаласында жүргізілген тінту кезінде екі дүкеннен 13 қап кептірілген көкнәр сабаны, еріткіші бар қораптар, таразылар, есірткі саудасынан алынған ақша ағындары тіркелген кассалық журналдар тәркіленді. Ақтөбеде тағы 68 қап көкнәр сабаны, еріткіші бар қаптамалар, кассалық журнал және қылмыскерлер есірткі тасымалдайтын Toyota Highlander жол талғамайтын көлігі тәркіленді. Шымкентте қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы ұсталды. Оның үйінен есірткі саудасының қаржы ағындары тіркелген алты кассалық журнал, бес қап кептірілген көкнәр сабаны, «Toyota Land Cruiser Prado 150» жол талғамайтын автокөлік, сондай-ақ DAF ауыр жүк көлігі табылды. Алматыда қылмыстық топ мүшелерінің бірі жалға алған қойма үй-жайларына тінту жүргізілді. 22 тоннадан астам көкнәр сабаны, сондай-ақ BMW X5 автокөлігі табылып, тәркіленді. Бір мезгілде көлік полициясы Астана, Алматы, Қостанай және Рудный қалаларында апиын көкнәрін сату бойынша ортақ отбасылық қылмыстық бизнесті жолға қойған жеті фигурантты ұстады. Жүргізілген арнайы операциялар нәтижесінде қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Олар 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 104 тоннадан астам көкнәр сабаны, 600-ден астам «тропикамид» және «мидекс» дәрілік препараттарының бөтелкелері, шамамен 5 млн теңге, 4 автокөлік және DAF ауыр жүк көлігі тәркіленгені» жазылған ақпаратта. Есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің өкілдері қырағы қимылдаудың нәтижесінде айналымға енуге шақ қалған апиынның бір реттік қолданатын 1 миллионнан аса дозасы жойылды. Есірткі өнімінің жалпы құны  - 4 миллиард теңге.